Бүгін, 6 мамыр күні Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында Отан қорғаушылар күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.
Жиынды орталық басшысы Риза Боранбаева ашып, барша ер-азаматтарды мерекемен құттықтады.
«Құрметті біздің ер-азаматтар, Сіздерді батылдық пен ерліктің мерекесі Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймыз! Ер-жігіттердің орталықта алар орны ерек. Осыдан 10-20 жыл бұрын ғана бізде санаулы ғана ер адам қызмет жасаса, бүгінде орталықта 130-дан аса ер-азамат дәрігерлер қызмет атқарады. Мейір ағалардың да саны артуда. Қазіргі таңда орталықтың кардиохирургия, урология, онкохирургия, сәулелі диагностика, эндоскопия, реанимация, аферез зертханасы, статистика және т.б. бөлімдерді ер-азаматтар басқарады. Бұл қуанарлық жағдай. Әрқашан нәзік жандылардық қорғаны, отбасыларыңыздың қолдаушысы болып жүре беріңіздер! Сіздердің балалар денсаулығын нығайтуға қосып жатқан еңбектеріңіз ерен. Балалар саулығы жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақыт тілеймін! Ең бастысы, аспанымыз ашық болсын, еліміздің тыныштығы бұзылмасын!», деп өтті Р.Боранбаева.
Мерекелік шарада бірқатар ер-жігіттер денсаулық сақтау саласы мен орталық қызметіне сіңірген зор еңбегі және қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі үшін Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Шара барысында орталықтың арулары шағын концерттік бағдарлама ұсынып, ән мен биден шашу шашты. Ойындар ойнатылып, арнайы дайындалған құттықтау бейнеролик ұсынылды.