«Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Екінші – ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек» деген Абайдың 32-қарасөзімен тұңғыш рет ел педиатрларының ғылыми мәжілісі өтті. «Педиатрлар одағы» қоғамдық бірлестігі мен С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың балалар аурулары кафедрасы ұйымдастырған жиын педиатрия және балалар хирургиясының бүгінгі өзекті мәселелері тақырыбына арналды.
Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында өткен шара еліміздің барлық медициналық ЖОО докторанттары мен магистранттарын және медициналық мекемелерде резидентурада оқып жатқан 100-ден астам жас педиатр дәрігерлерінің басын қосты.
– Бұл шараны өткізудегі басты мақсат – жас ғалымдардың ғылымдағы бағыты мен білім беру саласының маңызды мәселелерін талдау, жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру, педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы өзекті мәселелерді көтеру арқылы жас мамандарды ғылыммен айналысуға шақыру. Конференцияға үздік деп танылған, арнайы комиссия алқасынан іріктеуден өткен ғылыми жұмыстар ұсынылды. Бүгінгі таңда жас педиатрларды дайындауда білім, ғылым мен тәжірибені ұштастыру маңызды. Ғылым мен білімнің интеграциясы заманауи эксперименті базада нақты ғылыми-зерттеулер негізінде жас мамандарды дайындауға мүмкіндік береді, – деді Педиатрия орталығының басшысы Риза Боранбаева.
Ғылыми конференцияда балалардағы ауруларды емдеу мен диагностикалаудың заманауи әдістері, балаларға медициналық көмек беруді ұйымдастырудың аспектілері, сирек ауруларды емдеуді жетілдіру, түрлі хирургиялық және соматикалық патологиялары бар балаларды оңалту, психологиялық және медициналық-әлеуметтік бейімдеу сынды өзекті мәселелер талқыланып, баяндамалар жасады. Сонымен қатар педиатрия тәжірибесінде сирек кездесетін әртүрлі клиникалық жағдайлар ұсынылды. Сондай-ақ жас дәрігерлердің ғылыми жұмыстары мен постерлік баяндамалары арнайы көрмеге қойылды.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»