Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік кеңсесінің қолдауымен ТМД мемлекеттері (Еуразиялық аймақ) балалар онкологиясы саласы сарапшыларының екінші кездесуі өтті. 14 елдің онколог мамандары бас қосқан жиынның мақсаты – балалардың игілігі үшін ортақ күш біріктіріп, онкологиялық дертке шалдыққан балалардың өмір сүру ұзақтығын жақсарту, балалар онкологиясы және гематологиясы саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, тәжірибе алмасу, балалар онкологиясындағы ортақ мәселелерді шешу, бүгінгі жағдайын сараптап, дамудың дұрыс жолын айқындау.
Халықаралық кездесуге Денсаулық сақтау министрлігі мен ДДҰ-ның өкілдері, Американың онкологиялық ауруларды емдейтін жетекші клиникасы Сент Джуд (Әулие Иуде) балалар госпиталінің басшылары мен дәрігерлері, Қазақстандағы онкологиялық және гематологиялық қызметтің дамуына үлес қосып келе жатқан Ресейдің Д.Рогачев атындағы балалар гематологиясы, онкологиясы мен иммунологиясы федералдық ғылыми-клиникалық орталығы (Мәскеу), Беларусьтен Балалар онкологиясы, гематологиясы мен иммунологиясы ғылыми-практикалық орталығының (Минск) басшылары мен онколог-дәрігерлері, сондай-ақ Молдова, Украина, Грузия, Армения, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Моңғолия, Қырғыз елдерінің аталған салаларының жетекші мамандары мен сарапшылары қатысты. Еске сала кетейік, бірінші кездесу 2018 жылы сәуірде Мәскеу қаласындағы Д.Рогачев атындағы балалар гематологиясы, онкологиясы мен иммунологиясы федералдық ғылыми-клиникалық орталығында өткен еді.
– Бүгінгі кездесудің Қазақстан балалар онкологиясы мен гематологиясы саласы үшін маңызы зор, – деді шараның ашылу салтанатында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы, профессор Риза Боранбаева. – Әлемдік стандарттарға сай, сапалы жоғары технологиялық медициналық көмекпен қамтамасыз ете отырып балалардың денсаулығын қорғау мен нығайту – Педиатрия орталығының басты мақсаты. Қазақстандағы онкологиялық және гематологиялық қызметтің дамуына зор үлес қосып келе жатқан Ресейдің Д.Рогачев атындағы онкологиялық орталығына, ДДҰ-ға және АҚШ-тың Сент Джуд балалар госпиталіне бүгінгі маңызды шараны ұйымдастыруға мұрындық болғандары үшін алғыс айтамын. Бұл кездесу балалар онкологиялық қызметінің дамуына тың серпін беріп, Еуразиялық аймақ сарапшыларының ынтымақтастығын одан әрі арттыра түседі, – деді ол.
Жиын барысында аталған жоба қатерлі дертпен күрес жолында барлық қатысушы елдерді біріктіріп, жоғары сапалы медициналық көмекті алуға мүмкіндік жасайтыны онкологиялық ауруларға шалдыққан балалардың өмір сүру ұзақтығын жақсарту жолындағы жаһандық бастаманы іске асырудағы алғашқы қадам екендігі атап өтілді. Кездесуге қатысушылар айтылған саладағы өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, бүгінгі жағдайын сараптап, өзара пікір алмасты. Екі күн бойы өткен басқосуда әр елдің мамандары балалардағы қатерлі ісік ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи әдіс-тәсілдерімен, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудағы тәжірибелерімен бөлісті.
– Біз қазақ еліне бірінші рет келіп отырмыз. Мақсатымыз – жаһандық деңгейде барлық балаға қатерлі дертті жеңуге көмектесу. Әлемдегі әр бала өз жасына жетпей өмірден өтпеуі керек деп санаймыз. Және бұл мәселені ДДҰ-ның алдына қойған едік. Аталған ұйымның қолдауымен өтіп жатқан бүгінгі шара осы мақсаттың алғашқы қадамы. Біз барлық ТМД елдеріне көмек көрсеткіміз келеді. Кез келген, атап айтқанда дәрігерлер мен медбикелердің біліктілігін арттыру, білім беру, ғылымды дамыту, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеу әдіс-тәсілдерімен, технология, тәжірибемен бөлісуге әзірміз, – деді Сент Джуд балалар онкологиялық госпиталінің вице-президенті Карлос Родригез-Галиндо.
Оның пікірінше, Қазақстанда балалардың онкология саласы бір жүйеге түсірілген емдеудің жоғары деңгейінде. «Бүгін Педиатрия орталығын аралап, жұмыс барысымен танысып, онкология мен гематология және трансплантология бөлімдерінде болдық. Балалар үшін жоғары деңгейде барлық жағдай жасалған екен. Көңілімізден шықты. Әсіресе орталықтандырылған жүйе мен емдеу сапасына тәнті болдық», деп атап өтті К.Родригез-Галиндо.
Қазіргі таңда әлемдегі онколог, гематолог дәрігерлердің ең маңызды міндеттерінің бірі қатерлі дертке шалдыққан балалардың өмір сүру ұзақтығын одан әрі ұзарту. Сарапшылардың Мәскеуде өткен бірінші кездесуі Еуразиялық аймақ-тағы ортақ мәселелерді анықтап, балалар онкологиясы саласының алдағы даму бағытын айқындап берсе, екінші кездесу балалар мен жасөспірімдерге паллиативтік көмек беру жүйесін ұйымдастыру және дамыту бағытын, балалар гематологиясы мен онкологиясы саласының медбикелері үшін бірыңғай сертификаттау бағдарламасын дайындау, балалардағы қатерлі ісік ауруларын емдеудің кешенді стандарттарын әзірлеу, онкологиялық ауруларға шалдыққан балалардың бірыңғай тіркелімдерін құру мәселелерін нақтылады. Сонымен қатар білімді дамыту, хаттамаларды әзірлеу, арнайы зерттеу топтарының басты бағдары мен Еуразиялық аймақтағы балалар онкологиялық қызметін дамытудың басымдықтары анықталды.
Кездесу аясында шараға қатысушылар Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен қатерлі дертке шалдыққан балаларды оңалту орталығы – «Алатау» республикалық клиникалық шипажайында болып, екі мекеменің қызметімен танысты. Шараның екінші күні америкалық профессор Карлос Родригез-Галиндо Педиатрия орталығының онколог-гематолог мамандары үшін арнайы дәріс оқыды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»