Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ
Перзентханадан Гүлшара нәрестесімен Алматы қалалық клиникалық балалар ауруханасына ауыстырылады. Мұндағы дәрігерлер нәрестенің асқазан-ішек жолдарында ақау барын анықтап, дереу ота жасату жөнінде кеңес береді. Баланың асқазан-ішек жолдары бітеулігі ақауымен туылғаны белгілі болды. Бұл диагнозды естіген кезде Гүлшара мен жұбайы Сержанның баламыз тірі қалады деген үміттерінен гөрі, қайтер екен деген күдіктері басым еді. Бірақ көрер жарығы, жасар жасы болар, Шұғыл балалар хирургиясы орталығының қолы епті дәрігерлері нәрестенің асқазан-ішек жолдарындағы ақаулықты қалпына келтіру жолындағы алғашқы әрі ең күрделі ота жасаған еді. Бірақ кішкентай Асылымды тағы бір маңызды ота күтіп еді. Ол ота тек Педиатрия және балалар хирургиясы орталығында ғана жасалатындықтан, сонау Сарыарқа өңірінен соңғы үміттерін арқалап осы орталықтың медицина ғылымының докторы, жоғары санатты балалар хирургі Нұрлан Нүркенұлы Ахпаров жетекшілік ететін бөлімге келді. Бөлімге келген күні-ақ Гүлшараны аналық жүрегіне бөлім дәрігерлеріне деген нық сенім пайда болды. Оған себеп болған бөлімде жатқан аналардың хирург-дәрігерлерге деген алғыстары мен рахметтері еді. Әсіресе, Нұрлан Нүркенұлы мен Азамат Жанәбілұлына деген ықыластарының айрықша екендігін аңғарды. Алтын қолды дәрігер, қандауырының көзі бар, жүрегі мейірімге толы деп жатты. Ал мұндай мақтау сөз есту қазіргі заманда кез-келген дәрігердің пешенесіне жазыла бермейтіндігі белгілі. Ал еліміздегі Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының хирургия бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымының докторы Нұрлан Нүркенұлы Ахпаровты осы бөлімнен келіп ем алған балалардың ата-аналары «Алтын қолды, қандауырының көзі бар, жүрегінің мейірімі мол дәрігер» деп мақтанышпен ауызға алады. Хирургия бөлімі орталықтағы ең күрделі бөлімдердің бірі. Мұнда туабітті кемістікпен туған балалардан бастап балалар арасында жиі кездесетін түрлі сырқаттарға ота жасалады.
Ересектер жанының ауырған жерін айта жатар, ал өмірге енді келіп, денесіне жөргек енді тиген нәрестенің дертін дәл тауып, оған тиісті ем жасау шын мәнінде балалар дәрігерінен үлкен жауапкершілікті талап етері сөзсіз. Бұл жауапкершілік жүгін Орталықтың хирургия бөлімінде қызмет етіп жүрген Қазақстандағы балалар хирургиясының атасы атанған Камал Ормантаевтың шәкірттері абыроймен атқарып келеді.
Нұрлан Ахпаров басқаратын бөлімнің алтын қандауырлы хирургтері Азамат Оразалинов, Мөлдір Қалабаева, Махмұджан Ахтаров, Нұржан Афлатонов сынды хирургтерге еліміздің түкпір-түкпірінен келген ата-аналардың алғысы шексіз. Хирургия бөлімшесі хирургиялық патологиясы бар балаларға жоспарлы медициналық көмек көрсетумен қатар, кеуде, көкірек, өкпенің, асқазан-ішек жолдарының, тоқішектің, бауырдың, өт жолдарының сырқаттары мен ақаулары бар және кеуде мен іш қуысының қатерсіз ісіктері бар балаларға ота жасайды. Жүре пайда болған сырқаттан, туабітті сырқаттар мен ақаулықтардың емін тауып, қалпына келтіру қаншалықты қиын екендігі айтпаса да түсінікті, ата-аналардың бұл орталық дәрігерлерінің қандауырының көзі бар деп айтуы тегін емес шығар.
Ал бөлім меңгерушісі Нұрлан Ахпаров әлемге белгілі хирург Альберт Пеннен ТМД елдері бойынша алғашқылардың бірі болып дәріс алып, соның тәжірибесін меңгерген, Қазақстанда алғашқы болып аноректальды мальформация ақаулары бар балаларға ота жасау түрін меңгерген тұңғыш хирург екендігін айрықша атап өткен жөн шығар. Бүгінде Н.Ахпаровтың бұл тәсілі еліміз аймақтарындағы облыстық ауруханалардың балалар хирургиясы бөліміне ендіріліп отыр. Сонымен қатар, Нұрлан Нүркенұлы «Гармоник» ультра-дыбыстық скальпель мен лапорскопиялық хирургияны меңгерген тұңғыштардың бірі. Көптеген елдерде тәжірибеден өткен Н.Ахпаров өзі үйреніп қана қоймай, білгені мен әлемдік тәжірибеден түйгендерін жас мамандарға үйретуден жалыққан емес. Бүгінде осы бөлімде қызмет етіп жүрген Азамат Оразалинов, Расулбек Аюпов, Мөлдір Қалабаева, Нұржан Афлотонов, Сәуле Сүлейменова, Қахриман Ахтаровтар өздерін Нұрлан Ахпаровтың шәкірттеріміз дегенді мақтанышпен айтады.
Нұрлан Нүркенұлы Қазақстанның денсаулық сақтау ісінің үздігі, Үздік дәрігер, Қазақстан меценаттар клубының «Иьхам» сыйлығының лауреаты атанса, осы клубтың «Халық батыры» деген марапаты Нұрланға бұйырған болатын. Ол Американың «Цинцинати чилдернс» клиникасының құрметті профессоры. Нұрлан Ахпаров биыл медицина ғылымна қосқан үлесі үшін Еуропаның ІІІ Александр орденімен иарапатталды. Бұл сыйлықты әлем бойынша 17 адам ғана алған. Ал Нұрланның ең басты марапаты – осы орталыққа күдікпен келіп, баласын аман-сау құшағына қысып қайтатын ата-аналардың алғысы дер едік. Балаларға өмір сыйлап жүрген дәрігерлеріміздің қашан да еңбектері жемісті, мәртебелері биік болғай.