Бірнеше күннен бері Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында ем алушы балалар үшін жаңажылдық шыршалар аталып өтті.

            Орталық карантин жағдайына байланысты мерекені ауқымды өткізе алмаса да, әр бөлімде шағын жаңажылдық шыршалар ұйымдастырды. Аяз ата мен Ақшақармен бірге орталық басшысы Риза Боранбаева әр бөлімде жатқан балалар мен ата-аналарды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ақ тілегін білдірді. Жаңажылдық мерекеде балалар шыршаны айнала ән айтып, би билеп, өз өнерлерін көрсетіп, өлең-тақпақтарын айтып берді. Жүрекке жылылық ұялатып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған шара барысында 260-тан аса емделуші балалар демеушілер атынан түрлі сыйлықтарға ие болып, қуанышқа бөленді.

            Балалардың шынайы қуанышы мен риясыз күлкісін көруден асқан бақыт бар ма?! Жақсы көңіл-күй қашанда адам баласының ұзақ өмір сүруіне, ауруынан тезірек айығуына ықпал етері сөзсіз. Орталықта ем алушы әр баланың тезірек, құлан таза сауығып кетуіне тілектеспіз!

            Жаңа жыл мерекесі алдында балаларға қуаныш сыйлау, кішкентай бүлдіршіндерге қолдау көрсету мақсатында өткен мерекелік шараға атсалысып, қолдау білдірген демеушілерге атап айтқанда, «ALIYA STAR», «Kokterek Agro», «Demeu Trading», «НеоТекФарм», «Coca Cola» компанияларына, «Help Today», «Амила», «Әділ» қайырымдылық қорлары мен «Спасибо врачам» қоғамдық бірлестігіне зор алғысымызды білдіреміз!

#жаңажылдықшырша

#Педиатрияорталығы

#НЦпедиатрии

#балаларклиникасы          

#институтпедиатрии