21 шілде күні Қазақстанда тұңғыш рет Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында балалардағы бауыр обырын емдеу бойынша химиоэмболизация әдісі енгізіліп, алғашқы операция жасалды.
Алғашқы ота бір жарым жастағы қыз балаға жасалды. Ота сәтті өтті. Операция уақыты екі сағатқа созылды.
Операцияны бұл ота түрін ересек адамдарға жасауда көпжылдық тәжірибесі бар Ұлттық ғылыми медициналық орталығының онкорадиологы Нияз Малаев, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының білікті дәрігерлері, атап айтқанда, рентгенхирург, балалар интервенциялық кардиологы Азиз Оңласынов және балалар онкохирургы, рентгенхирург Бегайдар Елібаев жасады.
Бұл әдіс елімізде тек ересек адамдарға ғана қолданылатын. Әлем бойынша дамыған Еуропа елдерінде балаларға 2005 жылдан жасалып келеді.
Бауыр артериясының химиоэмболизация әдісі (БАХЭ) - бұл аз инвазивті әдіс, арнайы құралдармен, микросфераларға жүктелген химиотерапевтік препарат қан тамырлары жүйесі арқылы микрокатетерлердің көмегімен бауырдағы ісікке тікелей жеткізіліп, жергілікті химиотерапиялық және ишемиялық әсер етуі арқылы ісікті тікелей жоюға мүмкіндік береді.
«Педиатриялық тәжірибеге халықаралық стандарттарға сәйкес енгізілген бұл әдістің артықшылығы: басқа органдарды зақымдамай, ісікті тікелей жоюында және ауыр асқынуларды болдырмай, өлім көрсеткішін төмендетуінде. Химиялық препарат бауырда шоғырланған ісікке тікелей енгізілетіндіктен, химиотерапиялық әсері жүйелі әдіске қарағанда бірнеше есе тиімді. Реабилитация бар болғаны 2-3 күнді алады және пациент процедурадан кейін 3-ші күні шығарылады. Бұл әдісті қолдану арқылы хирургиялық операция жасауға келмейтін бауыр ісіктерінің көлемін тұрақтандыруға немесе азайтуға болады», дейді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының рентгенхирургы, балалар интервенциялық кардиологы Азиз Оңласынов.
Жыл сайын Қазақстанда орта есеппен балаларда қатерлі ісіктердің 600-ге жуық жаңа жағдайы анықталады. Гепатобластома (ГБ) балалардағы барлық ісіктердің шамамен 0,5-2% және бауырдың біріншілік ісіктерінің 2/3 бөлігін құрайды. Ауру Еуропада 1/1 000 000 және АҚШ-та 1-1,5/1 000 000 деп бағаланады. 2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ПБХҒО-да гепатобластомаға шалдыққан 69 бала емделді. Оның 40 ремиссияда.
«Бауыр артериясының химиоэмболизация әдісі операция жасауға келмейтін пациенттердегі қатерлі ісіктерін емдеудің таңдау әдісі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Бауыр ісіктерін емдеуде химиоэмболизацияны қолданудың тиімділігі мен мүмкіндігінің кепілі - тәуекел тобындағы науқастарда осы қатерлі дертті мүмкіндігінше ерте диагностикалау, сондай-ақ интервенциялық онкологиялық әдістерді қолдану арқылы уақтылы емдеу болып табылады», дейді балалар онкохирургы, рентгенхирург Бегайдар Елібаев.
«Педиатрия және балалар
хирургиясы ғылыми
орталығының»
баспасөз қызметі
8 (727) 269 69 52