Бүгін, 12 мамыр - Халықаралық Мейіргерлер күні. Айтулы күнге орай, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында онлайн режимде «Күш көзі – білімде!» викториналық білім додасы өтті.
Шараны ашқан орталық басшысы Риза Боранбаева педиатриялық қызметтегі барша мейірбикелер мен мейірағаларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, ақ жарма тілегін білдірді. Барша қауымды айтулы мерекемен сонымен қатар Кәсіподақ ұйымының төрайымы Нұрбибі Жақауова құттықтады.
Білім сайысына орталықтың орта буын медицина қызметкерлері, мейірбикелер мен мейірағалар қатысты. Үш кезеңен тұратын білім додасында қатысушылар эпидемиология, лабораториялық диагностика, алғашқы көмек, балалардың тамақтануы, дәрілік препараттар және орталық тарихына байланысты сұрақтарға жауап беріп, сынға түсті. «Жүзден жүйрік, мыңнан мықты» шыққан үздіктерді орталықтың білікті дәрігерлері анықтады.
Байқау қорытындысы бойынша І орынды Хирургиялық блоктың мейірбикесі Назерке Сманғалиева иеленді. ІІ орынға Лабораториялық блоктың мейірбикесі Ақбота Айтуған ие болды. ІІІ орын Педиатрия блогының мейірбикесі Ақниет Құралбайға бұйырды.
Шара соңында бірқатар қызметкерлер денсаулық сақтау саласына, балалар денсаулығын жақсартуға қосқан үлестері үшін Алғыс хаттармен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Сондай-ақ, жыл қорытындысы бойынша орталықтың «Үздік мейірбикелері» анықталды. Нұржанат Табулдинова - «Үздік мейірбике» аталымының жеңімпазы атанса, «Үздік аға мейірбике» атағына Бақытгүл Сарсембаева ие болды. Барша марапат иелерін жетістіктерімен құттықтаймыз!
Бүгінгі таңда медициналық қызметкерлердің ең көп саны болып мейірбикелер табылады. Педиатрия орталығында қазіргі таңда 300-ден астам орта буын медицина қызметкерлері бала саулығы жолында аянбай қызмет етуде.
#Мейіргерлеркүні
#НЦПДХ
#Педиатрияорталығы
#Деньмедсестры