Select font Arial Times New Roman
Character spacing (kerning): Standard Medium Large
Жылдағы дәстүр бойынша биыл да Педиатрия орталығының Кәсіподақ ұйымы Жаңа жыл қарсаңында барша қызметкерлердің балаларынына тәттілер таратты. Барлығы орталықта қызмет жасайтын 800 қызметкерге 800 жаңажылдық тәттілер салынған сыйлықтар берілді.
Сонымен қатар, Кәсіподақ ұйымы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының жаңажылдық қойылымдарына 150-ден аса билет таратты.
«Жаңа жылда әр бала сыйлық, тәттілер күтеді. Бір ғажайыптың болатынына сенеді. Қызым тәтті сыйлықтарды алып, қатты қуанып қалды. Демалыс күні сонымен қатар, театрға барып, жаңажылдық қойылымды тамашалап, шырша мерекесіне қатысып, күнімізді бірге өткіздік. Қызымның қуанышында шек жоқ. Балаларымызға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған қызмет орныма зор алғысымды білдіремін», деді орталық қызметкері, телемедицина үйлестірушісі Ирина Вяткина.
Сондай-ақ, "Ақниет" Қазақстан денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Алматы қаласындағы филиалының ұйымдастырылуымен өткізілген "Ғажайып Жаңа жыл" атты шырша мерекесіне қатысуға 21 балаға шақыру билеті берілді. Онда балалар ән айтып, би билеп, анимациялық қойылымды тамашалап, жаңажылдық сыйлықтарға ие болды.
#Педиатрияорталығы
#Кәсіподақ
#Жаңажыл
#жаңажылдықсыйлықтар
1-2 желтоқсанда Педиатрия орталығында Ресей Федерациясынан келген спикерлердің, жетекші гематопатологтардың қатысуымен «Балалар мен жасөспірімдердің гематологиялық ауруларының морфологиялық диагностикасы» атты шеберлік сыныбы өтті.
Іс-шараның мақсаты – балалар жасындағы гематологиялық аурулардың патоморфологиялық диагностикасын жетілдіру.
Шеберлік сыныбын профессор, медицина ғылымдарының докторы, патологиялық анатомия кафедрасының меңгерушісі, патоморфология ғылыми-клиникалық орталығының меңгерушісі, И.П.Павлова атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік медицина университетінің №2 патоанатомиялық (гематопатология) кафедрасының меңгерушісі - Вадим Валентинович Байков пен И.П.Павлова атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік медицина университетінің №2 патоанатомиялық (гематопатология) кафедрасының патологоанатом дәрігері, патологиялық анатомия кафедрасының ассистенті - Гусак Артем Александрович жүргізді.
Шеберлік сабағында педиатриялық тәжірибеде гематологиялық науқастарды диагностикалаудың қиындықтары талқыланды. Клиникалық жағдайлар баяндамаларын Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының патологоанатомдары: м.ғ.к. Махнева Анна Фридриховна, м.ғ.к. Бекишева Айгүл Нұрпапайқызы, Жандилдина Диляра Талғатқызы ұсынды.
Тәжірибе алмасу мақсатында онлайн және офлайн түрінде өткен тренингке Қазақстан Республикасының патологанатомдары мен гематологтары қатысты.
Іс-шараны ұйымдастырушылар: АҚ «ПБХҒО» және «Карл Цейсс» ЖШС.
#НЦПДХ
#мастеркласс
#тренинг
#НЦпедиатрии
#конференция
Алғашқы медициналық-санитарлық көмек қоғамдағы әрбір адамның, соның ішінде балалар мен жасөспірімдердің физикалық және психикалық денсаулығын нығайтуға ең тиімді, инклюзивті және әсерлі тәсіл болып табылады.
Алғашқы буын медицина қызметкерлеріне көмектесу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) баланың немесе жасөспірімнің мүдделеріне сәйкес келетін дәлелді көмек көрсету үшін МСАК-тың қалта анықтамалығын дайындады.
2023 жылғы 28-29 қараша күндері аралығында Алматы қаласында «Балалар мен жасөспірімдерге алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету» атты қалта анықтамалығының елдік нұсқасын бейімдеу бойынша дөңгелек үстел отырысы өтті.
