Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы ҚазКСР ОАК жəне Халық комиссариаты кеңесінің қаулысы негізінде 1932 жылы 28 қарашада Ана мен нәрестелердің денсаулығын қорғау ғылыми зерттеу институты болып құрылды. Орталық Қазақстанда ашылған ең алғашқы институттардың бірі болып табылады. Орталық 2022 жылы 90 жылдық мерейтойын атап өтті.

            Ғасырға жуық қызметінде институт Қазақстанда ана мен бала денсаулығын қорғау қызметінің құрылуы мен қалыптасуы бойынша ғылыми жəне ұйымдастыру-əдістемелік жұмысты белсенді жүргізіп келеді. Институт ашылған алғашқы жылдары шалғайдағы ауылдарда «қызыл киіз үйлер» экспедицияларын ұйымдастырып, балаларды қарады. Және сол аймақтарда ең алғашқы бала-бақшалар мен перзентханалар ашуға мұрындық болды. Сонымен бірге институт қызметкерлері Қазақстандағы əйелдер мен балалардың денсаулық жағдайы туралы алғашқы ғылыми жəне статистикалық мəліметтерді жинады.

            Отызыншы жылдары балалар өлімінің негізгі себепшісі болған «балалардың жаз айларындағы іш өтуімен күрес» институт алдында тұрған жіті мəселелердің бірі болды. Ана мен бала денсаулығын қорғайтын мекемелердің жедел дамып бара жатқан жүйесі үшін медицина мамандарын: ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша өлкелік нұсқаушыларды, акушерлерді, мейірбикелер мен бала-бақша қызметкерлерін даярлау институт қызметінде жетекші орынды иеленді. Институттың сол жылдардағы ғылыми қызметкерлері Қазақстандағы балалар аурушаңдығы мен өлім-жітімі себептерін зерттеумен, сондай-ақ, асқазан-ішек, өкпе қабынуы ауруларын алдын-алу, оларды емдеу, балалардың дене дамуы мəселелерін зерттеумен айналысты. 1934     жылы əйелдерге кеңес беру қызметі жəне яслилер үшін ғимарат бөлінді, қызылшаға қарсы орталық, кітапхана ұйымдастырылды.

         Ұлы Отан соғысы жəне соғыстан кейінгі жылдары тың жерлерді игеру кезінде институттың қызметі толығымен ана мен бала денсаулығын қорғауды кешіктіруге болмайтын мəселелерді шешуге арналды. Қиын-қыстау уақытқа қарамастан ішек инфекциясы, өкпе қабынуы, ревматизм, рахит ауруларының алдын алу жəне оларды жою, полиомиелитті, туберкулез менингитін жою, өлі туушылықты, ана мен бала өлімін азайту бойынша жұмыстар жүргізілді.

            1940 жылы орталық атауы Ана мен бала денсаулығын қорғау ғылыми зерттеу институты болып өзгертілді. Штат құрамы 10 ғылыми қызметкер, 72 білікті маманнан тұрды. 1940 жылы институт базасында медицина институтының педиатрия факультеті ұйымдастырылды. Ғылыми зерттеу институттың қарқынды жұмысының нәтижесінде медициналық бөлімдер құрамы көбейе бастады. Мәселен, 1942 жылы гигиена жəне денсаулық сақтау ісін ұйымдастыру бөлімі құрылса, 1943 жылы педиатрия бөлімдері, босанатын əйелдерге дəрігерлік жəрдем беру бөлімі, акушерлік жəне гинекологиялық бөлімі ашылды. 1944 жылы жүйке психиатриясы бөлімі, ал 1946 жылы институт аясында физиологиялық, психофизиологиялық, бала гигиенасы сынды 3 қосымша зертханамен толықты. Орталықтағы ғылыми зерттеу жұмыстары ішек инфекциясы, өкпе қабынуы, ревматизм, рахит ауруларының алдын алуға жəне оларды жоюға, полиомиелитті, туберкулез менингитін жоюға, өлі туушылықты, ана мен бала өлімін азайтуға арналды.

         Ана мен бала денсаулығын қорғау ғылыми зерттеу институты қызметкерлерінің көп жылдық еңбегінің арқасында 1959 жылы Қазақстанда тұңғыш рет шала туған балалар күтімі бөлімі ашылды. Араға бір жыл салып, 1960 жылы республикада бірінші мамандандырылған балалар ревматологиясы бөлімі ашылды. Ал, 1962 жылы         пульмонология бөлімі құрылса, 1963 жылы «Функциональдық         нақтамалау бөлімінің» құрылымдық бөлімшесінің негізі қаланды. 1965 жылы институт аясында ғылыми-медициналық жəне медициналық-техникалық ақпарат тобы құрылды. Штат саны 260 бірлікке дейін, соның ішінде ғылыми қызметкерлер саны 72-ге дейін өсті. 1966 жылы алғаш рет бала тамақтануын ұйымдастыру бөлімі ашылды.                                 1972 жылы Қазақстан КСР Министрлер кеңесінің Қаулысымен институт атауы ҚазКСР Денсаулық сақтау министрлігінің Педиатрия ғылыми-зерттеу институты болып өзгерді.

