Білікті хирург Нұрлан Нұркенұлы медицина саласында 36 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Осы жылдар ішінде 10 000-нан астам ота жасап, қаншама баланың өмірін аман алып қалған. Ол отаның 21 түрін Қазақстан республикасында алғаш рет енгізген. Медицина ғылымдарының докторы Нұрлан Нұркенұлы 21 өнертабыс пен алдын ала берілетін патенттердің, 2 рационализаторлық ұсыныстың және 290-нан астам ғылыми еңбектің авторы.
Нұрлан Ахпаров медицина ғылымына қосқан үлесі үшін Еуропаның ІІІ Александр орденімен марапатталды. Бұл сыйлықты әлем бойынша 17 адам ғана алған. Айтулы марапат «EuroMedica-2018» Еуропалық Конгрессте (Hannover, Deutschland) табысталған. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Нұрлан Ахпаровпен сұхбаттасудың сәті түсті.
— Нұрлан аға, сізді медицина қызметкерлері күнімен құттықтаймын! Әңгімемізді медициналық біліміңізден, өткерген қызметіңізден бастасақ…
— Мен Алматы медицина университетін бітіргенмін. 1982 жылдан бастап балалар хирургиясында жұмыс істеп келемін. Мінеки, тоқтаусыз 37 жыл істеппін. Мен оқу бітіргеннен бастап травматология, күйік шалу, шұғыл хирургия, урология, жаңа туған нәрестелер, ортопедия, жүйке жүйесі сынды хирургияның түрлі салаларында жұмыс істедім. Жалпы кеңестік дәуірде оқыған ұрпақтардың бәрі солай болатын. Өйткені, ол кезде хирургтер өте аз болғандықтан, біз хирургияның барлық саласына көмектесетінбіз. Ал қазіргі таңда хирургияның әр саласы бойынша жеке-жеке мамандар дайындалып жатыр. Негізі осылай дұрыс деп ойлаймын. Себебі, хирургияның әр саласын меңгеру өте қиын. Егер маман белгілі бір сала бойынша жұмыс істеп, сол саланы зерттеп, зерделесе, ол маман өз ісінің кәсіби шебері болады. Сондықтан да мен осы мәселені бүгінгі білім алушыларға ерекше ескеремін.
— Қазіргі медицинада болашақ хирургтер қалай дайындалып жатыр?
— Мен Кеңестік жүйе бойынша білім алғаным үшін өзімді бақытты санаймын. Өйткені, сол кезеңде алған білімім өмірлік азығыма айналды. Негізгі жалпы хирургияны оқып, кейін жұмысымыз белгілі бір саласына тоқталғасын, сол саланың соңына түсеміз. Дегенмен, қазіргі білім жүйесі біздің оқыған кезеңімізге жетпейді. Ол заманның мамандары расында кәсіби шебер еді. Олар өз жұмыстарын жақсы көрген. Өзі жақсы көрген сала болғандықтан өз білгендерің өзгелерге өзгеше ықыласпен жеткізетін еді. Басқа емес медицинада ол жақсылықтың нышаны саналады.
Бүгінгі оқу процесінде ерекшеліктер жетерлік. Мәселен, егер маман халықаралық тілдерді білсе, шетелдік мамандармен араласуға және ашық тәжірибе алмасуға мүмкіндік өте жоғары. Ал біздің кезімізде тіпті баратын жерде жоқ болған. Асып кетсе Мәскеуге баратынбыз. Қазір Америка, Еуропа болсын мамандарымен ғаламтор, не белгілі бір бағдарламалар арқылы араласып, тәжірибе алмасуға мүмкіндіктер өте көп. Жастар үшін барлық жағдай жасалған. Болмаса қандай да бір мақаланы оқып, сараптап, зерделеуге де мүмкіндік өте жоғары. Бірақ қалай дегенмен де білімнің негізгі іргетасы берік болуы керек.
— Оқуды жаңа бітіріп келген жас маманға ота жасау үшін қаншалықты тәжірибе керек?
