Jas qazaq: Шахинұр Сейітқызы, медицина саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Дәрігер болу бала күнгі арманыңыз ба?
Шахинұр Мұхамедхаджиева: Дәрігер болу — бала күнгі арманым деп айта алмаймын. Бала кезде әр түрлі мамандықты армандадық. Мектеп бітіріп қалаға келген кезімде, үлкен ағам екеуміз медициналық колледждің алдынан өтіп бара жатып, ақ халат кигендерге қатты қызыққаным бар. Біздің заманымызда таңдау мұғалім не болмаса дәрігер еді. Ағаммен ақылдасып, медицина саласына құжаттарымды тапсырдым. Мектептегі білім көрсеткішім өте жақсы болғандықтан, медициналық училищеге бірден емтихансыз қабылдандым. Аталған оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп, медбике мамандығы бойынша маман атандым. Училищені бітіргеннен кейін жолдамамен қазіргі Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына (ол кезде Педиатрия институты аталатын) жұмысқа орналастым. 1987 жылдан бастап осы орталықта жұмыс істеп келемін. Алғаш келген кезімде «Пульмонология» бөліміне орналастым, содан бері 32 жыл бір салада қызмет етемін. Біздің орталық педиатрия болғаннан кейін, жұмысымыз балалармен тығыз байланысты. 1988 жылы Арменияда болған алапат жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсетуге «Қазақстан» сан поезымен Ленинакан қаласында 3-4 ай медициналық көмек көрсету тобымен бірге болдым. Бұл сапар да менің маман ретінде дамуыма үлкен септігін тигізді. Қыстың суығына қарамастан біздің ел мен сол кездегі Союз құрамындағы елдерден келген дәрігерлер жұмыла көмек көрсеттік. Кейін еңбегіміз бағаланып, 2013 жылы апаттың 25 жылдығына орай Армения елшілігі бізді қонаққа шақырып, грамотамен марапаттады. 30 жылдың ішінде «пульмонология» бөлімшесінде бірнеше жыл аға мейірбике жұмысын атқардым. Қазіргі жұмысым бөлімшедегі «ингаляция» бөлмесіне жауаптымын. Өкпе дертіне шалдыққан балаларға «кинезотерапияны» қолдану бөлімінде жұмыс істеймін. Бұл жаңа әдістерді бізге Ұлыбританиядан келген дәрігерлер шеберлік сағатында оқытып, жаңа аппараттарды қолдануды үйретті. 2010 жылы еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің дипломымен марапатталдым. Ұзақ жылғы еңбегім бағаланып 2018 жылы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау үздігі төсбелгісімен иелендім. 2018 жылы Англиядан келген мамандардың жүргізген практикалық сабағында «Мукависцидоз кезінде тыныс алу жолдарын тазалау әдістері мен жаттығуларына» қатыстым.
Jas qazaq: Сіз осы салада жұмыс істеп келе жатқаныңызға 30 жылдан асты. Қазір медицина дамыды жаңа технологиялар бар. Сіз жұмысыңызды жаңа бастаған кездегі медицинамен бүгінгі медицинаның арасында айырмашылық бар ма?
Шахинұр Мұхамедхаджиева: Әрине айырмашылық бар. Біз жұмысымыздың басым бөлігін қолмен жасайтынбыз. Екі бөлімшеде 35-40 баладан жататын. Қазіргідей компьютер жоқ, құжаттардың барлығын қолмен толтыратынбыз. Бірақ біз ешуақытта жұмысымыз ауыр демейтінбіз. Өйткені қандай жағдай болса да біз медициналық көмек көрсете білуіміз керек. Ең бірінші балаға жағдай жасау. Осы біздің басты назарда болатын. Ауыр диагноз қойылған балалар республикамыздың түкпір-түкпірінен келіп біздің орталықта емделеді. Ал қазір дамыған түрлі медициналық құрылғылар бар. Қазіргі таңда шет елден, көрші елдерден мамандар келіп шеберлік сағатын өткізеді. Олармен тәжірибе алмасамыз. Бұрында вибрациялық массаж, ванналық массаж қолмен жасалса, қазіргі таңда белгілі бір құрылғылармен жасалады. Нәтижесінде бұрынғыға қарағанда қолмен жасалатын жұмыстың біразы жеңілдеді. Біздегі балалар бір ғана аурудың түрімен келмейді оларда қосымша аурудың белгілері болады. Күрделі аурулардың алдын алу үшін біздің дәрігерлер әр балаға жеке ем-дом тағайындайды. Уақытылы дәрісін қабылдау, құрылғылармен емдеу сынды процестерді біз қадағалаймыз.
Jas qazaq: Медицина саласы оңай сала емес. Болашақта балаңыз болмаса туысыңыз осы мамандықты таңдаса қолдар ма едіңіз?
Шахинұр Мұхамедхаджиева: Біздің кезімізде патриоттық сезім көп болды деп ойлаймын. Мұғалім мен дәрігер мамандығы ең жоғары болып саналатын. Қазіргі жастардың таңдауы басқа. Олар көбінесе бизнес болмаса, IT саласына барғысы келеді. Өзімнің отбасымда 3 қызым , жолдасым бар. Үлкен қызым банк саласында жұмыс істейді. Ортаншы қызым да банк саласында білім алуда. Ал кенже қызым мектепте оқиды. Медицина саласы мен мұғалімдердің жұмысы берері көп болғанымен, бағалана бермейді. Қазіргі таңда жастарымыз пайдасы көбірек мамандықты оқып, шет елде білім алғысы келеді. Бәлкім медицина мен мұғалімдердің саласы туралы жастарға көбірек мәлімет беру керек шығар. Сонда ғана жастарды осы мамандықпен қызықтыра аламыз.
Jas qazaq: Сіз осы салада 30 жылдан астам уақыт қызмет етіп келесіз. Мейірбике жұмысын одан әрі жақсарту үшін не істеу керек? Маман ретінде пікіріңізбен бөліссеңіз?
Шахинұр Мұхамедхаджиева: Бізде қазір орталықта директорымыздың бастамасымен жаңа технологияларды үйренуге, шет елдерге мейірбикелерді жіберіп тәжірибе алмасуға көп көңіл бөлінуде. Сонымен қатар егу әдістерінің жаңа түрлерін меңгеруге жағдай жасалды. Мейірбике мамандығын әрі қарай жетілдіруге баса назар аударылуда. Жоғары білімді мейірбике мамандығын игеруге көп көңіл бөлінуде. Жаңадан келген мейірбикелерге арнайы сабақтар жүргізіледі. Осы жағынан келгенде біздің орталық әрбір маман иесінің дамып, кәсіби маман болуына көп септігін тигізеді.
Jas qazaq: 12-мамыр халықаралық мейірбикелер күні. Атаулы меркеде әріптестеріңізге тілегіңіз?
Шахинұр Мұхамедхаджиева: Өзіміз денсаулық саласында жұмыс істеп жатқандықтан ең алдымен әріптестеріме денсаулық тілеймін. Педиатрия саласы болғандықтан ең басты мақсатымыз балаға жақсы қарым-қатынас көрсету. Ал біздің осындай тәжрибелі маман болуымызға септігін тигізген ұстаздарыма, институт басшылығына үлкен рахметімді айтамын.
Jas qazaq: Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Мақпал Ноғайбаева