Педиатрия және балалар хирургиясы орталығының сәби денсаулығын, нәресте амандығын басты назарға алып отырғанына биыл 85 жыл. Айтулы датаға орай, 27 қазан күні Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында мекеменің 85 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтеді.
Мерейтойлық шараға ана мен бала саулығына өлшеусіз үлес қосқан ардагер-дәрігерлер, орталықтың серіктестері мен әріптес-достары, қазақстандық медициналық мекемелердің басшылары, Педиатрия орталығы ұжымы мен басшылығы қатысады. Атап айтқанда, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының директоры Расулбек Рахманбердіұлы Аипов, Республикалық бабаларды оңалту орталығының директоры Шолпан Әділжанқызы Булекбаева, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы директор орынбасары Айман Қадырханқызы Ысқақова, «Алатау» республикалық балалар клиникалық шипажайының директоры Мұсаева Қаншайым Қайырлықызы, Ұлттық фтизипульмонология ғылыми орталығының бас фтизиопедиаторы Қағаз Серікбаева қатысады. Шараның басты қонақтары, еліміздің медицина саласы мен педиатрия орталығының дамуына, медициналық кадрларды дайындау мен бала денсаулығын нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан дәрігерлер, өз ісінің кәсіпқой мамандары – ҚР қоғам қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Каюпова Нина Әмірқызы, қазақ балалар хирургиясының атасы Камал Сәруәрұлы Ормантаев, академик Шарманов Төрегелді Шарманұлы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Чувакова Тамара Курмангалиевна және т.б.
Алқалы басқосуда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының өткені мен бүгіні, жетістігі мен дамуы сөз болып, еліміздегі педиатриялық қызметтің бағыт-бағдары сараланбақ. Конференциямен жалғасатын шарада сондай-ақ, фтизиопедиатрияның өзекті мәселелері, онкологиялық, гематологиялық көмек беруді ұйымдастыру, зертханалық қызметтің, балалар кардиохирургиясы қызметінің дамуы, онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларды оңалтудың бүгінгі жағдайы сынды балаларды емдеудегі өзекті меселелер талқыланады.
Шара аясында орталықта ұзақ жылдар қызмет атқарған, ел болашағы-балалар мен нәрестелерді емдеп, ұлт денсаулығын жақсартуға өлшеусіз үлес қосқан ардагер-дәрігерлерді марапаттау рәсімі өтеді.
Біздің анықтама: Педиатрия және балалар хирургиясы орталығының негізі 1932 жылы 28 қарашада Ана мен бала денсаулығын қорғау ғылыми зерттеу институты ретінде қаланды. Бүгінде орталық білікті де тәжірибелі мамандары, қуатты материалдық базасы бар, жаңа заман талаптарына сай медициналық технологияларды қолданатын жетекші ғылыми-зерттеу және клиникалық мекемеге айналып отыр. Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығы емдеу мекемесі ғана емес, білігі мен білімі ұштасқан тәжірбиелі кадрларды әзірлейтін білім беру базасы, сонымен бірге Қазақстан Республикасындағы педиатрия қызметінің басты үйлестірушісі болып табылады. Ғасырға таяу уақыт өмір мен өлім арасындағы кішкентай «жүректерді» сақтап, талай ананың алғысын, әкенің батасын алған орталық 85 жыл бойы ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек етуде. Орталық балалардың денсаулығын қорғауда қол жеткізген жетістіктері үшін Халықтар Достығы орденімен және «Сапа үшін Еуропалық Гран При» халықаралық байқауының «Медицина саласының көшбасшысы» Бас жүлдесімен марапатталған.
Өтетін күні: 27 қазан, 2017 жыл; Басталу уақыты: 12.00-де;
Өтетін орны: Алматы қ-сы, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, әл-Фараби көшесі 146, Мәжіліс залы, №2 ғимарат.
«Педиатрия және балалар
хирургиясы ғылыми орталығы»
баспасөз қызметі
8 (727) 269 69 52 / 8 707 815 18 33 Нәзира Елеухан