ҚР ДСМ «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ және Қазақстанның «Педиатрлар Одағы» ҚБ 2021 жылғы 21-23 сәуірде халықаралық қатысумен «ПЕДИАТРИЯ ЖӘНЕ БАЛАЛАР ХИРУРГИЯСЫНЫҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ МЕН ДАМУ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ» АТТЫ ҚАЗАҚСТАН БАЛАЛАР ДӘРІГЕРЛЕРІНІҢ IX СЪЕЗІН онлайн-режимде (тікелей көрсетілім) өткізеді.
ҚАЗАҚСТАН БАЛАЛАР ДӘРІГЕРЛЕРІНІҢ IX СЪЕЗІНЕ алыс және жақын шетелдердің педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы жетекші ғалымдары мен сарапшылары, сондай-ақ отандық ғалымдар қатысады.
2021 жылғы 21 сәуірде салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Оған ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Цой қатысады. Сондай-ақ, АҚШ-тан жаһандық педиатрия департаментінің басшысы, St.Jude Global директоры Карлос Родригес Галиндо және Украинадан ОХМАТДЕТ ұлттық мамандандырылған аурухананың бас директоры В.Жовнир құттықтау сөз сөйлейді.
АҚШ, Чехия, Ұлыбритания, Ресей, Украина, Беларусь, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да алыс және жақын шет елдердің мамандары қатысатын съездің беделді алаңында балалар жасындағы ауруларды диагностикалау мен емдеудің ең өзекті мәселелері талқыланады. Барлығы 14 ғылыми сессия барысында 100-ден астам баяндама жасалады. Баяндамалардың тақырыптары әртүрлі аурулары бар балаларға медициналық көмек көрсетудің ұйымдастырушылық аспектілерінен, бастапқы медициналық-әлеуметтік көмек деңгейінде балаларға медициналық қызметтерді жетілдіру мәселелерінен бастап, балалардағы ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістеріне дейін. Балалар хирургиясының өзекті мәселелері, балалардағы сирек кездесетін ауруларды диагностикалау мен емдеудің жаңа стандарттары, әртүрлі соматикалық және хирургиялық патологиясы бар балаларды оңалту және медициналық-әлеуметтік бейімдеу, балалар жасындағы қарқынды терапия мен анестезиология, педиатриядағы ақпараттық технологияларды дамыту мәселелері қозғалады.
Съезд шеңберінде 23 сәуірде докторанттар, магистранттар және резиденттер үшін «Жас зерттеуші: заманауи педиатрия мен балалар хирургиясының сын-тегеуріндері мен даму перспективалары» атты жас ғалымдар форумы өтеді.
Жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру, педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы өзекті проблемаларды анықтау, жас мамандарды ғылыми қызметке тарту, денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда жас дәрігерлердің рөлін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы, ТМД және шет елдердің ҒЗИ/ҒО және ЖОО-ның резидентурасында, магистратурасында және PhD-докторантурасында оқитын ғылыми жастардың жарияланымдары, ауызша және постерлік баяндамалары ұсынылатын болады.
Зерттеу жобаларын ҚР педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы танымал ғалымдар, жетекші мамандар бағалайтын болады.
Мұқият іріктеуден өткен баяндамалар мен ғылыми мақалалар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым мен білім беруді бақылау комитеті ұсынған «Педиатрия және бала хирургиясы» журналының арнайы санында жарияланды, сондай-ақ Ресейлік ғылыми дәйексөз индексінің библиографиялық базасына (РҒДИ) кіреді.
Съезд балаларға медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіруге, әлемдік ғылым мен практиканың жаһандық жетістіктері мәселелерін шешуге лайықты үлес қосатынына және педиатриялық көмекті одан әрі дамытуға және жетілдіруге жаңа қуатты серпін беретініне сенімдіміз.
Ғылыми секциялардың бағдарламасы мен көрсетілімі сайтта: https://congresspediatria.online/
Өткізу күні /Салтанатты ашылу рәсімі: 21 Сәуір, 2021 жыл;
Уақыты: сағат 9.00-де.
Өтетін орны: Алматы қ., Rixos Almaty Hotel, Сейфуллин даңғылы 506.
ПБХҒО баспасөз қызметі
Байл.тел.: 8 (727) 269 69 52