            1981 жылы тұңғыш рет микробиология зертханасы ұйымдастырылды. Институттағы акушерлік гинекология бөлімі дербес Акушерлік жəне гинекология ғылыми-зерттеу институты болып бөлінді. Оның орнына Бала тамақтануы жəне əлеуметтік педиатрия бөлімдері құрылды. Төсектік орын саны 200-ге дейін көбейді. Жүргізілген қайта құрулар зерттелетін мəселелер шеңберін едəуір кеңейтуге, жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға, институт базасында білікті мамандар даярлау бойынша жұмысты күшейтуге мүмкіндік жасады. Сексенінші   жылдардың   басында   институт қызметкерлері тарапынан 70-тен астам кандидаттық жəне 4 докторлық диссертация қорғалды.

            Өнімді еңбек қашанда өз жемісін беретіні белгілі. Институт балалардың денсаулығын қорғауда қол жеткізген жетістіктері үшін 1983 жылы 6 қаңтарда алғашқылардың бірі болып Халықтар Достығы орденімен марапатталды.

            Еліміз тәуелсіздік алған соң араға бірнеше жылдар салып, 1994 жылы институт атауы Қазақстан Республикасы Министрлер кеңесінің №672 қаулысымен Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығы болып құрылды.

            1992 жылы Институт жанында кандидаттық жəне докторлық диссертациялар қорғау бойынша мамандандырылған кеңес құрылды. 1993 жылдан бастап бала хирургиясы бойынша диссертациялар қорғалып келеді. Бүгінгі күні барлығы 52 докторлық жəне 269 кандидаттық диссертация қорғалған.

            1995 жылдан бастап ҚР ДСМ Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығы жəне Қазақстан «Педиатрлар одағы» жанынан «Педиатрия жəне балалар хирургиясы» республикалық ғылыми практикалық журналы шығарылып келеді. Педиатрия жəне балалар хирургиясының дамуы мен бұл ғылымдағы соңғы жаңалықтар жайлы халыққа ақпарат таратып отырған басылымның авторы, талай жылдары бойы Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығына жетекшілік еткен, қазақ балалар хирургиясының атасы Камал Сәруәрұлы Ормантаев. Еліміздегі бала дəрігерлерінің алғашқы кəсіби басылымы педиатрия жəне балалар хирургиясы саласы ғылымының мазмұны мен даму барысын сəулелендіретін хабарлар мен жаңа білімдердің ақпараттық көзі болды.

         2002 жылы Қазақстан республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен «Қазақстан республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығы» бала хирургиясымен қоса бас əдістемелік, ғылыми-практикалық жəне кеңес беру орталығы болып бекітілді.

         90 жылдық тарихы бар орталықтың негізі қаланғалы әр жылдар аралығында өз білігі мен білімін көрсетіп, балалар денсаулығын оңалту мәселесіне үлкен үлес қосқан, денсаулық сақтау саласының жетекші мамандары мен ұйымдастырушылары мекемеге басшылық жасады. Атап айтқанда, Т.С.Лебединская (1932-1934 ж.), Ю.А.Богданович (1934-1935 ж.), Г.Г.Маковская жəне Ф.А.Курганская (1935-1939 ж.), Н.Н.Грюнберг (1939-1941 ж.), А.И.Розанова (1941-1943 ж.), Э.С.Медведковский (1943-1944 ж.), профессор И.Л.Стычинский (1944-1947 ж.), А.И.Авенирова (1948-1951 ж.), Х.Е.Мурзалиева (1951-1959 ж.), Ə.Б.Бисенова (1959-1980 ж.), К.С.Ормантаев (1980-1985 ж. жəне 1993-2001 ж.), А.К.Машкеев (1986-1992 ж,), К.А.Мəжібаев (2001-2005 ж.), С.А.Диқанбаева (2005-2008 ж.), Е.А.Аязбеков (2008-2011 ж.). С.Ғ.Нукушева (2011-2014 ж.), Р.З.Боранбаева (2014-2022жж) әр жылдары орталықты басқарды. 2022 жылдың тамыз айынан Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрағасы қызметін медицина ғылымдарының кандидаты Құсайынов Абай Зікрияұлы атқаруда.

