Дәрігер – Алланың адамзатқа жіберген жәрдемшісі. Олай дейтінім, ақ халаттылардың атқарған еңбегі, істеген ісі күніне жүздеген адамның жанын ажалдан арашалап, ауру-сырқаудан айықтырып жатады. Ауыра қалсақ, дұға еткен дертімізге шипасын Тәңіріміз осы дәрігер арқылы беретіндей көрінеді, солай емес пе? Құдайдың ең қасиетті әрі сауапты сынағын арқалаған абзал жандардың дәрігерлікті таңдауы, осы салада кездескен қиындығы мен қызығы, медицина мәселелері жайында жазуды жөн көріп, оқырманға арнайы жаңа айдар ұсынып отырмыз – «Біздің сүйікті дәрігер». Бүгінгі кейіпкер – Гүлжан Сәрсенбай, балалар кардиохирургі.

Еліміздің 100 жаңа есіміне енген дәрігер Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында Балалар кардиохирургиясы бөлімін ашқан. Сонда меңге­рушілік қызметінде жүріп, жас хирург­тардың басын қосып, оларды кардиохирургия бағытына бейімдеген. Дәрігерлік қызметінде мыңнан астам сәбиге ота жасаған. Халықара­лық «Болашақ» бағдарламасының түлегі.

  • Өткен күн – тарих

ОРМАНТАЕВ ОҚЫҒАН ДӘРІС

Бала күнімізде бәріміз не мұғалім, не дәрігер болуды армандаушы едік. Болашақта қай саланың тізгінін ұстасам екен деп көп ойға қалатынмын. Бірде үйдегі итімізді көлік қағып, аяғынан ауыр жарақат алады. Үй шаруасындағы анам әлгі итімізге күтім жасап жүрген. Мен де қасына еріп, өзімше жәрдем­десуге тырыстым. Сол күн әлі есімде. Иттің жарақатына дәрі жағып, оны дәкемен байлап едім, келесі күні жүруге келіп қалыпты. Сонда қуанғанымды көрсеңіз. Сөйтіп, «өскенде дәрігер болам» деген тәтті қиялдың жетегінде кете бардым. Отбасымда ата-анам және 10 баламыз. Анам солардың ішінен маған «сенің дәрігер, яки медбике болуға бейімің бар» дейтін үлкен сенім артты. 1993 жылы меди­цина колледжін аяқтадым. Осында жүріп, медициналық сот сарапшысы болуды мақсат тұттым. Жоғары білім ордасына осы діттегені­ме жетсем деген оймен тапсырғанмын, бірақ сол жылы ЖОО-ға түсе алмадым. Содан Талғар аудандық ауруханасына медбике болып жұмысқа тұрдым. Сол жердегі хирургтардан ота жасау бөліміне медбикелікке сұранып жүрдім. Жасым 18-де болған соң, біраз уақыт рұқсат бермеді. «Қадалған жерден қан алмай қоймайтын» мінезім бар, қайта-қайта мазасын ала бергеннен кейін бе, хирургия бөлімінің меңгерушісі отаға қатысуға мүмкіндік берді. О баста, жас хирургтар бұған қарсы болды. Меңгерушінің «есінен танып қалмаймын десе, бүгінгі отаға кіріп көрсін, бұл қыз хирургия оңай сала деп жүргенге ұқсайды» дегені әлі есімде. Барлық құрал-сайманымды дайындап, ота жасайтын хирургтарға көмектесуге сақа­дай сай тұрмын. Күрделі ота, екі бригада қаты­сады дегенді естіп, біраз қобалжығаным рас. Тіптен қорықтым десем де артық емес. Екі аяғы бірдей іріңдеген ер адамның аяғын ампутация жасауға кірдік. Екі бригада болуы да сондықтан екен. Бойымдағы қорқыныш сейіліп, әлгі адамды құтқаруға деген құлшыныс пайда болғандай. Дәрігерлердің айтқанын екі етпей орындап тұрдым. Ота сәтті аяқталды. Меңгеруші шапшаңдығым мен тез бейімделе­тінімді байқап, осы бөлімде қалуға бірден рұқсатын берді. Содан бері талай отаның куәсі болдық.

