Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында бейбіт өмір үшін от кешіп, Жеңіске үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсетілді.

          Бүгінде Алматыда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында соғыстан кейін ұзақ жыл қызмет атқарған 4 майдангер тұрады. Мереке күні орталықтың Кәсіподақ ұйымы қан майданды көзімен көрген ата-әжелердің үйлеріне барып, ақшалай сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыс етіп, жылы лебіздерін арнап, орталық атынан мерекемен құттықтады. Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа төсеген қарияларымыздың бүгінгі бейбіт күн үшін сіңірген, соғыстан кейін бала саулығы жолында зор үлес қосқан еңбектері өлшеусіз.

          Биылғы жылы 100 жасқа келген Абланова Ғайни Қапашқызы Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін Педиатрия орталығында 40 жылдан аса Қабылдау бөлімінде мейірбике болып қызмет атқарды. Лапыко Владимир Николаевич Ғылым бөлімінде жұмыс істеп, институттың ғылыми дамуына зор үлес қосса, Есембаев Дамир Куземович Функционалдық диагностика бөлімінде 40 жылдан аса дәрігер болып қызмет атқарды. Тыл ардагері Машкеев Әукен Қиясұлының Педиатрия және балалар хиургиясы ғылыми орталығына қосқан үлесі зор. Ол 50 жыл ғұмырын Қазақстанның педиатрия ғылымын ұйымдастыру мен дамытуға арнады. 17 кандидат, 7 медицина ғылымдарының докторын дайындады. Әукен Қиясұлы 300-ден астам ғылыми мақаланың, дәрігерлерге арналған әдістемелік құралдар мен 5 ғылыми монографиялардың авторы. Дәрігер-гастроэнтеролог, медицина ғылымдарының докторы, профессор   аспирантураны бітіре сала, 1964 жылдан 2019 жылға дейін Педиатрия орталығында қызмет атқарды. Гастроэнтерология бөлімінің Бас ғылыми қызметкері, 1985-1992 жылдары институт директоры болды. 20-жылдан астам ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бала тағамдану мәселелері бойынша Бас маманы болып қызмет етті. Алғашқы болып отандық бала тағамдарын дайындау бойынша зерттеулер жүргізді. Ұзақ жыл «Педиатрия және бала хиургиясы» ғылыми журналының Бас редакторы қызметін атқарды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ә.Қ.Мәшкеев «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», «Тыл ардагері», «Құрмет белгісі» және т.б. ордендермен марапатталған.  

          Мереке қарсаңында Ауған соғысына қатысқан ардагерлер де  
назардан тыс қалмады. Бүгінгі күні әкімшілік-шаруашылық бөлімінде қызмет атқарып жатқан Ауған соғысының ардагері Түргенбаев Шоқан Нұрмағанбетұлына да құрмет көрсетіліп, сый-сыяпаттар тарту етілді.

#Педиатрияорталығы

#Жеңіскүні

#Құттықтау

#Ардагерлер