         1932 жылы 28 қарашада Ана мен бала денсаулығын қорғау ғылыми зерттеу институты ретінде қаланған орталық бүгінде білікті де тәжірибелі мамандары, қуатты материалдық базасы бар, жаңа заман талаптарына сай медициналық технологияларды қолданатын жетекші ғылыми-зерттеу және клиникалық мекеменің бірегейі. Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығы емдеу мекемесі ғана емес, білігі мен білімі ұштасқан тәжірбиелі кадрларды әзірлейтін білім беру базасы, сонымен бірге Қазақстан Республикасындағы педиатрия қызметінің басты үйлестірушісі болып табылады. Бұл жерде дәрігерлердің көп жылдық тәжірибесі педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы медицина мен ғылымның инновацияларымен үйлесім тапқан. Орталықтың басты мақсаты мен міндеті - инновациялық технологияларды және медицина ғылымының озық жетістіктерін қолдана отырып Қазақстандағы балалардың денсаулығын сақтау және нығайту, балаларға сапалы медициналық қызмет көрсету және өңірлерде педиатриялық қызмет жұмысының іске асуын үйлестіру.

            Орталықта 800-ден астам қызметкер аянбай еңбек етуде, оның ішінде – 177 дәрігер, 8 медицина ғылымдарының докторы, 28 медицина ғылымдарының кандидаттары, 2 Phd докторы, 1 биология ғылымдарының кандидаты бар. Орталық озық әлемдік клиникаларда, атап айтқанда Израиль, ОАР, Шотландия, АҚШ, Оңтүстік Корея, Ресей, Германия, Ұлыбритания, Австрия елдерінде түрлі тағылымдамалардан өткен білікті де кәсіби кадрлармен жасақталған.

            Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығында туа біткен даму ақауын, қан ауруларын, қатерлі ісікті, тыныс алу және ас қорыту органдарының ауруларын, тұқым қуалайтын синдромдарды, біріншілікті иммунтапшылығын және басқа да балалар жасындағы күрделі ауруларды әлемдік стандарт бойынша емдейтін хирургия, неонатология, онкология және гематология (5), жалпы педиатрия, пульмонология, балалар кардиохирургиясы, урология сынды 30-дан астам бөлімдер бар. Сондай-ақ, орталықта әртүрлі салаға арналған 4 жан сақтау бөлімшесі және заманауи жоғары деңгейде жарақтандырылған аферез және трансфузиология бөлімі қамтылған гемопоэздік өзектік жасушалардың сапасын бақылау зертханасы, клиникалық-диагностикалық зертхана бар.

            Орталық көптеген халықаралық клиникаларымен, орталықтарымен жəне қоғамдарымен ынтымақтастық орнатып, Израиль, АҚШ, Оңтүстік Корея, Ресей, Германия сынды әлемдік жетекші клиникалармен жұмыс жасайды. Атап айтқанда, Италияның Бергамо қаласындағы кардиохирургиялық орталығымен, Германияның (Берлин қ.) Шаритэ университеттік медициналық кешенімен, Мәскеудің Д.Рогачев атындағы балалар гематологиясы, онкологиясы және иммунологиясы ғылыми-зерттеу институтымен, Оңтүстік Кореяның Пуссондағы университеттік клиникасымен, Венгрияның (Будапешт қ.) гемопоэздік өзектік жасушаларды трансплантациялау және балалар гематологиясы орталығымен, Ресейдің А.Н.Бакулев атындағы жүрек-қантамыр хирургиясы ғылыми орталығынмен, Киев қаласының Балалар кардиологиясы мен кардиохирургиясы ғылыми-практикалық орталығымен, әлемнің түркі тілдес елдерінің Ұлттық педиатрия қоғамының Одағы, Санкт-Петербургте орналасқан жаңадан туғандардың жан сақтау жəне хирургия орталығы, Стамбул (Түркия), Новосібір, Томск кардиохирургия орталығы және т.б. таяу жəне қиыр шетелдің түрлі клиникаларымен және орталықтарымен ынтымақтастық байланыста.

            Өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғау саласындағы үлкен жетістіктері үшін Қазақстандағы ғылыми медициналық мекемелер арасында алғашқы болып 1983 жылы орталық Халықтар Достығы Орденімен марапатталды. 2013 жылы Педиатрия орталығы жыл сайын өткізілетін «Сапа үшін Еуропалық Гран При» халықаралық байқауының «Медицина саласының көшбасшысы» аталымының Бас жүлдегері атанды. Ғылыми-техникалық жетістіктері үшін орталық «110 патент» алған. Сондай-ақ, 25 монография шығарылып, орталықта 70-тен астам әдістемелік ұсыныстар жасалған.

