There is no translation available.

 

 

Бүгін, 17 қараша күні Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында Халықаралық шала туған нәрестелер күніне орай мерекелік шара өтті.

Дүниежүзінде 17 қараша күні атап өтілетін бұл күннің басты мақсаты – шала туылған нәрестелер мәселелеріне қоғамның назарын аудару, ата-аналарға қолдау көрсету, ерте босанып қалудың қауіптілігі мен салдары, сондай-ақ алдын алу және жүктіліктің толық мерзімін сақтау қажеттілігі туралы ақпараттандыру.

Шараға орталықтың дәрігерлері, резиденттер, мейірбикелер мен неонатология және жаңа туған нәрестелердің хирургия бөлімінде ем алып жатқан кішкентай сәбилердің ата-аналары қатысты. Барша ата-аналарды мерекемен Басқарма төрағасының клиникалық қызметтер жөніндегі орынбасары Асылжан Ерекешов, Педиатриялық блок басшысы Гүлмира Алтынбаева құттықтап, денсаулық, күш пен қайрат, төзімділік пен шыдамдылық тіледі.

Шараға арнайы келген «Мен сенімен біргемін» қорының өкілдері де құттықтау сөз сөйлеп, бөлімде жатқан барлық ата-анаға арнайы сыйлықтар мен әр нәрестенің есімдері жазылған шарларды табыс етті. Мерекелік шара ата-аналарға арналған мотивациялық бейнероликтің көрсетілімімен басталды. Шара барысында сонымен қатар, неонатологтардың қызметі мен жетістіктері баяндалды. Стендтерде балалардың туған кездегі және қазіргі кездегі фотосуреттері қойылды. Шара соңында балалардың аналары медицина қызметкерлеріне өз алғыстарын білдірді.

Атам қазақ ертеде шала туған шақалақты тымаққа салып өмірін сақтаған. Киіз үйдің керегесіне ілінген түлкі тымақтың ішінде нәресте өмірмен өзі күрессе, бүгінде ақ халаттылар шақалақтардың өмірін сақтау үшін барын салуда. Өйткені, әр нәресте өмір сүруге құқылы.

Педиатрия орталығының Неонатология және жаңа туған нәрестелердің хирургия бөлімнің өте төмен дене салмағы бар сәбилерді күту мен емдеуде 64 жылдық үлкен тәжірибесі бар. Бөлім 1959 жылдан бері жұмыс істейді. Бөлім Қазақстанның түкпір-түкпірінен туа біткен ақаулары мен хирургиялық патологиясы бар жаңа туған нәрестелерге шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Бұл топтағы науқастарға өңеш атрезиясы, диафрагмалық грыжа, ішек өтімсіздігі, аноректальді ақаулар, гастрошизис, омфалоцеле, сакрококцигеальды аймақтың тератомасы және т.б күрделі реконструктивтік пластикалық операция жасалады. Шала туылған балалар да әртүрлі туа біткен патологиялармен дүниеге келеді. Оларға да толық хирургиялық көмек көрсетіледі.

«Жыл сайын бөлімде әртүрлі патологиямен республиканың әр өңірінен 400-ге жуық нәресте емделеді. Олардың 80% үлесін салмағы 700 – 2500 гр-ға дейінгі 25-35 апталық дене салмағы төменгі, өте төменгі және экстремалды төменгі салмақтағы шала туылған нәрестелер құрайды. Бөлім 2022 жылы түрлі патологиямен дүниеге келген 300-ден аса сәбиді ажал аузынан аман алып қалса, биыл жыл басынан бері 350-ге жуық шақалақты күтіп баптады. Бөлім 20 төсек орынға арналған. Бөлім 2003 жылдан бастап туа біткен хирургиялық патологиясы бар жаңа туған нәрестелерді қабылдай бастаса, 2012 жылдан бастап шала туылған нәрестелердің ретинопатиясы бар шала туылған нәрестелерді қабылдап, оларға көз торының лазерлік коагуляциясын табысты жасай бастады. Дене салмағы 1000 грамм ғана болатын шала туылған нәрестелердің өмір сүру деңгейі айтарлықтай өсті. Шала туған нәрестелердің өлім-жітімі 3-4 есеге төмендеді. Біздің Орталықтың неонатология және неонатологиялық хирургия бөлімінде бір жыл ішінде емделіп шыққан сәбилердің 80%-ға жуығы шала туылған нәрестелер. Шала туылған нәрестелердің өмір сүру деңгейі жыл сайын артып келеді», деп атап өтті Педиатрия орталығының Неонатология және жаңа туған нәрестелердің хирургия бөлімінің меңгерушісі Айжан Байғұттиева.

Баршаға аян, шақалардарды күтіп-бағу үлкен күш пен қайратты, төзімділік пен шыдамдылықты талап етеді. Бұл тарапта ерекше ұқыпты күтім, жоғары технологиялық құралдарды қолдана отырып сапалы емдеу, ұзақ бақылауды талап ететін неонатолог дәрігерлерінің, неонаталды хирургтар мен мейірбикелердің еңбегі ерен. Әр сәбидің өмірі үшін бөлімде 20-дан аса мамандар күресіп, кішкентай періштелердің өміріне араша түсуде.   Мамандар ата-ананың психологиялық дайындығы да шала туған нәрестені сәтті күтуде үлкен рөл атқарады, дейді.

Шалабайлар күні қарсаңында, сәбилердің өмірін сақтауға үлес қосып жүрген барша ақхалаттыларға зор алғысымызды білдіріп, ауыр да жауапты қызметтеріне табыс тілейміз!

 

«Педиатрия және балалар

хирургиясы ғылыми орталығы»

баспасөз қызметі

8(727) 269 69 52