12 қаңтар күні Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында «Мен - жеңімпазбын!» қайырымдылық жобасы аясында қатерлі дертті жеңген балалар туралы түсірілген әлеуметтік роликтің таныстырылымы мен халықты қатерлі аурулар туралы сауаттылығын арттыру тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты өтеді.

Шараның ұйымдастырушылары: «Help Today» қоғамдық қоры мен Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы.

Баспасөз мәслихатына «Help Today» қоғамдық қорының төрайымы Эльмира Әлиева, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры Риза Боранбаева, «KazDesignProduction» компаниясының продюссері Арман Әбілдаев, Алматы қаласы Прокуратурасының аға прокуроры Гүлнар Жанбекова, «BusinessTV» компаниясының контент-продюсері Альбина Шингалиева және Педиатрия орталығының онколог дәрігерлері қатысады.

«Мен - жеңімпазбын!» қайырымдылық жобасы — қатерлі дерттің алдын-алуға болатынын ескертіп, ерте анықтау мен дер уақытында қаралудың өмірлік маңыздылығы жоғары екендігін еске салатын, сонымен қатар, ауыр сырқатқа шалдыққан балалар мен олардың ата-аналарына сенімді ұялатып, сауығып кетуіне ықпал ететін, үміт отын жоғалтпауға шақыратын жоба.

Әлеуметтік роликте ауыр дертті жеңе білген қайсар балалардың ерлігі баяндалады. Оның кейіпкерлері Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен Астана қаласындағы Ана мен бала ғылыми орталығында ем алушы балалар. Оның бірі Педиатрия орталығында емделуші 6 жастағы Ақерке Асылбек. Үш жарым жасында жіті лимфобласталық лейкозға шалдыққан ол орталықта 9 ай бойы емделді. Қазіргі уақытта баланың жағдайы оңалып, ауруының беті қайтуда. Ақерке сурет салуды, бимен айналысуды жақсы көреді.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда жылына орташа есеппен алғанда 500-ден астам бала ауыр дертке ұшырап, дәрігерлерге жүгінеді. Бірінші орында кеңінен таралған жіті лейкоз ауруы тұр. Жылына бұл дертке 170 бала шалдығады екен. Бүгінгі күні гемобластозбен ауыратын балалардың өмір сүру деңгейі әлемдік деңгейдегі көрсеткіштерге сәйкес келеді. Жіті лимфобласты лейкозға шалдыққан балалардың өміршеңдігі 86% пайызды құраса, гистициотоз сырқатымен ауырған балалардың өмір сүруі 98% пайызды құрайды.

Жобаға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, Ана мен бала ғылыми орталығы, «UMC» корпоративтік қоры, Алматы қаласы Прокуратурасы, "Business TV", "KazDesign Production" компаниялары, «Еларна» киноканалы, «Questoria» агенттігі қолдау білдірді.

Құрметті әріптестер!

Тағдырдың жазуына мойымаған, басқа түскен таудай ауыртпалықты жеңе білген, ауыр дертке қасқая тұрған кішкентай бүлдіршіндерге қолдау білдіріп, өздері сынды үлкен сынға ұшыраған балаларға, жалпы дүйім жұртқа ауыр сырқатты жеңуге болатынын жеткізгісі келетін қайсар балалар өмірін насихаттауға шақырамыз.

Қор туралы: «Help Today» қоғамдық қоры www.help-today.kz қоғамдық және қайырымдылық игі істермен 3 жылдан бері айналысып келеді. Қоғамның бір мұңын да болса азайтуға септігін тигізіп, қайырымды істердің басы-қасында жүрген ұйым осы жылдар ішінде мүмкіндігі шектеулі 50-ден астам балаға көмек көрсетіп, жүздеген қайырымдылық акциялар мен жәрмеңке, қайырымдылық концерттер сынды түрлі шаралар өткізіп келеді.

Өтетін күні: 12 қаңтар, 2018 жыл;

Басталу уақыты: 10.00-де;

Өтетін орны: Алматы қ-сы, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, әл-Фараби көшесі 146, Мәжіліс залы, №2 ғимарат.

«Педиатрия және балалар

хирургиясы ғылыми орталығы»

баспасөз қызметі

8 (727) 269 69 52 / 8 707 815 18 33 Нәзира Елеухан

Эльмира Алиева тел. +7 701 727 24 77 / «Help Today» қоғамдық қоры