2021 жылғы 20-21 мамырда «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ Басқарма төрайымы Риза Боранбаева бастаған орталық дәрігерлері Украинаның өңірлік ауруханалары басшыларының «Жетекші көп бейінді ауруханалардың педиатриялық қызметін ұйымдастырудың өзекті мәселелері» атты I Конгресс жұмысына қатысты.
Конгресс бағдарламасында педиатриялық көмек көрсету, медициналық персоналды даярлау, сирек кездесетін ауруларды диагностикалау мен емдеуді ұйымдастыру, COVID-19 терапиясындағы заманауи тәсіл және оның асқынулары, атап айтқанда мультиқабынбалы синдром, гемофилияның ингибиторлық формаларын факторсыз препараттармен емдеудегі украиналық тәсіл қарастырылған. Екінші күннің бағдарламасы «Охматдит» клиникасында енгізілген балалардағы эндоскопиялық операциялардың жаңа әдістеріне, жаңа туған нәрестелерге жоғары технологиялық мультитәртіптік медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруға, балалар мен жасөспірімдердің гинекологиялық ауруларын диагностикалау мен емдеудің жаңа аспектілеріне арналған өзекті баяндамаларға толы болды. Алқалы басқосуда онкогематологиялық патологиясы бар балаларға гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялаудың, ағзалық трансплантацияның алғашқы нәтижелері ұсынылды. Айта кету керек, терапияның бұл түрі соңғы екі жыл ішінде енгізіліп келеді және қазіргі таңда жақсы нәтижелерге қол жеткізілген.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы конгресте үш баяндама ұсынды. ПБХҒО АҚ Басқарма төрайымы Р.З. Боранбаеваның Қазақстан Республикасындағы бала денсаулығын қорғаудың басым бағыттарына арналған баяндамасы үлкен ықыласпен қабылданды. Украиналық мамандар 0-ден 18 жасқа дейінгі балалардың аурушаңдығының динамикасын, Қазақстан Республикасындағы демографиялық көрсеткіштердің оң нәтижесін ерекше атап өтті, сондай-ақ жиында Қазақстан Республикасындағы перинаталдық және неонаталдық көмекті дамыту перспективалары, кардиохирургиялық қызмет, балалар онкологиялық қызметін қайта құрылымдау, сирек кездесетін аурулары бар балаларға медициналық көмек көрсету және т.б. мәселелер қамтылды.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Хирургиялық блок жетекшісі, ҚР ДСМ бас балалар хирургі К.Э.Хаиров Қазақстанда балалардағы порталдық гипертензияны емдеу бойынша баяндамасын ұсынды. Ал, орталықтың Педиатрия бойынша блок жетекшісі, Гоше ауруы бойынша ұлттық үйлестірушісі Г.К. Абдилованың баяндамасы Қазақстанда Гоше ауруына шалдыққан балаларды имиглюцеразамен емдеудің клиникалық тиімділігіне арналды.
Украинадан келген қатысушылар конгресте сирек кездесетін аурулары бар украин балаларының терапия нәтижелерін ұсынды. Қазақстаннан келген делегаттар «Охматдит» клиникасының тыныс-тіршілігімен танысып, медициналық генетика зертханасының меңгерушісі б.ғ.д. Н.В. Ольховичпен бірге клиниканың орфандық ауруларды диагностикалау зертханасына, гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау бөліміне, кардиохирургиялық және перинаталдық орталығын аралап көріп, жұмыстарымен танысты.
Конгресс жұмысына Израиль, Қырғызстан, Өзбекстан мамандары да қатысты. Әр елдің педиатрлары балаларды емдеудегі тәжірибесімен және де озық тәжірибелерімен алмасты, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықтың жаңа түрлерін ұсынды.
Іс-шара аясында «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» мен «Охматдит» ұлттық балалар мамандандырылған клиникасы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
#Конгресс
#Меморандум
#НЦПДХ
#Нцпедиатрии
#РизаБоранбаева
#Охматдит
#Украина