Дөңгелек үстел жұмысына ҚР ДСМ АБДС департаментінің директоры М.Х.Ембергенова, ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің балалар мен жасөспірімдер денсаулығын сақтау басқармасының басшысы С.Ж.Саурова қатысты, ҚР ДДҰ елдік кеңсесінің басшысы Skender Syla құттықтау сөз сөйледі.
Жұмыс тобының құрамына 20-дан астам профессорлар мен доценттер, педиатрия мен жалпы медицинаның негізгі салалары бойынша бас мамандар кірді. Дөңгелек үстел жұмысына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қорғау жөніндегі маманы Айгүл Құттымұратова, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшысы Лаура Өтемісова, «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» қазақстандық желісінің үйлестірушісі Ақбота Әбілдина, сондай-ақ, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Балалар жасындағы ауруларды ықпалдастыра қарау бөлімінің мамандары, республикалық бағдарламаның үйлестірушілері Ким Н.Г. және Антонова Е.Ю. белсенді қатысты.
Дөңгелек үстелде жұмыс тобы құжатты қарап, сараптамалық баға берді және Қазақстанда «МСАК қалталы анықтамалығының» қолданылуын қамтамасыз ету үшін арнайы өзгерістерді талап ететін ескертулердің кең тізімін ұсынды.
Іс-шара ҚР ДДҰ елдік кеңсесінің қолдауымен Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығымен және С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетімен бірлесіп өткізілді.
#дөңгелекүстел
#қалтаанықтамалығы
#ДДҰ
#алғашқымедициналықсанитарлықкөмек
#Педиатрияорталығы
Бүгін, 17 қараша күні Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында Халықаралық шала туған нәрестелер күніне орай мерекелік шара өтті.
Дүниежүзінде 17 қараша күні атап өтілетін бұл күннің басты мақсаты – шала туылған нәрестелер мәселелеріне қоғамның назарын аудару, ата-аналарға қолдау көрсету, ерте босанып қалудың қауіптілігі мен салдары, сондай-ақ алдын алу және жүктіліктің толық мерзімін сақтау қажеттілігі туралы ақпараттандыру.
Шараға орталықтың дәрігерлері, резиденттер, мейірбикелер мен неонатология және жаңа туған нәрестелердің хирургия бөлімінде ем алып жатқан кішкентай сәбилердің ата-аналары қатысты. Барша ата-аналарды мерекемен Басқарма төрағасының клиникалық қызметтер жөніндегі орынбасары Асылжан Ерекешов, Педиатриялық блок басшысы Гүлмира Алтынбаева құттықтап, денсаулық, күш пен қайрат, төзімділік пен шыдамдылық тіледі.
Шараға арнайы келген «Мен сенімен біргемін» қорының өкілдері де құттықтау сөз сөйлеп, бөлімде жатқан барлық ата-анаға арнайы сыйлықтар мен әр нәрестенің есімдері жазылған шарларды табыс етті. Мерекелік шара ата-аналарға арналған мотивациялық бейнероликтің көрсетілімімен басталды. Шара барысында сонымен қатар, неонатологтардың қызметі мен жетістіктері баяндалды. Стендтерде балалардың туған кездегі және қазіргі кездегі фотосуреттері қойылды. Шара соңында балалардың аналары медицина қызметкерлеріне өз алғыстарын білдірді.
Атам қазақ ертеде шала туған шақалақты тымаққа салып өмірін сақтаған. Киіз үйдің керегесіне ілінген түлкі тымақтың ішінде нәресте өмірмен өзі күрессе, бүгінде ақ халаттылар шақалақтардың өмірін сақтау үшін барын салуда. Өйткені, әр нәресте өмір сүруге құқылы.
Педиатрия орталығының Неонатология және жаңа туған нәрестелердің хирургия бөлімнің өте төмен дене салмағы бар сәбилерді күту мен емдеуде 64 жылдық үлкен тәжірибесі бар. Бөлім 1959 жылдан бері жұмыс істейді. Бөлім Қазақстанның түкпір-түкпірінен туа біткен ақаулары мен хирургиялық патологиясы бар жаңа туған нәрестелерге шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Бұл топтағы науқастарға өңеш атрезиясы, диафрагмалық грыжа, ішек өтімсіздігі, аноректальді ақаулар, гастрошизис, омфалоцеле, сакрококцигеальды аймақтың тератомасы және т.б күрделі реконструктивтік пластикалық операция жасалады. Шала туылған балалар да әртүрлі туа біткен патологиялармен дүниеге келеді. Оларға да толық хирургиялық көмек көрсетіледі.
