1962 жылы дүниеге келген Нұрбибі Еркебайқызы 1984 жылы Алматыдағы медицина институтын бітірген жылдан бері Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында жемісті де абыройлы қызмет жасап келе жатқанына биыл 34 жыл толып отыр. Жас маман ретінде алғаш қызметін орталықта бастаған дәрігер, бар ғұмырын балаларды емдеуге арнап, бүгінде ұжымға сыйлы, білікті дәрігер, орталықтың жетекші невропатолог маманы атанып отыр.
Нұрбибі Еркебайқызы клиникада емделіп жатқан балаларға және Қазақстан Республикасындағы науқас балаларға консультациялық-практикалық көмек көрсетуде елеулі үлес қосып келеді. Ол онкологиялық, гематологиялық ауруға шалдыққан балалардағы неврологиялық ауруларды диагностикалау және емдеудің заманауи әдістерін енгізді. «Арал маңында тұратын халықтың денсаулық жағдайын басқарудың кешенді тәсілдемелері» тақырыбында Арал маңы бойынша ғылыми-техникалық бағдарламаны әзірлеуге қатысты. Ғылыми-техникалық бағдарлама нәтижесі бойынша практикалық денсаулық сақтауға арналған мақалалар мен әдістемелік ұсынымдары жарияланды. Медицина білімі мен ғылымынан өзге қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысатын дәрігер орталықтың кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін де бірге алып келеді. Кәсіподақтың басшысы ретінде кәсіподақ ұйымы мүшелерінің қарым-қатынасын тең құқықтық, әріптестік, ынтымақтастық негізінде құра отырып, олардың еңбек, кәсіптік, сондай-ақ, басқа да әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін қызмет көрсетуде.
Бар ғұмырын медицинаға арнап келе жатқан дәрігердің еңбек жолы көпке үлгі, дейді әріптестері.
«Өз қалауыммен дәрігер боламын деп шештім. Өйткені, дәрігерлік отбасыдан шықтым. Әкем дәрігер болған, оның медициналық құрал-саймандарымен ойнап өстім. Әкем сияқты дәрігер боламын деген балалық арман осы салаға әкелді. Алматы медицина институтының педиатрия мамандығын бітірдім. 22 жасымда осы Педиатрия орталығында алғашқы қызмет жолымды бастадым. Содан міне, 34 жылдан бері осы орталықта қызмет атқарып келемін. 34 жылдық қызметімде орталық дамуының әр түрле кезеңдерін көрдім. Ол кездері қазіргідей компьютер дейтіндер болған жоқ. Түрлі қиын кезеңдерді өткердік. Жалақыны уақытында алмаған қиын кезеңдер де болды. Сол қиын жылдары көп дәрігерлер қызметті тастап кетті. Жұмыс ауыр болды, бірақ сол қиыншылықа шыдап, қажырлы еңбектің арқасында үлкен тәжірибе жинадым. Қазір орталық та, медицина да ілгері дамыды, салыстыру жер мен көктей. Диагностикалау жақсарды, емдеудің жаңа әдіс-тәсілдері, телемедицина, санавиация енгізілді. Жылдан-жылға жаңа технологиялар, электронды құжат айналымы енгізілуде. Мен келгенде тек осы әкімшілік ғимарат қане бар еді. Қазір ұлғайдық, жаңа ғимараттар салынды. Педиатрия саласына жас дәрігерлер көптеп келіп жатқандығы да қуантарлық жағдай. Көп жылдан бергі үйренгенімізді, тәжірибемізді жастарға үйретуден жалықпаймыз. Керісінше, оларға біз барда үйреніп, білмейтінін сұрап тұрса деймін. Жастарға айтарым, ең бастысы қызметке адал болу керек, шыдамды болу керек. Өз міндетін дұрыс атқарса болғаны. Пациенттерге де керегі осы. Дәрігерлікке тек өз қызметін жақсы көрген адамдар ғана келеді деп санаймын. Мен үшін үлкен марапат келген адамның жазылып кетуі. Пациенттердің көбі қолымды алып, амандасып, алғысын айтып жатады. Әрине, ол кезде төбем көкке жетіп, қуанышты күй кешемін. Алғыс алудан асқан марапат бар ма?!», дейді Н.Жахауова.
Адал еңбек қашанда бағаланады демекші, Нұрбибі Еркебайқызы көп жылғы қажырлы да адал еңбегі, денсаулық сақтау ісі мен балалар денсаулығын нығайтуға қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен (2008 ж.), «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен (2014 ж.) «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі (2012 ж.) мемлекеттік наградаларымен марапатталған.
Атап өте кетейік, Н.Жахауова тұңғыш рет қазақ тілінде «Мектеп жасындағы балада болатын цефалгияның клиникалық және психофизиологиялық сипаттамасы» тақырыбында ғылыми жұмысын қорғаған еді. Тіл мәселесіне ерекше мән беретін дәрігер 2017 жылы «Мәңгілік ел: Қазақстанның кемел болашағы» атты екінші республикалық байқауында жеңімпаз атанып, «Тіл ардагері» төсбелгісімен марапатталды.
Биыл клиникалық-диагностикалық бөлімнің білікті невропатолог дәрігері Нұрбибі Еркебайқызы «Астанаға-20 жыл» төсбелгісімен марапатталып, қошеметке бөленді. Ел дамуына үлес қосқан, қызметте ерекше нәтижеге қол жеткізген бір топ қайраткерлердің қатарынан көрінуі лайықты марапат, көп жылғы еңбектің жемісі деп білеміз.
Дәрігерліктің ауыр жүгін арқалап, бар қажыр-қайратын елдің ертеңі, балалар денсаулығын нығайтуға жұмсап, жас дәрігерлерге барын үйретіп, отандық денсаулық саласының дамуына қалтқысыз қызмет жасап жүрген дәрігерлердің ерен еңбегі қашанда ұшан-теңіз. Педиатрия орталығы ұжымы атынан марапат иесін еңбегінің жемісімен құттықтай отыра, деніне саулық, отбасына бақыт, қызметіне толағай табыс тілейміз! Пациенттердің ең шынайы алғыстары мен ризашылықтарына бөлене беріңіздер!
«Педиатрия және балалар
хирургиясы ғылыми орталығы»
баспасөз қызметі