Қатерлі дертке шалдыққан балалардың денсаулығын жақсартып, өмір сүру ұзақтығын арттыру үшін ортақ күшті біріктіру мақсатында Алматыда ТМД мемлекеттері балалар онкологиясы саласының сарапшылары бас қосты.

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Жуырда Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік кеңсесінің қолдауымен ТМД мемлекеттері (Еуразиялық аймақ) балалар онкологиясы саласы сарапшыларының екінші кездесуі өтті.

14 елдің онколог мамандарының басын қосқан алқалы басқосудың басты мақ­саты – Еуразиялық аймақтағы елдер арасында онкологиялық дертке шалдыққан балалардың өмір сүру ұзақтығын жақсарту, балалар онкологиясы және гематологиясы саласындағы өзекті мәселелерді  талқылау, тәжірибе алмасу,  балалар онкология­сындағы ортақ мәселелерді шешу,  бүгінгі жағдайын сараптау.

Халықаралық деңгейде өткен кез­десуге ҚР Денсаулық сақтау министр­лігінің, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері, Американың онкологиялық ауруларды емдейтін ең жетекші клиникасы болып табылатын Әулие Иуде (Сент Джуд) балалар госпиталінің бірінші басшылары мен дәрігерлері (St. Jude Global Allіance), Педиатрия орталығымен тығыз байланыс орнатқан, Қазақстандағы онкологиялық және гематологиялық қызметтің дамуына  үлкен үлес қосып келе жатқан Ресейдің Д.Рогачев атындағы балалар гематоло­гиясы, онкологиясы мен иммунологиясы федералдық ғылыми-клиникалық орталы­ғы, Беларусь елінің Балалар онкологиясы, гематологиясы мен иммунологиясы ғылыми-практикалық орталығының басшылары мен онколог-дәрігерлері, сондай-ақ, Молдова, Украина, Грузия, Армения, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрк­іменстан, Әзербайжан, Моңғолия, Қазақ­стан, Қырғыз елдерінің онкология және гематология саласының жетекші маман­дары мен сарапшылары қатысты.

Еске сала кетейік, бірінші кездесу 2018 жылдың 23–25 сәуір күндері аралығында Мәскеу қаласындағы  Д.Рогачев атындағы балалар гематологиясы, онкологиясы мен иммунологиясы федералдық ғылыми-клиникалық орталығында өткен еді.

Шараның ашылу салтанатында Педиат­рия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Риза Боранбаева бұл басқосудың маңызы зор екендігін айта келіп, «Қазақстандағы онкологиялық және гема­тологиялық қызметтің дамуына  өзіндік үлес қосып келе жатқан Ресейдің Д.Рогачев атындағы онкологиялық орталығына, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына және Американың Сент Джуд балалар госпиталіне осы маңызды шараны ұйым­дастыруға мұрындық болғандары үшін үлкен алғысын білдірді. Бұл кездесу балалар онкологиялық қызметінің дамуына тың серпін беріп, Еуразиялық аймақ сарапшыларының ынтымақтастығын одан әрі арттыра түседі деп сенемін», деп атап өтті орталық директоры.

14 елден келген мамандар алдағы уақытта қатерлі ісік пен ақ қан ауруына шалдыққан балалардың өмір сүру ұзақ­тығын жақсарту жолында күш біріктірмек. Жиын барысында біріккен жоба қатерлі дертке күрес жолында барлық қатысушы елдерді біріктіріп, жоғары сапалы меди­циналық көмекті алуға мүмкіндік жасап, онкологиялық ауруларға шалдық­қан балалардың өмір сүру ұзақтығын жақсарту жолындағы жаһандық бастаманы іске асырудағы алғашқы қадам екендігі атап өтілді. Кездесуге қатысу­шылар балалар он­кологиясы және гема­тологиясы саласын­дағы өзекті мәселелерді  талқылап қана қоймай, бүгінгі жағдайды сараптап, өзара пікір алмасты. Екі күн бойы өткен жиында әр елдің мамандары  балалардағы қатерлі ісік ауруларын диагностикалау,  алдын алу мен емдеудің заманауи әдіс-тәсілдерімен, медициналық көмек көр­сетуді ұйымдас­тырудағы тәжірибелерімен бөлісті.

Қазіргі таңда бүкіл әлемдегі онколог, гематолог дәрігерлер ең маңызды міндет­тердің бірі – қатерлі дертке шалдыққан балалардың өмір сүру ұзақтығын одан әрі ұзарту мәселесін алға қойып отыр. Сарапшылардың Мәскеуде өткен бірінші кездесуі Еуразиялық аймақтағы ортақ мәселелерді анықтап, балалар онкологиясы саласын  дамыту бағытын айқындап берсе, екінші кездесу  балалар мен жасөс­пірімдерге  паллиативтік көмек беру жүйе­сін ұйымдастыру және дамыту бағытын, балалар гематологиясы мен онкологиясы  саласының медбикелері үшін бірыңғай сертификаттау бағдарла­масын дайындау,   балалардағы қатерлі ісік ауруларын емдеудің кешенді стандарт­тарын әзірлеу, онкологиялық ауруларға шалдыққан балалардың бірыңғай тіркелімдерін құру мәселелерін нақтылады. Сонымен қатар, арнайы құрылған білімді дамыту, хатта­маларды әзірлеу, арнайы зерттеу жұмыс топтарының басты бағдары мен Еура­зиялық аймақтағы балалар онкологиялық қызметін дамытудың басты басымдықтары сараланды.

Шара барысында ТМД елдері ішінде Қазақстанда алғаш рет әр  елден келген мейірбикелер үшін қатерлі дертке шалдық­қан науқастарға жалпы және мамандан­дырылған палиативтік көмек көрсету ерекшеліктері бойынша  оқыту дәрісі өткізілді. Бұл дәріс алдағы уақытта да онлайн режимінде жалғасын таппақ.  Алынған білім өз кезегінде мейірбикелерге науқастар дертінің ерекшелігін ескере отырып,  терапиялық, алдын алу,  диагнос­ти­калау және оңалту шараларын жүзеге асыруда көмектесері сөзсіз.

Кездесу аясында шара қатысушылары Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен қатерлі дертке шалдыққан балаларды оңалту орталығы –  «Алатау» республикалық клиникалық шипажайында болып, тыныс-тіршілігі мен атқарып отырған қызмет бағыттарымен танысты. Осы шара аясында Американың  Сент Джуд балалар онкологиялық госпи­талінің вице-президенті Карлос Родригез-Галиндо Педиатрия орталы­ғының онколог-гематолог дәрігерлері үшін арнайы дәріс оқыды.