Елімізде жыл сайын екі мыңнан астам балаға алты сала бойынша ота жасалады. Біздің бөлім жыл сайын 400-ге жуық жүрек қантамырларына операция жасайды. Оның 150-і ашық түрде, қалғанын инвазиялық тәсіл арқылы жасаймыз. Мұнда жүректі белгілі бір уақытқа тоқтатудың қажеті болмайды. Қазір де осы инвазиялық әдіспен жасалатын отаға көп көңіл бөлінуде.

Келесі жылы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түстім. Хирург болуға бекіндім. Бірақ тағ­дырымның балалар кардиохирургі, яки неонатолог болуды таңдайтынын білсем ше? Академик Камал Ормантаевтың университетте оқыған дәрістері балалар дәрігері болуға ықыласымды оятып, бағытымды осы арнаға бұра бастадым. Профессордың педиатрия саласына жазған еңбегі ұшан-теңіз. Солардың қай-қайсысы болмасын, осы салаға ынталан­дыра түсті. Сөйтіп, балалар педиатриясы, жаңа туылғандардың хирургі мамандығын алдым. Жалпы, медицина саласының майталмандары жастарға тағылымды тәлім-тәрбие бере алуы керек. Камал Саруарұлының сабақ арасында «Мен де ауылдан шыққан қарадомалақпын. Білім жинау, өз салаңда үнемі іздену және тынбай еңбек етудің нәтижесінде, жұмысымды Мәскеуден қорғадым» дегені есімде. Ұстаздың осы сөзі талай қиындықтарда қамшылай түсті.

  • Бүгін – тәжірибе

ШАҚАЛАҚТЫҢ ТАҒДЫРЫ

2000 жылы Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында жаңа туған нәрестелерге ота жасайтын арнайы бөлім ашылды. Сонда білікті жас мамандарды жұмысқа қабылдады. Менімен бірге, тағы екі хирург қызметке тұрды. Осы бөлімнің зама­науи талапқа жауап беруі үшін көп іздендік. Осында жүріп, еліміздегі жаңа туған сәбилер­дің жүрек қан-тамырларында болатын ақау­дың неше түрін көрдім. Ол кезде, бірқатарына ота жасауды білмейтін едік. Бүлдіршіндер қырқына жетпей, шетінеп кетеді. Содан хирургиялық мамандығымды кардио саласына бағыттауға шешім қабылдадым. 2005-2009 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Мәскеу­дегі «Научный центр сердечно-сосудистой хирургии им. Бакулева» ғылыми орталығына балалар кардиохирургиясы бойынша оқуға қабылдандым. Кеңес үкіметі кезінде барлық одаққа жұмыс істеген орталық. Алматыдағы А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хи­рургия орталығы кезінде осы білім ошағының филиалы болған. Алғаш жасаған ота әлі есімде. Мәскеудегі ғылыми орталықтың кардиохи­рургтары үшін отаның ең оңай түрі – боталл түтіктерін байлау (перевязка боталлого про­тока). Бірақ мұнда шеттен келген студенттерге отаның тіпті осындай оңай түрін жасауға рұқсат бермейді. Сенбейтін де шығар. Аспи­рантураны аяқтауға аз қалғанда ғылыми жетекшімнің батасын алып, бір жастан жаңа асқан бүлдіршіннің жүрегіне боталл түтіктерін байлау отасын жасадым. Барлығы сәтті өтті. Балапан қайсарлық танытып, аман қалды. Сол күнгі қобалжу, ата-анасының үмітке толы жанары, жетекшімнің маған артқан сенімі, бәрі-бәрі күні кешегідей есімде.

Еліміздің Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Қарағанды, Павлодар қалаларындағы орталықта балалардың жүрегіне ота жасайды. Балалар кардиохиругиясы бойынша елімізде 150-ден астам емдеу орны бар.

