2023 жылдың 13 қазан күні Алматыда «Жас зерттеуші: заманауи педиатрия және балалар хирургиясы дамуының сын-тегеуріні мен келешегі» атты тақырыпта докторанттар, магистранттар мен резиденттердің халықаралық ғылыми-тәжірибелік  конференциясы өтеді. 

Жас дәрігерлердің басын қосатын конференция биыл алтыншы рет өткізіледі. Шараның ұйымдастырушылары: Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен «Педиатрлар Одағы» қоғамдық бірлестігі. Басқосу оффлайн және онлайн түрінде өтеді. 

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы үшін бұл шара дәстүрге айналды. Шараны өткізудегі басты мақсат - жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру, жас дәрігерлерге жұмыс тәжірибесімен және алғашқы ғылыми зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісу мүмкіндігін беру, педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы инновациялар бойынша жас ғалымдар арасында тығыз халықаралық қарым-қатынасты орнату,  жас мамандарды ғылыммен айналысуға шақыру. Конференцияда жас ғалымдар ғылыми зерттеулерімен бөлісе отыра, педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы өзекті мәселелерді талқылап,  практикадағы ерекше клиникалық жағдайларды ортаға салатын болады.    

Ғылыммен айналысу дағдыларын дамыту және қазірден ғылыми пікір-талас, талқылауға қатысу тәжірибесін қалыптастыру студенттік кезеңнен  қалыптасуы керек. Сондықтан жыл сайынғы осы конференцияның мақсаттарының бірі резиденттер, магистранттар және басқа да жас дәрігерлер арасында ғылыми-зерттеу қызметіне қызығушылықты дамыту, ғылыми-зерттеу тәжірибесін қалыптастыру және оның нәтижелерін презентацияларда  көрсету болып табылады. 

Конференцияға 150-ден астам жас дәрігерлер, ғылыми жетекшілер мен тәлімгерлер қатысады. Басқосуда Қазақстанның түрлі медициналық ұйымдарының, ғылыми орталықтары мен медициналық университеттер дәрігерлерінің баяндамалары, сондай-ақ Беларус пен Өзбекстан спикерлерінің баяндамалары тыңдалады.

Ғылыми конференцияға ұсынылған баяндамалар үш аталым бойынша анықталып, арнайы дипломдармен марапатталады:

1. «Үздік баяндама» (3-орын);

2. «Үздік мақала» (3-орын);

3. «Үздік постерлік баяндама» (3-орын).

Ғылыми жобаларды педиатрия және балалар хирургиясы саласының білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы саралайды. Үздік баяндамалар мен ғылыми мақалалар «Педиатрия және балалар хирургиясы» ғылыми журналында жарияланады. Барлық конференцияға қатысушыларға жемісті жұмыс пен шығармашылық шабыт тілейміз!

Өтетін күні: 13 қазан, 2023 жыл;

Басталуы: 9.00-де (тіркеу 8.00-де);

Өтетін орны: Алматы қ-сы, «DoubleTree by Hilton Almaty» қонақ үйі,  Халел Досмұхамедов көшесі 115.