— Әрине, біздің жас мамандарды Еуропа, Америкамен елдерімен салыстыра алмаймыз. Бітіре салып мықты маман шығады деп те айта алмаймын. Оның бәріне уақыт, тәжірибе керек. Дегенмен тәжірибе жинап, өз саласын меңгеру үшін бар болмысымен берілу керек. Біздің елде жас мамандардың алатын айлығы 100 мыңға жетер-жетпес. Ал мұндай айлық отбасын асыруға жетпесі анық. Осыдан кейін ол маман қосымша жұмыспен айналыса бастайды. Хирургия саласына аса ден қоя алмайды. Айлығы аз болса да ата-анасы көмектесіп, қолдап тұратын жас мамандар бар. Міне, сондай жағдайда жаста болса одан мықты маман шығуы мүмкін. Дегенмен, мықты мамандардың мықтылығын көрсетуіне кейде әлеуметтік мүмкіншіліктері кедергі келтіріп жатады.
Хирургия — ол да үлкен өнер. Оған адам бар жан-тәнімен кірісу керек. Өйткені, хирургия медицинаның ең ауыр әрі өте жауапкершілікті қажет саласы. Ал мамандардың бар назарын тек науқастарға аударып, сол саланың биігіне шығу үшін, олардың көңілі тоқ болу керек. Ол мамандарды отбасын қалай асыраймын деген ой мазаламау қажет. Егер науқасқа ота дұрыс жасалмаса, онда ол адам өледі, не болмаса өмір бойы зардап шегеді. Сондықтан аса жауапкершілікті қажет ететін бұл салаға мемлекет те жауапкершілік танытуы керек. Биылғы жылы дәрігерлердің жалақысын көтеріп жатқаны қуантарлық жағдай болды.
Ал менің жас кезімде өз мамандығымды еркін меңгеруіме мүмкіншілік болды. Өйткені отбасым көмектесті. Жұбайым мамандығымды қолдады, түсінді. Кандидаттық, докторлық дисертация жазуыма, қорғауыма мүмкіндік болды. Тіпті Мәскеу қаласына барып, тәжірибе алмасқанымда да, отбасыма алаңдамай, емін-еркін жүрдім. Әлде айлығымыз отбасыма емін-еркін жетті ме, әлде ол кезеңде өмір басқаша болды ма, кім білсін?! Жалпы айтарым, ауыр да жанкешті жұмысты атқаратын дәрігерлер үшін отбасының қолдауы да өте маңызды.
— Жалпы маманның мықты хирург болып қалыптасуына қанша уақыт керек?
— Жас мамандарда әртүрлі болады. Бірі ұялшақ болса, екіншісі өжет дегендей. Біліктілік жас маманның қандай ортаға және кімнің қолына түсетіндігіне байланысты. Мәселен, Америкада танымал ұстаз, профессор Борсаның шәкірті деп ауыз толтырып айтып жатады. Егер сондай білікті маманның қолына түскен адам міндетті түрде мықты маман болып қалыптасады. Егер сондай кәсіби маманның қол астына жұмысқа кіріп, ұстазының, ортасының біліктілігін мықты меңгерсе, 35 жастың өзінде-ақ кәсіби маман ретінде қалыптасады. Қанша жыл жұмыс істесе де өз мамандығын толық меңгермей кететіндер де болады. Ол адамның өзіне байланысты. Егер сен хирургия саласын таңдадың ба, оның ащысы мен тұщысына көнуің керек, сонда ғана сенен мықты маман шығады.
— Сіздердің орталықтарыңызда «Болашақ» бағдарламасымен бітіріп келген мамандар бар ма?
— Гүлжан Ескендірова деген маман Мәскеуде оқып келген. Кандидаттық дисертациясын қорғаған. Жаман емес. Дегенмен білімнің іргетасы өз елімізде қаланып, шетелге тек тәжірибе алмасу кезінде барған дұрыс сияқты. Өйткені, өз тәжірибемізде көріп жүрміз, шетелде бітіріп келгендердің бәрі дерлік мықты маман деп айта алмаймыз. Кейде шетелде бітіргендерге қарағанда өз еліміздің мамандарының отасы сәтті шығып жатады. Сондықтан үкімет ақшасын үнемдеп, өз еліміздің медицинасына арнағанымыз дұрыс сияқты. Орталықта сонымен қатар, «Болашақ» бағдарламасымен біліктіліктерін арттырып, тәжірибеден өтіп келген жас мамандарымыз: хирург Азамат Оразалинов, жаңа туған нәрестелер реанимациясы бөлімінің меңгерушісі Гүлбану Бердиярова, кардиохирург Жанат Болатбекұлы, уролог-дәрігер Рүстем Бишмановөз білімі мен білігін көрсетіп, балалар денсаулығын нығайтуға зор үлестерін қосып келеді.
