АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Осыдан 25 жыл бұрын Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы базасында тұңғыш рет 60 төсек-орынға арналған балалар онкологиясы бөлімшесі ашылған еді.

Бұл маңызды оқиға Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы болған белгілі академик Камал Саруарұлы Ормантаев пен профессор Күлән Омарқызы Омарованың басшылығымен, «КЭР-Германия» қайырымдылық ұйымымен ынтымақтастық аясында «Бөбек» балалар қорының төрайымы Сара Алпысқызы Назарбаеваның қолдауымен жүзеге асқан болатын.

Осыған байланысты Алматыда 21-22 маусым күндері Алматыда онкогематологиялық қызметтің 25 жылдығына орай «Балалар онкогематологиялық қызметінің дамуына 25 жыл: жетістіктері мен келешегі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында белгілі мамандар бас қосты.

Халықаралық деңгейде өткен жиынға Ресей, Түркия, Швейцария, Беларусь, Украина, Қырғыстан, Тәжікстан сияқты 12 елден әлемнің ең мықты деген онколог-дәрігерлері мен онкология және гематология саласының жетекші мамандары қатысты.

Басқосуда онкологиялық және гематологиялық ауруларға шалдыққан балалар мен жасөспірімдерге қызмет көрсетуді ұйымдастыру аспектілері, онкологиялық және гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің бүгінгі инновациялық технологиялары айтылды.

Елімізде балалар онкологиясын емдейтін екі республикалық орталық бар. Оның бірі Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы болса, екіншісі Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы. Балаларға диагностикалық және емдік көмек көрсететін онкологиялық және гематологиялық бейіндегі Педиатрия орталығындағы бөлім 115 төсек-орынға арналған.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық ауруға шалдыққан балалардың мәселесіне ерекше назар аударады. Педиатрия орталығындағы балалар тегін емделеді. Мемлекет қажетті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етіп отыр.

«Қазіргі кезде Педиатрия орталығында балалардағы барлық қатерлі ісіктерге емдеу жүргізіледі. Соңғы 25 жыл ішінде балаларға онкогематологиялық көмек беру жетістігі әлемдік емдеу деңгейіне дейін жетті. Қазақстанда балалар онкогематологиялық қызметінің ашылуымен, соңғы 25 жылдағы дамуы жіті лейкозға шалдыққан науқастардың өміршеңдігін жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Ақ қан ауруына шалдыққандардың 82 пайыздан астамы, ал қан ауруының ең қауіптісі саналатын миелойдты түрінің 62 пайызы жазылды. Балалар онкогематологиялық орталығының 25 жылдық тарихында көптеген жоғары білікті мамандар даярланды. Жіті лейкоздар мен тығыз ісіктерді диагностикалау мен емдеудің заманауи бағдарламалары енгізілді.

Балалар жасындағы күрделі қан ауруларын диагностикалау мен емдеудің жаңа технологиялары сәтті меңгерілуде. Оның ішінде атап өте кетейік, орталықта 2012 жылдан балалардағы гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау енгізілді. 2012 жылдан бастап сүйек кемігінің ішіндегі аллотрансплантация және аутотрансплантация отасы 70-тен аса балаға жасалды. Көрсетілетін медициналық қызметтерге қолжетімділік пен сапасы жақсаруда. Балалардың оңалту жайы да қарастырылған. 4 жылдан бері онкологиялық ауруларға шалдыққан балалар «Алатау» республикалық клиникалық шипажайында демалады. Республикамызда «2016-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында балалар онкологиялық және гематологиялық қызметін жетілдіру» Жол картасы іске асырылуда», - деді Педиатрия орталығының директоры Риза Боранбаева.

1993 жылға дейін, яғни балалар онкогематологиялық орталығы ашылғанға дейін бұл ауру айықпайтын және қатерлі деп саналды. Бұл мәселені шешудің жалғыз жолы - лейкозды емдеудің халықаралық хаттамасын енгізу болды. Сонау қиын кездері ТМД елдері мен Орталық Азияда ғана емес, елімізде тұңғыш рет онкогематологиялық орталығы ашылып, алғаш рет Австрия мен Германияның халықаралық BFM бағдарламалық емі енгізіліп, қолданыла бастады. «BFM» хаттамасы дегеніміз - Берлин, Франкфурт, Мюнстер. Осы үш қаланың ғалымдары балалардың онкологиялық ауруын емдеу мақсатында арнайы бағдарлама құрған. Бұл әдіс әлі күнге дейін елімізде қолданылып келеді.

Шара барысында «жаман ауруды» жеңген пациенттер сөз сөйледі. Дертінен айыққан, бүгінде отбасылы болып отырған пациенттер ақ халатты абзал жандарға өз алғыстарын білдірді.

«Мен үшін бүгін үлкен мереке. Біздің ортақ жеңісіміздің мерекесі. Мен лейкоз ауруымен 15 жасымда ауырдым. Ол кездері бұл кеселді жеңу мүмкіндігіне сену қиын еді. Дегенмен, дәрігерлердің біліктілігі мен BFM бағдарламасының арқасында көптеген балалар жазылып, ауыр дертті жеңіп, қалыпты өмірге оралды. Сіздер мыңдаған балаға жаңа өмір сыйладыңыздар! Мен қазір толыққанды өмір сүрудемін. Басшылық қызмет атқарамын. Барлық онкологиялық, гематологиялық қызметтігі дәрігерлерге шексіз алғысымды білдіргім келеді», - деді Бақытжан Ташенов.

Конференция барысында Қазақстандағы балалар онкогематологиялық қызметінің ашылуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан дәрігерлер Алғыс хаттармен марапатталды.

Бұрындары қанның қатерлі аурулары емделмейтін ауруға жататын және бұл қатерлі дертке шалдыққан балалар 1 жасқа дейін ғана өмір сүрді. Қазіргі таңда елімізде онкологиялық дертке шалдыққан бүлдіршіндерді аман алып қалу үшін барлық амалдар қарастырылуда. Жыл өткен сайын бұл ауруға да тойтарыс беріле бастады. Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының «Онкогематология» бөлімі ашылған уақыттан бері осы қауіпті кеселдің алдын-алу, науқасты емдеумен айналысып келеді. Құрылғанына 25 жыл толған бұл бөлім ғасыр індетіне айналған онкологиялық ауруды емдеп, талай бүлдіршіндердің ата-аналарына қуаныш сыйлап, үміт отын жағуда.

«Қазақстанда бала обырын емдеудің әрі қарайғы жетістігі дер кезінде ерте анықтауға, біздің мамандардың бірлескен халықаралық білім беру және ғылыми жобалар мен емдік технологияларды жетілдіруге, оның ішінде гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялауға белсенді қатысуына байланысты», дейді мамандар.

Қазақстанда 2017 жылы алғаш анықталған қатерлі ісіктер саны 610 баланы құрады, оның 39% жіті лейкозға және 61% тығыз ісіке шалдыққандар. Жылына орта есеппен алғанда республикалық орталықтарда қатерлі ісікке шалдыққан 5000-ға жуық бала емделеді.

Гүлмира Ғосманәли