Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік кеңсесінің қолдауымен ТМД мемлекеттері (Еуразиялық аймақ) балалар онкологиясы саласы сарапшыларының екінші кездесуі өтті.
14 ел сарапшыларының басын қосқан алқалы басқосудың басты мақсаты – Еуразиялық аймақтағы елдер арасында онкологиялық дертке шалдыққан балалардың өмір сүру ұзақтығын жақсарту, балалар онкологиясы және гематологиясы саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, тәжірибе алмасу, балалар онкологиясындағы ортақ мәселелерді шешу, бүгінгі жағдайын сараптап, дамудың дұрыс жолын айқындау.
Халықаралық деңгейде өткен шараға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері, Американың онкологиялық ауруларды емдейтін ең жетекші клиникасы болып табылатын Әулие Иуде (Сент Джуд) балалар госпиталінің бірінші басшылары мен дәрігерлері (St. Jude Global Alliance), Педиатрия орталығымен тығыз байланыс орнатқан, Қазақстандағы онкологиялық және гематологиялық қызметтің дамуына зор үлес қосып келе жатқан Ресейдің Д.Рогачев атындағы балалар гематологиясы, онкологиясы мен иммунологиясы федералдық ғылыми-клиникалық орталығы, Беларус елінің Балалар онкологиясы, гематологиясы мен иммунологиясы ғылыми-практикалық орталығының басшылары мен онколог-дәрігерлері, сондай-ақ, Молдова, Украина, Грузия, Армения, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзірбайжан, Моңғолия, Қазақстан, Қырғыз елдерінің онкология және гематология саласының жетекші мамандары мен сарапшылары қатысты.
Шараның ашылу салтанатында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Риза Боранбаева: «Бүгінгі кездесудің Қазақстан балалар онкологиясы мен гематологиясы саласы үшін маңызы зор. Әлемдік стандарттарға сай, сапалы жоғары технологиялық медициналық көмекпен қамтамасыз ете отырып, балалардың денсаулығын қорғау мен нығайту Педиатрия орталығының басты мақсаты. Қазақстандағы онкологиялық және гематологиялық қызметтің дамуына зор үлес қосып келе жатқан Ресейдің Д.Рогачев атындағы онкологиялық орталыққа, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына және Американың Сент Джуд балалар госпиталіне бүгінгі маңызды шараны ұйымдастыруға мұрындық болғандары үшін алғысымды білдіремін. Бұл кездесу балалар онкологиялық қызметінің дамуына тың серпін беріп, Еуразиялық аймақ сарапшыларының ынтымақтастығын одан әрі арттыра түседі деп сенемін», – деп атап өтті.
Әулие Иуде (Сент Джуд) балалар госпиталінің өкілі Ася Агульник: «Өкінішке қарай, бүгінгі күні қатерлі онкологиялық аурулар әлем бойынша балалар өлімінің жиі кездесетін себебі болуда. Және ол ТМД елдерінде де орын алуда. Біз жетекші орталықтардың халықаралық сарапшылармен ынтымақтаса отыра, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен әр мемлекеттің қолдауы арқылы қатерлі дертке шалдыққан балалардың өмір сүруін ұзарту көрсеткішін жақсартуды мақсат етіп отырмыз. Біздің біріккен командамыз бұл мақсатқа бірге жете алады деп үміттенемін», – деді.
«Біз Қазақ еліне алғаш рет келіп, жаһандық деңгейде барлық балаға қатерлі дертті жеңуге көмектесуді мақсат еттік. Біз әлемдегі әр баланың өз жасына жетпей өмірден өтпеуі керек деп санаймыз. Және бұл мәселені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алдына қойған едік. Аталмыш ұйымның қолдауымен өтіп жатқан бүгінгі шара осы мақсаттың алғашқы қадамы. Біз барлық ТМД елдеріне өз көмегімізді көрсеткіміз келеді. Барлық жағынан, атап айтқанда дәрігерлер мен мейірбикелердің біліктіліктерін арттыру, білім беру, ғылымды дамыту, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеу әдіс-тәсілдерімізбен, технологияларымызбен, тәжірибемізбен бөлісуге әзірміз», – деді АҚШ-тың Сент Джуд балалар онкологиялық госпиталінің вице-президенті Карлос Родригез-Галиндо. Ол Қазақстанда балалар онкология саласының бір жүйеге түсірілгенін және емдеу сапасы жоғары екенін тілге тиек етті.
Шара барысында Қазақстанға келген шетелдік мамандар науқастарға жалпы және мамандандырылған палиативтік көмек көрсету ерекшеліктері бойынша дәріс өткізді. Бұл дәріс алдағы уақытта да онлайн режимінде жалғасын таппақ.