— Отыз бес жылдан аса қызмет еткен хирургия саласында қанша ота жасадыңыз?
— Алғашында әрбір жасаған операцияны санайтынмын, әрі әрқайсының өзіндік ерекшелігін, себебін анықтайтынмын. Алайда отаның саны алты мыңнан асқасын тоқтаттым, қазір санамаймын. Жас келген сайын әрбір жасаған отамыздың дұрыс-бұрыстығын анықтап сараптап отыратын болдық. Негізі 20 жыл істеп, отаның бір түрін жасай берген дұрыс емес. Маман өзін-өзі дамытып, үнемі ізденісте болу керек. Негізі көп салалы бөлімшелері бар орталықтарда жұмыс істеген маманнан мықты хирург шығады.
— Бүгінгі таңда балалар арасында жиі кездесетін аурулар қандай?
— Көбінесе туа бітті ақаулар дамылдамай отыр. Бұл өте ауыр дерт. Бұл ауру бұрында болған және бола береді де. Қазір ауруларды ерте кезден анықтайтын диагностикалық орталықтар бар. Жас мамандарды сол сала бойынша оқытып, тәрбиелеп жатырмыз. Ерте анықтау, диагностикалау баста назарда болуы керек. Өйткені, ол ауруды ерте анықтауға көмектеседі. Сондай-ақ, балалар арасында жиі кездесетін асқазан, тікішек, өкпе, тоқішек, асішек сынды туа пайда болған аурулар өте көп кездеседі. Жүре пайда болатын арулар да бар, бірақ олардың саны аз.
— Себебі не деп ойлайсыз? Жалпы балалардың хирургиялық оталарға көп түспеуі үшін (туа біткен ауруларды есептемегенде) қандай кеңес берер едіңіз?
— Біз туа біткен ауруларды экологиядан көріп жатамыз. Бірақ менің ойымша әлеуметтік мәселенің де қатысы бар. Анасы балаға жүкті кезде дұрыс тамақтанып, дұрыс демалу керек, өзін күтуі керек. Жүктілік кезінде ана жақсы күтінсе, осындай аурулардан аулақ боламыз. Ауылдағы келіндер таңғы алтыдан тұрып ата-енесіне шәй береді, демалуды білмейді. Күні бойы үйдің тіршілігімен жүріп өзіне қарамайды. Осының барлығы болашақ баланың денсаулығына зиянын тигізеді. Сонымен қатар жұқпалы аурулардың әсері бар.
Дұрыс тамақтану — қазіргі таңда басты мәселелердің бірі. Германияда осы тамақтану мәселесін жіті зерттеу үстінде. Қазіргі уақытта жеміс-жидектер табиғи емес, сулар да таза емес. Адамдардың мақсаты тек сату болып кеткен. Жемістердің құрамында қандай химиялық заттар бар екенін естен шығарамыз. Әрине әркезде де толыққанды тамақтану, салауатты өмір салтын ұстануымыз қажет. Қазіргі уақытта фасфуд тағамдары өте көп, бірақ олар денсаулыққа өте зиян. Сондай-ақ, экологиялық жағдайлардың да әсері жоқ емес. Қазір көбінесе онкологиялық аурудың түрлері көп. Бір кездері осындай аурумен ауыратын адамдар сирек болатын. Тіпті, ата-аналарының денсаулығы дұрыс болса да, іштегі нәрестенің онкологиялық аурулармен туылатын жағдайлар да өкінішке орай кездесуде.
— Осы мамандықты таңдағаныңызға өкінген кездеріңіз болды ма?