«Жыл сайын бөлімде әртүрлі патологиямен республиканың әр өңірінен 400-ге жуық нәресте емделеді. Олардың 80% үлесін салмағы 700 – 2500 гр-ға дейінгі 25-35 апталық дене салмағы төменгі, өте төменгі және экстремалды төменгі салмақтағы шала туылған нәрестелер құрайды. Бөлім 2022 жылы түрлі патологиямен дүниеге келген 300-ден аса сәбиді ажал аузынан аман алып қалса, биыл жыл басынан бері 350-ге жуық шақалақты күтіп баптады. Бөлім 20 төсек орынға арналған. Бөлім 2003 жылдан бастап туа біткен хирургиялық патологиясы бар жаңа туған нәрестелерді қабылдай бастаса, 2012 жылдан бастап шала туылған нәрестелердің ретинопатиясы бар шала туылған нәрестелерді қабылдап, оларға көз торының лазерлік коагуляциясын табысты жасай бастады. Дене салмағы 1000 грамм ғана болатын шала туылған нәрестелердің өмір сүру деңгейі айтарлықтай өсті. Шала туған нәрестелердің өлім-жітімі 3-4 есеге төмендеді. Біздің Орталықтың неонатология және неонатологиялық хирургия бөлімінде бір жыл ішінде емделіп шыққан сәбилердің 80%-ға жуығы шала туылған нәрестелер. Шала туылған нәрестелердің өмір сүру деңгейі жыл сайын артып келеді», деп атап өтті Педиатрия орталығының Неонатология және жаңа туған нәрестелердің хирургия бөлімінің меңгерушісі Айжан Байғұттиева.
Баршаға аян, шақалардарды күтіп-бағу үлкен күш пен қайратты, төзімділік пен шыдамдылықты талап етеді. Бұл тарапта ерекше ұқыпты күтім, жоғары технологиялық құралдарды қолдана отырып сапалы емдеу, ұзақ бақылауды талап ететін неонатолог дәрігерлерінің, неонаталды хирургтар мен мейірбикелердің еңбегі ерен. Әр сәбидің өмірі үшін бөлімде 20-дан аса мамандар күресіп, кішкентай періштелердің өміріне араша түсуде. Мамандар ата-ананың психологиялық дайындығы да шала туған нәрестені сәтті күтуде үлкен рөл атқарады, дейді.
Шалабайлар күні қарсаңында, сәбилердің өмірін сақтауға үлес қосып жүрген барша ақхалаттыларға зор алғысымызды білдіріп, ауыр да жауапты қызметтеріне табыс тілейміз!
«Педиатрия және балалар
хирургиясы ғылыми орталығы»
баспасөз қызметі
8(727) 269 69 52
Бүгін, 6 қараша күні көпжылдық қажырлы еңбегімен еленген Педиатрия орталығының бірқатар мамандары мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Атап айтқанда, 36 жыл ғұмырын балалар саулығына арнап келе жатқан гастроэнтеролог, медицина ғылымдарының докторы Майра Шарипова мен 43 жылдан астам Педиатрия орталығында қызмет жасап келе жатқан балалар жанашыры, урология бөлімінің мейірбикесі Любовь Чукреева ҚР Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің медицина саласын дамытуға, балалар денсаулығын нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен адал қызметі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Жоғары награданы орталық басшысы Абай Құсайынов өз қолымен табыстап, бұл марапат жанқиярлық еңбек пен кәсіпке деген адалдықтың өтеуі ғана емес, ата-аналардың үлкен алғысы деп білерсіздер, деп атап өтті.
Құрмет пен алғысқа бөленген ақ халатты абзал жандарды жоғары марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз! Сырқат жанның дертіне дауа, еміне шипа таба білген алтын қолды дәрігерлердің өлшеусіз еңбегі қандай марапатқа болса да лайық. Ерен еңбектеріңіз бағалана берсін! Қандай қиындық болса да еңсере білген дәрігерлерге мол күш-қуат, қайтпас қайсарлық тілейміз!
