Бүгін, 10 ақпан күні Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында клиникаға қарасты балалар аурулары кафедрасына Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, еліміздің көрнекті ғалымы, тұңғыш медицина ғылымдарының докторы атанған қазақ әйелі, Қазақстанның педиатриялық мектебінің негізін қалаушы профессор-педиатр Барлыбаева Нағима (Нина) Ахметқызының есімін беруге арналған салтанатты іс-шара өтті. Аталмыш шара С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың медицина саласына зор үлес қосып, еңбек сіңірген дәрігерлер, профессорлар мен оқытушылардың есімдерін мәңгілікке есте қалдыру мақсатындағы «Тағзым» акциясы аясында өтті.

Айта кетейік, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың клиникалық базасы болып табылады. Ғылым, тәжірибе және білім тұтастығы қағидаларын ұстана отырып, орталықтың көптеген мамандары болашақ педиатрлар даярланатын балалар аурулары кафедрасының оқытушылары мен клиникалық тәлімгерлері болып табылады.

Іс-шараға ҚазҰМУ ректоры, проф. Нұрғожин Т.С., Нағима Ахметқызының шәкірттері, ұлы - С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың нейрохирургия курсы бойынша жүйке аурулары кафедрасының профессоры, м.ғ.д., «ҚР неврологтар қауымдастығы» ҚБ Президенті Еркін Нұрғожаев, Педиатрия орталығының басшылығы мен өкілдері, сонымен қатар кафедра ұжымы мен жас дәрігер-резиденттер қатысты.

Барлыбаева Нағима Ахметқызы 1924 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Қазақ медицина институтын (қазіргі Қазақ мемлекттік медицина универстиеті) (1945ж), оның аспирантурасын (1951) бітірген. 1952—1965 жылдары Қазақстан Денсаулық сақтау минстрлігінің Педиатрия ғылыми-зерттеу институтында бала ауруларынан сақтану және оларды емдеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері, меңгерушісі, директордың орынбасары, 1965-1992 жылдары Қазақ мемлекеттік медицина институтының кафедра меңгерушісі, 1971-1991 жылдары факультеттік, содан кейін госпитальдық педиатрия кафедрасын басқарды, бір мезгілде 1968-1979 жылдары педиатрия факультетінің деканы қызметін атқарды.

1970 жылдан «Педиатрия» мамандығы бойынша медицина ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесінің және КСРО МҒА педиатрия ҒЗИ докторлық диссертациясын қорғағаннан кейін профессор ғылыми атағын алғаш алған қазақ-әйел иегері атанды. Учаскелік дәрігерден профессорға дейін 60 жылдық еселі жолды еңсеріп, ол Қазақстанның педиатриялық мектебінің негізін қалады, Қазақстанның жоғары білікті ұлттық ғылыми кадрларының алғашқы өкілі болды.

Оның негізгі ғылыми еңбектері кардиология мәселелеріне арналған. Н.Барлыбаева балаларда (соның ішінде жаңа туған сәбилерде) жүрек-тамыр, бүйрек, өкпе ауруларының патологиясы, миокардит, гипервитаминоз, рахит ауруларының белгілерін анықтау, емдеу және олардан сақтану ерекшеліктерін зерттеді.

Ғылымға және денсаулық сақтау ісіне қосқан зор үлесі үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, Денсаулық сақтау және Білім министрлігінің Құрмет грамоталарымен, Шетелдермен достық және мәдени байланыстар жөніндегі Бүкілодақтық қоғамының Құрмет грамотасымен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «КСРО өнертапқышы», «Ерен еңбегі үшін», «Лениннің 100 жылдығына орай», «Әл-Фараби», «Еңбек ардагері», «Тың игеруге - 50 жыл» медальдарымен марапатталған.

ҚазҰМУ-дың неонатология курсы бойынша балалар аурулары кафедрасына Қазақстанның көрнекті педиатрының есімін беру идеясын еліміздің бүкіл медицина қауымдастығы қолдады. Балалар денсаулығын нығайтуға, ұлттық педиатриялық кадрларды даярлауға қосқан зор еңбегі мен профессордың елеулі үлесі үшін С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Сенатының 2022 жылдың 27 қаңтарындағы шешімімен неонатология курсы бар балалар аурулары кафедрасына профессор Барлыбаева Нағима Ахметқызының есімі берілді.

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы атақты профессордың есімін мақтанышпен алып жүрмек. Оның өмірі мен қызмет   жолы, қазақ медицинасына қосқан сүбелі зор үлесі жас педиатр дәрігерлерге өлшеусіз үлгі-өнеге болмақ.

#Педиатрияорталығы

#кафедра

#педиатрия

#НағимаБарлыбаева

#ҚазҰМУ

#Тағзым