Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан педиатрлар одағы, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының ұйымдастыруымен Алматыда онкогематологиялық қызметтің 25 жылдығына орай «Қазақстандағы медициналық туризмді дамыту және Балалар онкогематологиялық қызметінің дамуына 25 жыл: жетістіктері мен келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Жиынға Ресей, Түркия, Швейцария, Беларусь, Украина, Қырғыстан, Тәжікстан және т.б. 12 елден әлемнің ең мықты деген онколог-дәрігерлері мен онкология және гематология саласының жетекші мамандары қатысты. Конференцияда онкологиялық және гематологиялық ауруларға шалдыққан балалар мен жасөспірімдерге мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру аспектілері, балалар жасындағы онкологиялық және гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің бүгінгі инновациялық технологиялары, онкологиялық және гематологиялық ауруларға шалдыққан балалар мен олардың отбасыларына психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері және ерте анықтау мен емдеудің өзекті мәселелері талқыланып, шетелдік ғалымдар өз тәжірибелерімен бөлісті.
Елімізде балалар онкологиясын емдейтін екі республикалық орталық бар. Оның бірі – Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы болса, екіншісі – Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы. Балаларға диагностикалық және емдік көмек көрсететін онкологиялық және гематологиялық бейіндегі Педиатрия орталығындағы бөлім 115 төсек-орынға арналған. Педиатрия орталығындағы балалар тегін емделеді. Мемлекет қажетті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етіп отыр.
Жиында балалар онкогематологиялық қызметінің жетістіктері мен келешегі туралы арнайы баяндама жасаған Педиатрия орталығының директоры Риза Боранбаева: «Қазіргі кезде Педиатрия орталығында балалардағы барлық қатерлі ісіктерге емдеу жүргізіледі. Соңғы 25 жыл ішінде балаларға онкогематологиялық көмек беру жетістігі әлемдік емдеу деңгейіне жетті. Қазақстанда балалар онкогематологиялық қызметінің ашылуымен, соңғы 25 жылдағы дамуы жіті лейкозға шалдыққан науқастардың өміршеңдігін жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Ақ қан ауруына шалдыққандардың 82 пайыздан астамы, ал қан ауруының ең қауіптісі саналатын миелойдты түрінің 62 пайызы жазылды. Балалар онкогематологиялық орталығының 25 жылдық тарихында көптеген жоғары білікті мамандар даярланды. Жіті лейкоздар мен тығыз ісіктерді диагностикалау мен емдеудің заманауи бағдарламалары енгізілді. Балалар жасындағы күрделі қан ауруларын диагностикалау мен емдеудің жаңа технологиялары сәтті меңгерілуде. Оның ішінде 2012 жылдан балалардағы гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау енгізілді. 2012 жылдан бері сүйек кемігінің ішіндегі аллотрансплантация және аутотрансплантация отасы 70-тен аса балаға жасалды. Көрсетілетін медициналық қызметтерге қолжетімділік пен сапасы жақсаруда. Балалардың оңалту жайы да қарастырылған. 4 жылдан бері онкологиялық ауруларға шалдыққан балалар «Алатау» республикалық клиникалық шипажайында демалады. Республикамызда «2016-2020 жылдарға арналған балалар онкологиялық және гематологиялық қызметін жетілдіру» жол картасы іске асырылуда. Орталық мамандары алыс және жақын шетелдерде тағылымдамалардан өтеді. Қазір диагностикалау, ерте анықтау әлдеқайда жақсарды. Балалар онкологиялық және гематологиялық қызметінің біздің елімізде дамуы көптеген кішкентай балалардың сауығып кетуіне мүмкіндік беріп отыр», – деп атап өтті.
Онкогематологиялық қызметтің қалыптасу жылдарында Педиатрия орталығы көптеген алыс және жақын шетелдік орталықтармен ынтымақтастық байланыста қызмет жасап, соның нәтижесінде ісіктер мен қан ауруларының күрделі түрлеріне шалдыққан науқастарды диагностикалау мен емдеуде консультациялық-практикалық көмектер көрсетілді, жас мамандар шетелдік орталықтарда біліктіліктерін арттырды. Сондай-ақ шеберлік сыныптарға қатысуға мүмкіндік алды.
Конференция барысында Қазақстандағы балалар онкогематологиялық қызметінің ашылуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан дәрігерлер Алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ 25 жылдан бері клиникаға қолдау білдірген шетелдік әріптестердің еңбектері де атап өтіліп, оның бірқатарына Алғыс хаттар табысталды.
Нұрлан ҚҰМАР