2021 жылғы 15-18 маусым күндері аралығында Педиатрия орталығында Ресейден келген шетелдік мамандардың қатысуымен «Ретинобластоманың селективті интраартериялық химиотерапиясы» тақырыбында көзішілік қатерлі ісікті, медицина тілімен айтқанда ретинобластоманы орган сақтай отыра емдеуге арналған шеберлік сыныбы өтті.

Ретинобластома балалардағы көзішілік ісіктердің 90% құрайды және жоғары қатерлі ісікпен, бүкіл көз алмасын ісік тінімен толтырумен, көз жүйкесіне, көз ұясына, миға таралумен сипатталады. Ісік көру қабілетінің жоғалуы түрінде ғана емес, сонымен қатар метастаздың және басқа мүшелердегі екінші қатерлі ісіктердің дамуына байланысты адам өміріне қауіп төндіреді. Ретинобластома пациенттерінің үштен бірінде тұқым қуалайды. Ретинобластоманың алғашқы және жиі кездесетін симптомы – лейкокория – белгілі бір жарық кезіндегі ақ жарқыл (мысалы, камера шамының жарқылы). Ісік көздің басқа бөліктеріне ене бастағанда, бала көру қабілетін жоғалта бастайды, кейде толық соқырлыққа дейін барады. Екі көздің көру өткірлігі әр түрлі болады, сондықтан балаларда қыли көзділік пайда болуы мүмкін (жағдайлардың шамамен 25-30%-ында кездеседі). Сирек жағдайда баланың көзі ауырады, қызарады немесе көзішілік қысым жоғарылаған кезде ісінеді.

Жыл сайын әлемде ретинобластоманың 8100 жаңа диагнозы анықталады, оның ішінде 570-810 жағдай неонатальды болып келеді.

Қазақстан Республикасында жылына ретинобластоманың 20-25 жаңа жағдайы анықталады. 2015 жылдан бастап ретинобластомасы бар барлық науқас балалар Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында емделуде. Осы ісіктің бағдарламалық химиотерапиясы басталды. Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтымен бірге Орталықта емдеудің орган сақтайтын лазерлі транспупиллярлы термотерапия, интравитреальді химиотерапия, криодеструкция сияқты әдістері енгізілген.

АҚШ пен Еуропа елдерінде 15 жыл, Ресейде 10 жыл бойы қолданылған селективті интраартериялық химиотерапия жоғары тиімділікті көрсетті, бұл көздің өзін ғана емес, сонымен қатар көру қабілетін де сақтауға мүмкіндік береді. АҚШ-та қолдану жылдарында көз алмасын алып тастау операцияларының саны 95%-дан 8%-ға дейін қысқарды.

Шеберлік сыныбы шеңберінде ретинобластомасы бар 7 балаға селективті интраартериялық химиотерапия (СИАХТ) операциясы жасалды. Н.Н.Блохин атындағы Ұлттық онкологиялық медициналық зерттеу орталығынан ота жасау үшін рентгенваскулярлық хирург Игорь Трофимов және оның әріптесі – анестезиолог Леонид Мартынов шақырылды.

Ретинобластомаға шалдыққан балалардың ата-аналары баланың көздерін сақтап қалу үшін, бұрын республикалық бюджет немесе өз қаражаты есебінен шетелге емделуге баратын еді. Бұл өте қымбат емдеу. Мысалы, Ресейде емдеу 500 000 ресей рублін, Швейцарияда – 60 000-70 000 АҚШ долларын құрайды.

         Н.Н.Блохин атындағы Ұлттық онкологиялық медициналық зерттеу орталығынан шетелдік мамандарының қатысуымен осы шеберлік сыныбын өткізу Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда алғаш рет жаңа технологияны – селективті интраартериялық химиотерапияны енгізуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің технологияны мақұлдауы және медициналық-экономикалық тарифті бекіту күтілуде, бұл осы операцияны біздің орталықтың базасында енгізуге және Отанымызда жоғары технологиялық орган сақтаушы ем жүргізуге мүмкіндік береді.

#шеберліксынып

#ретинобластома

#СИАХТ

#әріптестік

#Педиатрияорталығы

#көзішіқатерліісігі

#онкология