Елге оралған соң, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығындағы балапан­дарға ота жасауға бірден кірісіп кеттік. Мұн­дағы бірінші ота бүлдіршіннің қарынша ара­лық қалқасының ақауына (пластика-дефекта межжелудочковый перегородки) жасалды. Бұл жағдайда нәрестенің жүрегіндегі үлкен тесікті жүрек қалташасының тінімен жамауың қажет. Шамамен, 30-40 минутқа созылатын операция ашық түрде өтеді. Ол дегеніміз – ота барысында жү­ректі 30-40 минутқа тоқта­тып, жасанды қан айдау (қан айналым) аппараты арқылы жасаймыз. Жү­ректегі қан айналым жү­йесінің ең негізгі күрета­мырын (аорта) байлап тастаймыз. Адам ағзасы осы аорта арқылы қанмен қоректенеді. Яғни, жүректің қызметін уақытша аппарат атқара тұрады. Аорта байланғаннан кейін, жүрек құрғайды да, ота жасауға жақсы жағдай туа­ды. Бұл күрета­мыр­дың көле­мі балаларда 10 мм ғана. Әлі жасқа толмаған балапанның жүрегіндегі жыртығын жа­мап болған соң, жүректі қайта іске қосатын сәт туды. Барлық ереже тала­бын сақтай отырып, аорта­ның жолын аштық. Жасанды аппарат­тағы қан айналым жүйесін қайта жүрекшеге бағыттаға­нымыз сол еді, жүрек қайта соқты. Қуанышымызда шек жоқ. Осы мамандықты таңдағаным үшін іштей мақтанғандай болдым сонда. Әлі күнге дейін ашық түрде жасалатын отадан кейін, аппараттан ажыратып, жүректің қайта іске қосылғанына дейін қобалжып тұрамын.

2012 жылы орталықта Балалар кардиохи­рургиясы бөлімшесін ашып, өзім меңгеруші болдым. Бізді алпыс-жетпіс жылдық тарихы бар шетелдегі кардиохирургия орталық­тарымен салыстыру қиын. Дей тұрғанмен, біртіндеп қарқын алып келе жатқан, болашағы зор бөлім. Осы алты жылдың ішінде нәресте туылғанда кезігетін бірқатар жүрек ақауларын анықтап келеміз, бірнеше ауру түрлеріне ота жасауды үйрендік. Әсіресе, бұрындары біздің бөлімге түсетін шақалақ (синий ребенок) қырық күнге жетпей, шетінеп кететін. Өйткені олар туабітті жүрек ақауымен дүниеге келеді. Жүрегіндегі екі қан тамыры ауысып біткен. Яғни, өкпеге баратын көк қан ағзаға түсіп, бала көкпеңбек болады. Бастапқыда мұндай шақалаққа ота жасамақ түгілі, неліктен көкпеңбек болып туатынын түсіне алмай­тынмын. Мәскеуге оқуға барғанда, көк түспен туатын балаға алғашқы күндері ота жасап, олардың өмірін аман алып қалуға болатынын үйрендік. Бүгінде санитарлық авиациямен еліміздің түкпір-түкпірінен көк шақалақтар келіп жатады. Тездетіп анализ алып, ота жасай береміз. Алайда шет аймақтардан көк шақалақтың әбден асқынған түрімен көп келеді. Жеңіл, орташа, ауыр, аса қауіпті жүрек ақау­лары болады. Қазақы­лыққа са­лынып, жүре беретін ата-аналар көп. Баласының тынысы тарылып, есінен танғанда ғана дәрігердің көмегіне жүгінеді. Кей кездері ауруы асқынғаннан кейін жүрек ақа­уына мидың, бүй­ректің қабынуы қосылады. Соған қарамастан, ота жасауға тәуекел жасап жатамыз. Сондай сәттерде ашық отадан кейін жүрек қайта соқпай қалуы мүмкін. Оның үстіне ота жасау бір бөлек те, одан кейінгі күтім тіптен басқа. Осы орталыққа жұмысқа жаңа тұрғанда салмағы бір келіге жетпейтін сәби нефроздық синдроммен түсті. Ата-анасы ауруын әбден асқындырып алған екен. Оның үстіне сол уақытта мамандар да жетпейтін. Өзіміз хирург әрі реаниматолог едік. Жағдайдың ауыр екеніне қарамастан, отаға тәуекел жасадым. Өкінішке қарай, баланың ағзасы операцияны көтере алмай, шетінеп кетті. Болған жайтты ата-анасына баяндауға сыртқа беттедім. Оларға мән-жайды түсіндіргенім сол-ақ екен, екеуі жылап қоя берді. Ата-анасын бас салып, менің де өкіріп жылағаным есімде. Хирург­терді қатыгез деп жатады ғой, бұл – қате. Бізде де жүрек бар, жүрегіміз қан жылап тұрады.