— Жоқ, мен ешқашан өкінген емеспін. Мен өмірде нені армандадым, соған қол жеткіздім, соны жасадым. Биыл 60 жасқа толдым. Қазір мен өмірден рахат аламын. Себебі, мен мамандар дайындай аламын, дәрігерлердің өмірі мен еңбектері жайлы жаза аламын. Ең бастысы көп жылғы тәжірибемнің арқасынада адамдарға көмектесе аламын. Мен өзімді толыққанды адам сезінемін, өйткені ойлағаныма қол жеткіздім. Жаратқанға алғысым шексіз. Өте ризамын. Себебі, мен бармын, мен хирургпін, мен адамдарға көмектесе аламын. Тіпті ауыр оталар жасалған уақытта, медицинаның көмегі болмайтын қиын сәттерде Алланың өзі жәрдем береді. Тіпті өз тәжірибемде мынандай жағдай болған.. Бір жігітке жасалған отасының тігісі жазылмай, жыртыла берді. Кейіннен дәрігерлер үміттің жоқтығын, баланың өлетіндігін айтты. Соған қарамастан әлгі науқасты тағы бір отаға дайындап жүргенімде, бала көзін ақырын ашып «Мен сізге сенемін…» деді. Ота уақытында баланың сөзі бір сәт құлағымнан кетпей қойды. Баланың сеніміне селкеу түсіргім келместен барымды салдым. Тірі қалуына мүмкіндік аз болса да, сегіз тігісі бітеліп, бала аман қалды. Алланың құдіреті шексіз ғой!
— Еуропа мемлекеттеріне қарағанда біздің елдегі дәрігерлердің лауазымы төмен. Адам өлімі орын алған жағдайда кінәлі болса да, болмаса да дәрігерлерді айыптап жатамыз. Осы орайда сіздің пікіріңіз қандай?
— Негізі дәрігерлер бұл саланы таңдап алды ма, демек, жұмыс істеу қажет. Біз дәрігерлерді жауапкершілігі үшін сыйлауымыз керек. Бір науқас бала есіме түсіп отыр. Ол бала 7 жыл бойы жаман аурумен ауырып, көп зардап шеккен. Тек баланың өзі ғана емес, отбасы да көп қиналған. Сосын бір күні мен баланың ата-анасын шақырып алып сөйлестім. «Бұл баланың тоқ ішегін алып тастамайынша, жазылмайды. Мен дәл қазір отаның қалай болатыны туралы нақты ештеңе айта алмаймын. Бірақ бар күшімді баланың жазылып кетуіне жұмсаймын» дедім. Ата-анасы келісті, сөйтіп ота жасадық. Құдайға шүкір, ота сәтті өтті, денсаулығы да жақсара бастады. Ота сәтті аяқталғасын, анасы «мен сіздің еңбегіңізді бағалап, үлкен сыйлық жасағым келеді. Бірақ әлеуметтік жағдайым келмейді» деп жылап кабинетіме келіп отыр. Сонда мен «Сізден бірнәрсе сұрадым ба, маған ештеңе де керек жоқ. Әрбір науқасымның денсаулығы жақсарып, күліп, жымиып тұрғанының өзі мен үшін үлкен рахмет» дедім. Сөйтіп арада бір жыл өткесін, кабинетімнің алдына бір әйел келіп, аяғымды сүйіп жатыр. Мен ештеңені түсінбестен, әлгі әйелге таңырқай қарадым. Арадағы уақыт аз емес қой, жүзін де ұмытып қалыппын. Сөйтіп науқастың тегін айтқанда ғана есіме түсті. «Сіздің еңбегіңізді ешқашан ұмытпаймын. Сіз тек баланы ғана емес, барлық отбасын қайғыдан құтқардыңыз. Баламыз жазылды» деп сыйлыған ұсынды. Мен қарсылық білдіріп алмаймын десем де болмады. Міне, осындай жағдайлар болып тұрады. Әрбір ата-ананың алғысы, дәрігер еңбегінің жемісі. Біз біреулердің өміріне араша түсіп, көмегіміз тиіп жатса дәрігерге одан асқан бақыт бар ма?
— Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан — Бауыржан Карипов
"Qazaqstan dauiri" газеті