#Марапат
#госнаграда
#балалардәрігерлері
#медицина
#Педиатрияорталығы
#құттықтау
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы 2023 жылға арналған 005 «Денсаулық сақтау ұйымдары кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау» бюджеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында «МСАК жағдайында онкологиялық аурулардың ерте диагностикасы» тақырыбы бойынша «ПБХҒО» АҚ базасында 90 сағат көлемінде біліктілікті арттыру циклін өткізді. Семинар 2023 жылғы 26 қазан-4 қараша аралығында өтті.
Біліктілікті арттыру дәрісіне Қазақстанның әр өңірінен (Алматы, Алматы облысы, Жамбыл облысы, Түркістан облысы) 20 дәрігер қатысты. Олардың ішінде педиатрлар, онкологтар, балалар хирургтары, ЖТД, бала көз дәрігерлері, инфекционистер, бала гинекологтары, УДЗ дәрігерлері бар.
Клиникалық балалар онкологиясының проблемалары қатерлі ісіктер мен олардан болатын өлім-жітімнің үнемі өсуіне байланысты бүкіл әлемдегі дәрігерлердің назарында. Балалардағы ісік дамуының ересектерге қарағанда өзіндік ерекшеліктері бар, бұл кешенді тәсілді қажет етеді. Онкологиялық аурулар клиникасы, әсіресе дебютте, өте көппішінді. Көбінесе бұл науқастар басқа мамандардың тексеруінен өтеді. Болжамның сәтті болуы, жүргізілетін нақты терапияның тиімділігі үшін аурудың ерте диагностикасы өте маңызды, бұл негізінен бастапқы буын дәрігерлерінің онкологиялық сақтығына байланысты. Кеш қойылған диагноз, сондай-ақ арнайы терапияның кеш басталуы аурудың өршуіне, емдеуге төзімділікке, ауыр асқынулар мен өлімге әкеледі. Осыған байланысты «МСАК жағдайында онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау» білім беру бағдарламасы өзекті болып қала береді.
#біліктіліктіарттыру
#онкогематология
#балаларонкологиясы
#медицина
#Педиатрияорталығы
#семинар
1 қарашада Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында Стамбул медицина университетінің профессоры Юнус Сойлет «Төменгі зәр шығару жолдарының бітелуі» және «Балалардағы бүйрек жеткіліксіздігі» тақырыптарында дәріс оқыды.
Дәріске Орталықтың дәрігерлері, резиденттер мен С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетініңмен студенттері қатысты.
#Дәріс
#ЮнусСойлет
#білім
#Педиатрияорталығы
Жуырда Педиатрия орталығы қызметкерлері арасында футболдан жарыс өтті.
Қызықты да тартысты өткен футбол ойынына 40-тан аса қызметкер қатысты. Шараның өтуіне ұйтқы болған — Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Кәсіподақ ұйымы.
Ақ халаттарын аяқ добына ауыстырған дәрігерлер тамаша ойын көрсетті. Сайыс қорытындысы бойынша 1 орынды айқын басымдылықпен өнер көрсеткен — Мейірағалар командасы ие болды. Футбол кубогы команда капитанына табысталды. 2 орынды Дәрігерлерден құралған құралған команда иеленді, 3 орын - Әкімшілік-шаруашылық командасына бұйырды.
Шарада сонымен қатар, футболда үздік ойын көрсеткен дәрігерлер арнайы аталымдармен марапатталды. Атап айтқанда, Кардиохирургия бөлімінің мейірағасы Еркебұлан Ыдырыс «Үздік сұрмерген» атанса, мықты қақпашы екендігін көрсеткен Жаңа туған нәрестелер реанимациясы бөлімінің мейірағасы Дастан Мажитов «Үздік қақпашы» номинациясымен марапатталды.
Ойыннан керемет әсер, шабыт алдық, тартысты ойын болды дейді, шараға қатысушылар.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы кубокпен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
«Жарыс қызметкерлер арасында бұқаралық спортты, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Республика күні аясында арнайы өткізілді. Бағы мен бабы шапқан жеңімпаздарға, шараға атсалысып, ойын көрігін қыздырған барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Қызметтен тыс, түрлі іс-шаралар әріптестікті арттырып, ұжымды ауызбіршілікке шақыратыны сөзсіз. Сондықтан, алдағы уақытта түрлі спорттық жарыстарды өткізу жоспарымызда бар», дейді Кәсіподақ мүшесі Сүндет Саргелов.
