Қатерлі дертке шалдыққан балалардың денсаулығын жақсартып, өмір сүру ұзақтығын арттыру үшін ортақ күшті біріктіру мақсатында Алматыда ТМД мемлекеттері балалар онкологиясы саласының сарапшылары бас қосты.
Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ
Жуырда Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік кеңсесінің қолдауымен ТМД мемлекеттері (Еуразиялық аймақ) балалар онкологиясы саласы сарапшыларының екінші кездесуі өтті.
14 елдің онколог мамандарының басын қосқан алқалы басқосудың басты мақсаты – Еуразиялық аймақтағы елдер арасында онкологиялық дертке шалдыққан балалардың өмір сүру ұзақтығын жақсарту, балалар онкологиясы және гематологиясы саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, тәжірибе алмасу, балалар онкологиясындағы ортақ мәселелерді шешу, бүгінгі жағдайын сараптау.
Халықаралық деңгейде өткен кездесуге ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері, Американың онкологиялық ауруларды емдейтін ең жетекші клиникасы болып табылатын Әулие Иуде (Сент Джуд) балалар госпиталінің бірінші басшылары мен дәрігерлері (St. Jude Global Allіance), Педиатрия орталығымен тығыз байланыс орнатқан, Қазақстандағы онкологиялық және гематологиялық қызметтің дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан Ресейдің Д.Рогачев атындағы балалар гематологиясы, онкологиясы мен иммунологиясы федералдық ғылыми-клиникалық орталығы, Беларусь елінің Балалар онкологиясы, гематологиясы мен иммунологиясы ғылыми-практикалық орталығының басшылары мен онколог-дәрігерлері, сондай-ақ, Молдова, Украина, Грузия, Армения, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан, Моңғолия, Қазақстан, Қырғыз елдерінің онкология және гематология саласының жетекші мамандары мен сарапшылары қатысты.
Еске сала кетейік, бірінші кездесу 2018 жылдың 23–25 сәуір күндері аралығында Мәскеу қаласындағы Д.Рогачев атындағы балалар гематологиясы, онкологиясы мен иммунологиясы федералдық ғылыми-клиникалық орталығында өткен еді.
Шараның ашылу салтанатында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Риза Боранбаева бұл басқосудың маңызы зор екендігін айта келіп, «Қазақстандағы онкологиялық және гематологиялық қызметтің дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан Ресейдің Д.Рогачев атындағы онкологиялық орталығына, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына және Американың Сент Джуд балалар госпиталіне осы маңызды шараны ұйымдастыруға мұрындық болғандары үшін үлкен алғысын білдірді. Бұл кездесу балалар онкологиялық қызметінің дамуына тың серпін беріп, Еуразиялық аймақ сарапшыларының ынтымақтастығын одан әрі арттыра түседі деп сенемін», деп атап өтті орталық директоры.
14 елден келген мамандар алдағы уақытта қатерлі ісік пен ақ қан ауруына шалдыққан балалардың өмір сүру ұзақтығын жақсарту жолында күш біріктірмек. Жиын барысында біріккен жоба қатерлі дертке күрес жолында барлық қатысушы елдерді біріктіріп, жоғары сапалы медициналық көмекті алуға мүмкіндік жасап, онкологиялық ауруларға шалдыққан балалардың өмір сүру ұзақтығын жақсарту жолындағы жаһандық бастаманы іске асырудағы алғашқы қадам екендігі атап өтілді. Кездесуге қатысушылар балалар онкологиясы және гематологиясы саласындағы өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, бүгінгі жағдайды сараптап, өзара пікір алмасты. Екі күн бойы өткен жиында әр елдің мамандары балалардағы қатерлі ісік ауруларын диагностикалау, алдын алу мен емдеудің заманауи әдіс-тәсілдерімен, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудағы тәжірибелерімен бөлісті.
Қазіргі таңда бүкіл әлемдегі онколог, гематолог дәрігерлер ең маңызды міндеттердің бірі – қатерлі дертке шалдыққан балалардың өмір сүру ұзақтығын одан әрі ұзарту мәселесін алға қойып отыр. Сарапшылардың Мәскеуде өткен бірінші кездесуі Еуразиялық аймақтағы ортақ мәселелерді анықтап, балалар онкологиясы саласын дамыту бағытын айқындап берсе, екінші кездесу балалар мен жасөспірімдерге паллиативтік көмек беру жүйесін ұйымдастыру және дамыту бағытын, балалар гематологиясы мен онкологиясы саласының медбикелері үшін бірыңғай сертификаттау бағдарламасын дайындау, балалардағы қатерлі ісік ауруларын емдеудің кешенді стандарттарын әзірлеу, онкологиялық ауруларға шалдыққан балалардың бірыңғай тіркелімдерін құру мәселелерін нақтылады. Сонымен қатар, арнайы құрылған білімді дамыту, хаттамаларды әзірлеу, арнайы зерттеу жұмыс топтарының басты бағдары мен Еуразиялық аймақтағы балалар онкологиялық қызметін дамытудың басты басымдықтары сараланды.
Шара барысында ТМД елдері ішінде Қазақстанда алғаш рет әр елден келген мейірбикелер үшін қатерлі дертке шалдыққан науқастарға жалпы және мамандандырылған палиативтік көмек көрсету ерекшеліктері бойынша оқыту дәрісі өткізілді. Бұл дәріс алдағы уақытта да онлайн режимінде жалғасын таппақ. Алынған білім өз кезегінде мейірбикелерге науқастар дертінің ерекшелігін ескере отырып, терапиялық, алдын алу, диагностикалау және оңалту шараларын жүзеге асыруда көмектесері сөзсіз.
Кездесу аясында шара қатысушылары Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен қатерлі дертке шалдыққан балаларды оңалту орталығы – «Алатау» республикалық клиникалық шипажайында болып, тыныс-тіршілігі мен атқарып отырған қызмет бағыттарымен танысты. Осы шара аясында Американың Сент Джуд балалар онкологиялық госпиталінің вице-президенті Карлос Родригез-Галиндо Педиатрия орталығының онколог-гематолог дәрігерлері үшін арнайы дәріс оқыды.