Ауыр дертке шалдыққан балаларға мереке, қуаныш сыйлап, аты жаман ауруды жеңуге деген сенім ұялатуға ұмтылған шараның  психологиялық көмегі көп.

Шараның ашылуында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Риза Боранбаева мен осы шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған HelpToday қоғамдық қорының жетекшісі Эльмира Алиева балаларға жылы тілектерін айтып, барша қауымды Балалар күнімен құттықтады.

Мерекелік концертке Парвиз Назаров, Айдана Меденова, «Талисман» тобы, Tribal Pro би тобы, Райм мен Артур бастаған эстрада жұлдыздары қатысып, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Өнер жұлдыздарымен бірге орталықта ем алып жатқан балалар мен олардың ата-аналары өнер көрсетті. Сонымен қатар дәрігерлер де қалыс қалмай, флеш-моб ұйымдастырып, арнайы биін балаларға тарту етті. Шара барысында орталықта ем алған,  ауыр дертті бір емес, екі рет  жеңген, ұзақ және қиын жолдан өткен Алин Абдулам сөз сөйлеп, аурумен қалай күрескендігі жөнінде айтып, балаларға жақсылыққа деген сенім тіледі.  

Шара аясында балалардың сурет және қолөнер көрмесі өтті.  Балалар үшін  аквагрим мен фотосессиялар ұйымдастырылды. We Art ұйымының еріктілері мен аниматорлары бүлдіршіндердің көңілін көтеріп, балалармен бірлесе түрлі ойындар ойнады.

Мереке соңында шараға қатысқан балалар мен Сурет байқауының жеңімпаздары HelpToday қоғамдық қорының сыйлықтарымен және арнайы дипомдарымен  марапатталды.

Айтулы мерекемен сонымен қатар «Бауыржан» қайырымдылық қоры құттықтап, кардиология, онкология және гематология  бөлімінде жатқан барша балаға түрлі сыйлықтар үлестіріп, науқас балалардың жүздеріне қуаныш сыйлады.