Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік кеңсесінің қолдауымен ТМД мемлекеттері (Еуразиялық аймақ) балалар онкологиясы саласы сарапшыларының екінші кездесуі өтті. 14 елдің онколог мамандары бас қосқан жиынның мақсаты – балалардың игілігі үшін ортақ күш біріктіріп, онкологиялық дертке шалдыққан балалардың өмір сүру ұзақтығын жақсарту, балалар онкологиясы және гематологиясы саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, тәжірибе алмасу, балалар онкологиясындағы ортақ мәселелерді шешу, бүгінгі жағдайын сараптап, дамудың дұрыс жолын айқындау.

Халықаралық кездесуге Денсау­лық сақтау министрлігі мен ДДҰ-ның өкілдері, Американың онкологиялық ауруларды емдейтін жетекші клиникасы Сент Джуд (Әулие Иуде) балалар госпиталінің басшылары мен дәрігерлері, Қазақстандағы он­коло­гиялық және гематологиялық қызметтің дамуына үлес қосып келе жатқан Ресейдің Д.Рогачев атындағы балалар гематологиясы, онкологиясы мен иммунологиясы федералдық ғылыми-клиникалық орталығы (Мәс­кеу), Беларусьтен Балалар онкологиясы, гематологиясы мен иммуноло­гиясы ғылыми-практикалық орталы­ғының (Минск) басшылары мен онколог-дәрігерлері, сондай-ақ Мол­дова, Украина, Грузия, Армения, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзер­байжан, Моңғолия, Қырғыз елдерінің аталған салаларының же­тек­ші мамандары мен сарапшылары қатысты. Еске сала кетейік, бірінші кездесу 2018 жылы сәуірде Мәскеу қаласындағы Д.Рогачев атындағы балалар гематологиясы, онкологиясы мен иммунология­сы феде­ралдық ғылыми-клиникалық орта­лы­ғында өткен еді.

– Бүгінгі кездесудің Қазақстан балалар онкологиясы мен гематологиясы саласы үшін маңызы зор, – деді шараның ашылу салтанатында Педиатрия және балалар хирургия­сы ғылыми орталығының басшысы, профессор Риза Боранбаева. – Әлем­дік стандарттарға сай, сапалы жоғары технологиялық медициналық көмекпен қамтамасыз ете отырып балалардың денсаулығын қорғау мен нығайту – Педиатрия орталығының басты мақсаты. Қазақстандағы онко­логиялық және гематологиялық қыз­меттің дамуына зор үлес қосып келе жатқан Ресейдің Д.Рогачев атындағы онкологиялық орталығына, ДДҰ-ға және АҚШ-тың Сент Джуд балалар госпиталіне бүгінгі маңызды ша­раны ұйымдастыруға мұрындық болғандары үшін алғыс айтамын. Бұл кездесу балалар онкологиялық қызметінің дамуына тың серпін беріп, Еуразиялық аймақ сарапшыларының ынтымақтастығын одан әрі арттыра түседі, – деді ол.

Жиын барысында аталған жоба қатерлі дертпен күрес жолында бар­лық қатысушы елдерді біріктіріп, жоғары сапалы медициналық көмек­ті алуға мүмкіндік жасайтыны онко­ло­­гия­лық ауруларға шалдыққан ба­­­­­ла­­лардың өмір сүру ұзақтығын жақ­­­сарту жолындағы жаһандық бас­таманы іске асырудағы алғашқы қадам екендігі атап өтілді. Кездесуге қа­тысушылар айтылған саладағы өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, бүгінгі жағдайын сараптап, өзара пікір алмасты. Екі күн бойы өткен басқосуда әр елдің мамандары балалардағы қатерлі ісік ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи әдіс-тәсілдерімен, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудағы тәжірибелерімен бөлісті.

– Біз қазақ еліне бірінші рет келіп отыр­мыз. Мақсатымыз – жаһандық деңгейде барлық балаға қатерлі дертті жеңуге көмектесу. Әлемдегі әр бала өз жасына жетпей өмірден өтпеуі керек деп санаймыз. Және бұл мәселені ДДҰ-ның алдына қойған едік. Атал­ған ұйымның қолдауымен өтіп жатқан бүгінгі шара осы мақсаттың алғашқы қадамы. Біз барлық ТМД елдеріне көмек көрсеткіміз келеді. Кез келген, атап айтқанда дәрігерлер мен мед­­бикелердің біліктілігін арттыру, білім беру, ғылымды дамыту, онкологиялық ауру­ларды диагностикалау мен емдеу әдіс-тәсілдерімен, технология, тә­жі­рибемен бөлісуге әзірміз, – деді Сент Джуд балалар онкологиялық госпи­талінің вице-президенті Карлос Род­ригез-Галиндо.

Оның пікірінше, Қазақ­станда ба­ла­лардың онкология саласы бір жүйеге түсірілген ем­деу­дің жоғары дең­гейінде. «Бүгін Пе­диа­трия орта­лығын аралап, жұмыс барысымен танысып, онкология мен гематология және трансплантология бөлімдерінде болдық. Балалар үшін жоғары дең­гейде барлық жағдай жасалған екен. Көңілімізден шықты. Әсіресе орта­лықтандырылған жүйе мен емдеу сапасына тәнті болдық», деп атап өтті К.Родригез-Галиндо.

Қазіргі таңда әлемдегі онколог, гематолог дәрігерлердің ең маңыз­ды міндеттерінің бірі қатерлі дертке шалдыққан балалардың өмір сү­ру ұзақтығын одан әрі ұзарту. Сарапшылардың Мәскеуде өткен бірінші кездесуі Еуразиялық аймақ-т­ағы ортақ мәселелерді анықтап, ба­ла­лар онкологиясы саласының ал­­дағы даму бағытын айқындап бер­се, екінші кездесу балалар мен жас­өс­пірім­дерге паллиативтік көмек беру жүйесін ұйымдастыру және да­­­мыту бағытын, балалар гематологиясы мен онкологиясы саласының мед­бикелері үшін бірыңғай сертификаттау бағдарламасын дайындау, бала­лардағы қатерлі ісік ауруларын ем­деудің кешенді стандарттарын әзір­леу, онкологиялық ауруларға шал­­­дыққан балалардың бірыңғай тір­­келімдерін құру мәселелерін нақ­тылады. Сонымен қатар білімді дамы­ту, хаттамаларды әзірлеу, арнайы зерттеу топтарының басты бағдары мен Еуразиялық аймақтағы балалар онкологиялық қызметін дамытудың басымдықтары анықталды.

Кездесу аясында шараға қаты­сушылар Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен қатерлі дертке шалдыққан балаларды оңалту орталығы – «Алатау» рес­публикалық клиникалық шипа­жайында болып, екі мекеменің қыз­метімен танысты. Шараның екінші күні америкалық профессор Карлос Родригез-Галиндо Педиатрия ор­та­лығының онколог-гематолог мамандары үшін арнайы дәріс оқыды.

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»