#футбол
#Педиатрияорталығы
#жарыс
#Республикакүні
#Балалардәрігерлері
#Кәсіподақ
25 қазан ұлттық мереке - Республика күні. Айтулы күн қарсаңында балалар денсаулығын нығайту жолында елеулі еңбек сіңіріп, денсаулық сақтау ісін дамытуға айырықша үлес қосып келе жатқан Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының дәрігерлері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жоғары наградаларымен марапатталды.
Медицина саласының үздіктерін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Директорлар кеңесінің төрайымы Омарова Мариям Нұрғалиқызы мен орталық басшысы міндетін атқарушы Константин Хаиров марапаттап, барша қауымды еліміздің айтулы датасы Республика күнімен құттықтады.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен Сәулелі диагностика бөлімінің УДЗ дәрігері Данияр Булатов, кітапханашы Қызғалдақ Какимова, мейірбике Күміскүл Дүйсенбекова, мейірбике Айгүл Тілешева марапатталып, құрметке бөленді.
Ал, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» медалімен балалар уролог дәрігері Шоқан Тұрысбеков, зертханашы Бейбіткүл Иманбекова, мейірбике Хельчям Сулайманова, мейірбике Ардақ Қабықбаева марапатталып, ерен еңбектері бағаланды.
«Еңбек ардагері» медалімен 40 жылдан астам ғұмырын балалар саулығына арнап келе жатқан Жақауова Нұрбибі Еркебайқызы марапатталды.
Балалар денсаулығын сақтау саласындағы жемісті еңбегі мен денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін берілген Құрмет грамоталарымен: балалар онкогематологы Ақбота Алпарова, тәрбиеші Гүлжан Ыдырысова, мейірбике Данагүл Зауытова, экономист Жанар Байболова марапатталды.
Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі мен мінсіз адал еңбегі үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Алғыс хатымен: Эндоскопия бөлімінің меңгерушісі Нышанбек Шыланбаев, тәрбиеші Күләш Жазықбекова, мейірбике Альбина Борамбаева, шаруашылық бике Гүлнұр Күлімқанова марапатталып, ерекше сый-құрметке бөленді.
Сонымен қатар, салтанатты жиын барысында Сүндет Саргелов «Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Кәсіподақ ісіне сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Республика күніне орай сондай-ақ орталықтың бірқатар мамандары С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың наградаларымен марапатталды. Атап айтқанда, университеттің дамуына қосқан айрықша үлесі үшін Хирургиялық блок басшысы Константин Хаиров «ҚазҰМУ ардагері» төсбелгісімен, Балалар онкологиясы және гематологиясы орталығының басшысы Гүлнара Абдилова Алтын медальмен, аға мейірбике Гүлбану Омарова Күміс медальмен, мейірбике Халидам Юсупова Қола медальмен, Кадр жұмысы бөлімінің аға маманы Гүлнұр Рыскелдиева Құрмет грамотасымен, инженер Ерқанат Дүйсебай Алғыс хатпен марапатталды.
Ерен еңбектері бағаланып, еңбегі еленген барша марапат иелерін құттықтаймыз!
Адам жанының арашашысы – ақ халатты абзал жандардың еңбектерi қандай марапатқа болса да лайық. Өйткені, олар балалар саулығы жолында аянбай қызмет етіп, қаншама мың сәбилер мен балаларға жаңа өмір, жарық күн сыйлап, тыным таппастан адамзатқа, ел болашағына қызмет етіп келеді. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында бар өмірі мен қызметін кішкентай нәрестелер мен балалар денсаулығына арнап келе жатқан 700-ден астам қызметкер аянбай қызмет етуде.
Еліміздің көк туы әрдайым биікте желбірей берсін! Егемендігіміз баянды болсын! Жарқын болашақ, елдің ертеңі - жас ұрпақтың денсаулығын емдеу мен медициналық көмек көрсетуде қосар үлестеріңіз мол болсын!
#РеспубликаКүні
#ЕңбекБағаланғанКүн
#Балаларсаулығы
#Педиатрияорталығы
#Марапатжауғанкүн
#балалардәрігерлері
12-14 қазан күндері аралығында Алматыда Дүниежүзілік анестезиолог күні аясында Қазақстанның анестезиологтары мен реаниматологтарының IV съезі өтті.
