Баспасөз мәслихатында алғашқы болып сөз алған Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрайымының міндетін атқарушы Жанар Сауранбаеваның айтуынша, ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының аясында қазіргі таңда Қазақстан Республикасында босандыру мен балалық шақ қызметінің тиімділігін арттыру бойынша бірік­тірілген үлгіні енгізу жөніндегі Жол картасы жүзеге асырылуда. «Балалар денсаулығын қорғау денсау­лық сақтау саласының, мемлекет пен қоғамның ең өзекті және ең маңызды мәселелерінің бірі. Себебі, балалардың денінің саулығы ересектер денсаулы­ғының әлеуетін қалыптастырудың іргелі негізін құрайды. Еліміз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ана мен баланың бірге болуы, тек қана емізу, күні жетіп туған және ересек балаларды ба­ғып күтуге жіберуге арналған «Қауіпсіз ана» стра­тегиясын қабылдады. Қазақстанда Орталық Азия­дағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен салыстырғанда бір жасқа дейінгі балалар өлімі (7,9  пайызы) нәрестелер өлімі көрсеткіші деңгейінен 1,2 есеге төмен. Бұл басқосуда, сондай-ақ, соңғы он жылдағы педиатриялық қызметтің барлық саласы бойынша қол жеткізілген жетістіктер де аталып өтті.

Елімізде балалардың туабіткен даму ақауын (әрі қарай – ТДА) жатыр  ішінен анықтап қана қоймай, сонымен қатар жүкті әйелдерді емдеу әдісін жүр­гізуге мүмкіндік беретін перинаталдық диагнос­тикалау жетілдірілуде. ТДА-дан болатын 1 жасқа дейінгі бала өлімі соңғы 10 жылда 1,5 есеге азайған. Бұл перинаталдық диагностиканың жақсаруына және жедел араласу әдістерінің жетілдірілуіне байланысты, дейді мамандар.

– «ТДА бар нәрестелердің өміршеңдігі 86 пайызды құрайды. Жоғары білікті хирургтар асқазан-ішек жолдарының ТДА бар балаларға, гепатобилиар жүйесінің, кеуде бөлігінің ауруларына күрделі оталар, урологиялық және абдоминальдық патологияларға шағын инвазивті бейнеэндоско­пия­лық араласулар жасайды. ТДА, полипоз, Гиш­прунг аурулары кезінде 98% жағдайда сауығуға мүмкіндік беретін хирургиялық емдеудің бірегей әдістері әзірленді. Реконструктивті проктопластика әдістері операциядан кейінгі асқынулар санын 3 есеге азайтты, 96% балаларда ұзақ мерзімді оң нәтижелер бар. Бұл көрсеткіштер республикада балалар кардиохирургиялық қызметінің дамып келе жатқандығының жарқын мысалдары. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы бойынша туабіткен жүрек ақауы бар балаларға арналған 145 төсек орынды кардиохирургиялық және осы науқастар үшін 28 төсек-орынға арналған кардиохирургиялық реанимациялық бөлім ұйымдастырылған. Жыл сайын орталықта ашық жүрекке 2000-нан астам ота жасалады екен. Соның ішінде 3-4 күрделі деңгейде болса, 500-ден астам рентгенэндоваскулярлық же­дел араласулар арқылы жасалынады. Ретинопа­тияға шалдыққан шала туылған балаларға хирур­гия­лық көмек көрсету де жақсы нәтижелер. 4-5 сатыдағы шала туылғандар ретинопатиясының белең алуы тек 5,3 пайызды құрайды. Бұрындары осы балалардың барлығы мүгедек болып қалатын, деді Педиатрия орталығы басшысының міндетін атқарушы Ж.Сауранбаева.

Ал ПБХҒО басшысының педиатрия жөніндегі орынбасары Гүлнар Әбділова Қазақстан Респуб­ликасында балалар онкологиялық және гемато­логиялық қызметін жетілдіру бойынша Жол кар­тасы және балалардағы сирек (орфандық) ауру­ларды диагностикалау мен емдеудің жаңа стан­дарттарын енгізу бойынша Жол картасы жүзеге асырылып жатқандығын жеткізді.

Баспасөз мәслихатында, сонымен қатар аку­шерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығының жаңа туған нәрестелердің қарқынды терапиясы бөлімінің меңгерушісі Гүлайым Байтанаева, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың доценті, осы орталықтың неонатолог дәрігері Г.Алтынбаева, туабітті ақаумен өмірге келген сәбилерге көрсетілетін хирургиялық көмектің сапасы, 500 грамнан жоғары салмақта өмірге келген сәбилердің денсаулығы, өмір сүру көрсеткіші, осы салада қызмет етіп жүрген неонатологтар мен акушер-гинекологтардың еңбегі туралы, педиатрия факультетінің қайта ашылуы еліміздегі педиатрия саласының бұдан да дамып, жетілуіне септігін тигізетіндігін тілге тиек етті.

Жиында Педиатрия орталығында жатқан ата-ана­лар атынан сөз сөйлеген Татьяна Севаль­никова: – «Менің балам қазан айынан бері онко­логия бөлімінде ем алып жатыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, дәрігерлерге алғысымды білдіргім келеді. Орталықтың мамандарына дән ризамын. Мұндағы дәрігерлер өзі ісінің білікті мамандары. Әр балаға мейіріммен, жанашырлықпен қарайды. Тегін ем алып жатырмыз. Ем шетелдік протокол бойынша жүргізіледі. Балалар мен ата-аналар үшін барлық жағдайлар жасалған. Ата-аналарға айтарым, сенімдеріңізді жоғалтпаңыздар. Үміт оты сөнбесін!»,  – деп тілегін білдірді.

Орталық мамандары үшін бұдан артық марапат жоқ шығар, сірә.

Әр адамның өмірінің жалғасы балалар ауырмасын.

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ.