24 қараша күні Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында «Бронхоэктаз: муковисцидоз және т.б.» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында «Балалардағы респираторлық медицинадағы заманауи жетістіктер» атты шеберлік сынып өтті.
Тәжірибе алмасу мақсатында өткен оқыту тренингіне Қазақстанның барлық өңірінен 50-ден астам дәрігерлер: педиатрия, пульмонология, неонатология, инфектология, аллергология саласындағы жетекші мамандар, профессорлар мен доценттер қатысты. Шеберлік сыныпты Мәскеу облысы Денсаулық сақтау министрлігінің Балалардың ғылыми-зерттеу клиникалық институтының профессорлық құрамы өткізіп, қазақстандық әріптестерімен сирек ауруларды емдеу бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Шеберлік сыныпта сонымен қатар, Педиатрия орталығының білікті пульмонолог мамандары дәріс оқыды.
Бүгінгі шеберлік сыныптың негізгі тақырыбы: кинезитерапия, ингалациялық терапия және созылмалы бронх-өкпе ауруларын диагностикалау мен емдеу тақырыбына арналды.
Шараны Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрағасы Абай Құсайынов ашып, клиниканың 2017 жылдан бері сирек кездесетін ауруларды үйлестіру орталығы екендігін атап өтті.
- «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының пульмонология бөлімі 60 жылдан астам уақыт бойы балалардың бронх-өкпе ауруларының диагностикасымен, емдеуімен және эпидемиологиясымен айналысады. Балалар аурулараның ішінде тыныс алу жолдарының аурулары жетекші орынды алады. Көптеген аурулардың жақсы зерттелгеніне қарамастан, сирек кездесетін, диагностикасын қою қиын және сырқаттың ең ауыр түрлері бар. Сол сирек аурулардың бірі – муковисцидоз, оны біздің орталық қызметкерлері белсенді түрде зерттейді. Осы қиын науқастарды диагностикалау және емдеуден басқа, біз медицина қауымдастығы мен қалың жұртшылықты муковисцидоз және басқа да сирек кездесетін аурулар туралы хабардар ету үшін көптеген білім беру бағдарламаларын жүргіземіз. Медицина қызметкерлері мен Қазақстандық муковисцидоз қауымдастығының бірлескен жұмысының арқасында сирек ауруларға шалдыққан балаларды аман алып қалу мүмкін болуда және бүгінде олардың өмір сүруі ұзарып, қазіргі таңда көбі ересек пульмонологтардың бақылауында. Дегенмен, сирек кездесетін аурулары бар науқастарды емдеудің сәттілігі көбінесе ерте диагностикалау мен емдеуді ерте бастауға байланысты. Сондықтан, сирек аурулары бар науқастарды барынша ерте кезеңде анықтау үлкен маңызға ие», деді А.Құсайынов.
Шеберлік сынып аясында профессорлық құрам науқас балаларды қарап, педиатриялық консилиум жасады. Ресейлік мамандар тыныс алу органдарының түрлі сирек ауруларына шалдыққан 6 баланы қарап, әрі қарайғы емі бойынша кеңестерін берді.
Айта кетейік, конференция 20 қараша күні басталып, бір аптаға жалғасты. Шараның басты мақсаты – клиникалық жағдайларды талқылау және пациенттерге шолу жасау арқылы Қазақстан мен шетелдің сарапшылары арасында білім мен тәжірибе алмасу, дәрігерлердің практикалық дағдыларын әрі қарай жетілдіру.