  • Ертең – ізденіс

ЖҮРЕК АЛМАСТЫРУ ҮШІН ШЕТЕЛГЕ ЖІБЕРЕМІЗ

2005 жылы тек Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында Кардио­хирургия бөлімі болды. Бұл ғылыми орталық тек он келіден және бір жастан асқан балаға ота жасайтын. Бір жасқа дейінгі шақалақтар шетінен шеті­неп кететін. Қазір кардио­хирургия біршама дамыды. Бөлім жаңадан ашылғанда екі хирург қана сырттан оқып келіп, осындағы дәрігер­лерге білгенімізді үйреттік. Бүгінде үш жас кардиохирург, алты неанотолог және екі рентген хирург жұмыс істейді. Біздің орталықтан кардиохирургия ашылу жоспарланып жатқан тұста 2008-2012 жылдары Санкт-Петерборға ультра-дыбыстық диагностикаға оқып келдім. Содан Аружан Саинның қорымен бірігіп пер­зентханада жүрек ақауымен туған балалар­дың жүрегін УДЗ-ға түсіріп, нақты диагнозын анықтауға көмектескенім бар. Сол кезде осы қордың көмегімен жыл сайын 200-ге жуық балаларды шетелге, яғни Түркия, Германия, Ресейдегі орталықтарға жіберетінбіз. Бүгінде сондай жүрек ақауларының басым бөлігіне өзімізде ота жасалады. Қазіргі уақытта тек жүрек алмастыру бойынша шетелге жібереміз. Өйткені бізде трансплантация жөнінде заң жоқ. Жақын уақытта бұл сала да қолға алы­нып, тиісінше жүйеге келтіріліп, ретте­летініне сенім мол. Ол үшін қазіргі жас дәрігер мамандар көп ізденуі қажет.

Блиц-сауал:

– Дәрігер болмағанда кім болар едіңіз?

– Кәсіпкер.

– Бұл мамандықты таңдағаныңыз үшін өкінген кезіңіз болды ма?

– Дәрігерлікті таңдағаным үшін еш өкінбеймін. Бірақ балалар кардиохирургиясының қиындығына шыдай алмай, өкінген кезім болған. Кейде осы саланы хирургияның басқа түрлерімен салыстырып та жүретінмін.

– Қиындығы басым саланың қызықты дерегімен бөлісе аласыз ба?

– Жүрек – бұлшық ет емес. Ол қағаз сияқты болады. Құрғақ кезінде тіпті жұқа. Көлемі – әр адамның жұдырығымен бірдей.

– Кардиохирургтың қағидасы қандай?

– Ота жасау алдында сол диагнозға қатысты алдын ала біліммен қарулану қажет. Операция барысында түрлі жағдай болуы мүмкін. Соның барлығына дайын болу үшін, медицинадағы әдебиеттерден оқып-біліп, кіру – міндет. Шетелде тәжірибе осындай. Өйткені диагноздың атауы бір болғанымен, ол әр баланың ағзасында әрқалай кейіпке енуі мүмкін.

– Медицина әйел адамның хирург болғанын аса құптамайды. Неге?

– Ол рас. Бірақ балалар кардиохирургі әйелдер болғаны дұрыс деп есептеймін. Әйел болған соң, оларда аналық сезім бар.

– Кумиріңіз кім?

– Әкем. Медицинада – атақты профессорлар Камал Ормантаев, Лео Бакерия.

– Соңғы оқыған кітабыңыз қандай?

– Александр Бакулевтың еңбектері.

– Хоббиіңіз не?

– Суда жүзгенді ұнатамын. Кез келген хирург сағаттап отада тұрады, сондықтан спортпен айналысуы қажет.

– Дәрігерден болашақ дәрігерге кеңес…

– Кардиохиругия – қиын мамандық. Медицинадан өзге гемодинамика, химия, физиканы да жетік білуің қажет. Болашақ дәрігерлерге бұл мамандықты таңдамас бұрын, «жеті рет өлшеп, бір рет кесуіне» кеңес беремін. Егер таңдаған болса, оқы, оқы және оқы.

Айдана НҰРМҰХАН