Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, «Педиатрлар одағы» қоғамдық бірлестігі мен С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың балалар аурулары кафедрасының ұйымдастыруымен «Педиатрия және балалар хирургиясының бүгінгі өзекті мәселелері» атты тақырыпта докторанттар, магистранттар мен резиденттерге арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
«Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Екінші – ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек» деген (Абайдың 32 қара сөзі) ұранмен тұңғыш рет Педиатрия орталығында өткізіліп отырған бұл шара еліміздің барлық медициналық ЖОО докторанттары мен магистранттарын және медициналық мекемелерде резидентурада оқып жатқан 100-ден астам жас педиатр дәрігерлердің басын қосты. «Шараны өткізудегі басты мақсат – жас ғалымдардың ғылыми ізденіс бағыты мен білім беру саласының маңызды мәселелерін талдау, жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру, педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы өзекті мәселелерді көтеру арқылы жас мамандарды ғылыммен айналысуға шақыру. Конференцияға ең үздік деп танылған, арнайы комиссия алқасынан іріктеуден өткен ғылыми жұмыстар ұсынылды. Бүгінгі күні жас педиатрларды дайындауда білім, ғылым мен тәжірибенің интеграциясы маңызды орын алады. Ғылым мен білімнің интеграциясы заманауи эксперименті базада нақты ғылыми-зерттеулер негізінде жас мамандарды дайындауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Педиатрия орталығының басшысы Риза Боранбаева.
Конференцияның ашылу салтанатында С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ректоры Талғат Нұрғожин, балалар аурулары кафедрасының профессоры Болат Хабижанов сөз сөйлеп, шараның маңыздылығын атап өтті.
– «Бүгінгі конференция жас дәрігерлер үшін нағыз тәжірибелік маңызы зор шара мен кәсіби өсуде маңызды пікір алмасу алаңы болып отыр. Ғылымға алғаш қадам басқан жас ғалымдарға жаңа ізденіс тілеймін. Педиатрия саласын дамыту жастар сіздердің қолдарыңызда», – деді Т.Нұрғожин.
Ғылыми конференцияда балалардағы ауруларды емдеу мен диагностикалаудың заманауи әдістері, балаларға медициналық көмек беруді ұйымдастырудың аспектілері, сирек ауруларды емдеуді жетілдіру, түрлі хирургиялық және соматикалық патологиялары бар балаларды оңалту, психологиялық және медициналық-әлеуметтік бейімдеу және т.б. осы сынды нәрестелер мен бүлдіршіндерді емдеу мен педиатрия саласына қатысты өзекті мәселелерді талқылап, арнайы баяндамалар жасады. Сонымен қатар, педиатрия тәжірибесінде сирек кездесетін әр түрлі клиникалық жағдайлар ұсынылды. Сондай-ақ, жас дәрігерлердің ғылыми жұмыстары мен постерлік баяндамалары арнайы көрмеге қойылды.
«Педиатрия» және «Балалар хирургиясы» секциялары бойынша өткен конференцияда 34 ауызша баяндама тыңдалып, 14 постерлік баяндама ұсынылды. Педиатрия саласының білікті мамандарынан, атап айтқанда, Т.Нұрғожин, К.Мәжібаев, К.Омарова, Г.Ташенова, Б.Хабижанов, Н.Божбанбаева, М.Шарипова, Т.Жұмабеков, Н.Ахпаров, К.Хаиров, Н.Божбанбаевадан құралған профессорлық құрам жиынның модераторлары болды.
Ғылыми конференция соңында ұсынылған баяндамалар үш аталым бойынша анықталып, арнайы дипломдармен марапатталды:
Үздік баяндамалар мен ғылыми мақалалар Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына қарасты «Педиатрия және бала хирургиясы» ғылыми журналында жарияланатын болады. Журнал ғылыми қызметтердің нәтижелерін жариялау үшін ҚР ҒБМ-нің Ғылым және білім саласын қадағалау комитетімен ұсынылған, сондай-ақ ресейлік ғылыми дәйексөз алу индексі (РИНЦ) мәліметтер базасына кіреді.
Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