 

            Орталықта төмен салмақпен туылған нəрестелердің күтімі, церебральдық жəне инфекциялық патологиямен туған сəбилерді емдеу, асқазан-ішек жолы, жүрек-қан тамыры, қолқа-өкпе, несеп шығару жүйелері ақауларымен туылған балаларды хирургиялық түзету жəне консервативтік əдістермен емдеу, балалардың қан ауруларын, муковисцидоз, демікпе, целиакия ауруларын емдеу мəселелерін қамтитын бірқатар ірі ғылыми жұмыстар орындалуда.

            2011 жылдан бастап «Қазақстан Республикасында балаларға медициналық көмек көрсету технологияларын ғылыми негіздеу» мақсатты ғылыми-техникалық бағдарламасы бекітілді жəне жүзеге асырылуда. Көз аурулары ғылыми-зерттеу институты, Акушерия, гинекология жəне перинатология ғылыми орталығы жəне қоғамдық денсаулық сақтау Жоғарғы мектебімен бірге зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына əр жылдары Н.А.Барлыбаева, Ə.Қ.Машкеев, Б.Ж.Тастанбеков, К.О.Омарова, А.С.Тыныбеков, А.С.Аюбаев, А.А.Базарбаева жетекшілік етті. Қазіргі уақытта ғылыми-клиникалық және инновациялық қызметтер жөніндегі Басқарма төрағасының орынбасары қызметін м.ғ.к. Манжуова Лязат Нұрбапақызы атқарады.

         Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығы С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың көптеген клиникалық кафедралары, дипломнан кейінгі даярлық жəне дəрігерлердің мамандығын жетілдіру курстары үшін клиникалық жəне оқу базасы болып табылады. Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығының базасында бала гемотологиясы, кардиологиясы жəне ревмотологиясы бойынша қайта даярлықтан өту, педиатрияның көкейкесті мəселелері (пульмонология, гемотология, гастроэнтерология, кардиорев-мотология, функциональдық нақтамалау жəне зертхана ісі) бойынша дəрігерлердің білімін жетілдіру циклдары жүргізіледі. Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығы базасында сонымен қатар, «Педиатрия» және «Балалар хирургиясы», «Балалар онкологиясы мен гематологиясы» мамандығы бойынша резиденттер дайындау жүзеге асырылып, ЖОО кейінгі білім беру бағдарламасы іске асып келеді.

         2011 жылы ғылыми орталықтың 150 төсек-орындық қосымша жаңа ғимараты салынды. Онда бала кардиохирургиясы жəне интервенциялық кардиология бөлімі, сондай-ақ сүйек кемігі майын ауыстырып салу бөлімі мен онкогематология орталығы ашылды.

         Тәуелсіздік алған жылдардан бері орталықта әлемдік стандарт сапасына сай жоғары медициналық технологиялар қолданылып келеді. Клиникада жылына 2000-ға жуық балаға жедел араласулар, операциялар жасалынады. Жылына орташа алғанда жүрекке 120-ден астам ашық операциялар және 550-ден астам эндоваскулярлық операциялар жасалынады (қарынша аралық қалқа ақауларын, жүрекше аралық қалқа ақауларын жабу, үлкен аортоөкпелік коллатеральдық артерия және ашық артериялық түтік кезінде эмболизация, ашық артериялық түтікті стенттеу, баллондық вальвулопластика). Бүгінгі күні кардиохирургияда нәрестелердегі жүректің күрделі ақауын түзету бойынша емдеудің жаңа технологиялары меңгерілді.

            2012 жылдан бастап мекемеде телемедицина бағыты қолған алынған. 2017 жылы 232 телекеңес берілсе, бүгінде 2022 жылы 600-ден аса телекеңес беріліп, орталық дәрігерлері өз көмектерін көрсетуде. Заманауи тәсіл арқылы Республика бойынша еліміздің әр түкпіріндегі барлық клиникалар Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығы мамандарынан балалар дертіне және оны емдеу жолдарына қатысты кеңес алып, науқасты сауықтыру жолдарын бірге қарастырады. Сондай-ақ, заманауи құрылғылармен жабдықталған Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығы телемедицина арқылы денсаулық сақтау саласы жөнінде шет ел мамандарымен үнемі пікір алмасып, медициналық-шығармашылық бірлестікте.

            Шұғыл консультациялық көмек көрсету үшін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының реаниматолог, кардиохирург, пульмонолог, хирург және т.б. мамандары еліміздің түрлі аймақтарына ұшу сапарларын жасайды.

            285 төсек-орынға арналған клинкада жылына жаңа туған нәрестеден бастап 18 жасқа дейінгі Қазақстанның барлық өңірлерінен 6000-нан астам бала тәулік бойы және күндізгі стационар жағдайында мамандандырылған және жоғары деңгейде қажетті медициналық көмек алады.