Бес жылда бір өтететін жиынға биыл Қытай, Америка, Жапония, Германия, Грузия, Түрік елі, Өзбекстан және өз еліміздің әр өңірінен келген 700-ден аса анестезиологтар мен реаниматологтар, ғылыми орталықтардың, ғылыми-зерттеу және білім беру мекемелерінің, облыстық, қалалық және өңірлік медициналық мекемелердің мамандары қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты - ҚР халқына мамандандырылған медициналық көмекті жақсарту мақсатында анестезиологтар мен реаниматологтардың және сабақтас мамандықтардың басын қосу, 2018 жылы өткізілген III Съезден кейінгі кезеңдегі осы салада жинақталған мәселелерді талқылау және оларды шешу жолдарын іздеу, дейді шара ұйымдастырушылары.
Съездің салтанатты ашылу Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудниктің, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ректоры Марат Шорановтың, «Анестезиологтар және реаниматологтар федерациясы» РҚБ президенті, профессор Ерғали Миербековтың, Дүниежүзілік анестезиологиялық қоғамдар Федерациясының (WFSA) Президенті Уэйн Морристің, сонымен қатар, «А.Н. Сызғанов ат. ҰҒХО» АҚ Басқарма төрағасы Болатбек Баймахановтың, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрағасының клиникалық жұмыстар жөніндегі орынбасары Асылжан Ерекешовтың, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимовтың құттықтау алғы сөзімен ашылды. Қонақтар барша съез қатысушыларын 16 қазан- анестезиолог-реаниматологтар күнімен құттықтап, жанның арашасысы, ауыр да жауапты қызмет иелері — анестезилог-реаниматолог мамандарының медицинада алар орнының ерекшелігін атап өтті.
«Іс-шара Қазақстанның бүкіл анестезиологиялық қоғамдастығы өміріндегі айтулы оқиға болып табылады. Отандық медицинаны дамытуға, сондай-ақ халықаралық байланыстарды нығайтуға бағытталған. Бұл біздің ауыр жағдайдағы науқастарымызға көмектесуге қатысатын барлық мамандардың бірігуіне мүмкіндік береді. Осы саланың мамандары жиында тәжірибелерін байытып, жетекші сарапшылармен пікір алмасып, талқылауларға белсенді қатыса алады», дейді «Анестезиологтар және реаниматологтар федерациясы» РҚБ президенті Ерғали Миербеков.
Басқосуда анестезиология және реаниматология қызметінің ұйымдастыру мәселелері, педиатрия мен неонатологиядағы анестезиология және қарқынды ем мәселелері, жалпы педиатрия, нейрохирургия, травматология, онкология, гинекологиядағы, сонымен қатар кардиоторакальды және тамырлы хирургиядағы, перфузиологиядағы және трансфузиологиядағы анестезиология мен қарқынды терапиялық ем мәселелері талқыланды. Съез ясында алғаш рет анестезиология және реаниматология саласында жұмыс істейтін мейіргерлер үшін арнайы секциялар өткізілді.
Қазақстанның анестезиологтары мен реаниматологтарының IV съезі барысында осы саланың Үздік мамандары анықталып, еліміздің анестезиология саласына көп жыл еңбек сіңірген 20-дан аса ардагер анестезиологтар мен реаниматологтар Қазақстан Республикасы халқының өмірі мен денсаулығын сақтау ісіне қосқан үлесі мен мінсіз адал еңбегі үшін «Ардагер анестезиолог- реаниматолог» және «Үздік анестезиолог-реаниматолог» төсбелгілерімен марапатталды.
Басқосуда Қазақстан анестезиологтары мен реаниматологтарының жаңа құрамы бекітіліп, съезд өз жұмысын арнайы резолюция қабылдаумен аяқтады.
Қазақстан анестезиологтары мен реаниматологтарының IV съезін ұйымдастырушылар: ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен "Анестезиологтар және реаниматологтар федерациясы" Республикалық қоғамдық бірлестігі, "Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ" АҚ, "А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы" және "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы" АҚ.
#анестезилогия
#реаниматология
#анестезиологтарсъезі
#медицина
#Педиатрияорталығы
#съезд