Бүгін құрамында медициналық ұйымдардың дәрігерлері мен өкілдері, туристтік агенттіктердің жетекшілері бар Қырғыз елінің делегаттары медициналық туризм Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында болды.

Делегаттар алдымен орталықтың онкология, гематология, сәулелі диагностика (ангиография, КТ, МРТ), дәрі-дәрмектерді дайындау, кардиохирургия, реанимация, аферез зертханасы, клиникалық трансфузиология бөлімін аралап көріп, науқастарды емдеу шараларымен, клиниканың тыныс-тіршілігімен танысты. Сонымен қатар, қонақтарға палаталар, ойын бөлмелері, жазғы ойын алаңдары, сабақ оқитын, бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік беретін инновациялық смарт-сыныбы таныстырылды.

Кездесу барысында делегаттар көпсалалы медициналық қызмет көрсететін орталықтың материалдық-техникалық мүмкіндігі, сапалы қызметі мен дамуына жоғары баға беріп, медициналық туризмді дамыту бойынша онкологиялық дертке шалдыққан балаларды емдеу мен диагностикалауға, әсіресе, сүйек кемігін трансплантациялауға қызығушылықтарын білдірді.

«Бүгінде медициналық туризм табыс көзіне айналды және әлемде бұл сала қарқынды дамып келеді. Қырғыз елі үшін сапалы және қолжетімді медициналық көмекті алыс Корея, Түрік елінен гөрі, Қазақстаннан алған барлық жағынан әлдеқайда тиімді: біріншіден құны жағынан, екіншіден жақын, пациенттерді жеткізу 2 сағат уақытты ғана алады, үшіншіден тілдік мәселе жоқ, төртіншіден оңалту мәселесі де шешілген. Педиатрия орталығында да халықаралық талаптарға сай медициналық қызмет алу мүмкіндігі барына көзіміз жетті. Бізді әсіресе, балалардың оңалту жайы қарастырылғаны, онкологиялық ауруларға шалдыққан балалардың арнайы   клиникалық шипажайында демалатындығы қуантты. Республика бойынша медициналық көмек көрсететін орталық қызметінің көпсалалығы, мамандар біліктілігі біз үшін ең маңызды. Педиатрия орталығы екі ел арасындағы медициналық туризмді дамытуға ниетті болады деп сенеміз», деді қонақтар.

Өз кезегінде орталық басшылығы екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыруға, әрқашан көрші ағайын елге көмек беруге әзір екендігін жеткізді.  

Делегаттар Қазақстанға сапары аясында Алматыдағы бірнеше ірі клиникаларда болмақ.

«Педиатрия және балалар

хирургиясы ғылыми орталығы»

баспасөз қызметі