Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Нәрестелердің жан сақтау, қарқынды емдеу және анестезиология бөлімі күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды. Бұл Балалар жылы аясында іске асып отырған тарту.
Бөлім 2020 жылы мамыр айында күрделі жөндеуге жабылған еді. Қазіргі уақытта жедел емді қажет ететін сәбилер қажетті ем-шараларын алып, операциялар жоспарлы түрде жүргізілуде.
Республикалық орталықтың жаңа туған нәрестелерді күту бөлімі 1959 жылдан жұмыс істеп келеді. Неонаталдық хирургияның дамуымен 2003 жылы жаңа туған сәбилерге арналған жан сақтау, қарқынды емдеу және анестезиология бөлімі ашылды. Бөлім содан бері республиканың әр аймағынан санавиация желісі бойынша келіп түскен нәрестелерге жоғары білікті мамандандырылған шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсетеді.
Жаңа туған нәрестелердің жан сақтау, қарқынды емдеу және анестезиология бөлімі жаңа туған және шала туған, оның ішінде дене салмағы өте төмен болып туылған нәрестелерге жоғары мамандандырылған көмек көрсету үшін 6 төсекке арналған. Бөлімде асқазан-ішек жолының, зәр шығару жүйесінің ақаулары, өкпенің даму ақаулары, диафрагма сияқты туа біткен даму ақаулары бар жаңа туған нәрестелерге хирургиялық көмек көрсетіледі. Бұл диафрагмалық жарық, анус атрезиясы, гастрошизис, омфалоцелла сияқты операциялар. Ақауларға арналған хирургиялық араласулар, әдетте, медициналық топтың жоғары кәсібилігін талап ететін ұзақ және кезеңді оталар болып табылады. Емдеудің табысы хирургтың шеберлігіне ғана емес, сонымен қатар нәрестені реанимация бөлімінде және неонаталдық бөлімдегі ерекше күтімді қажет ететін қиын кезеңге байланысты.
Бөлімде сонымен қатар, тыныс алу, жүрек-тамыр жеткіліксіздігі, орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, жұқпалы аурулары бар нәрестелерге қарқынды емдеу жүргізіледі. Қазақстан аумағында алғаш рет, 2012 жылдан бастап бөлімде шала туған нәрестелердегі ретинопатиясы кезінде көз торының лазерлік коагуляциясы жасалады. Медициналық көмек көрсету жұмысы анестезиолог-реаниматолог, анестезиолог мейірбикелер, кіші медицина персоналдарының жіті қадағалауында тәулік бойы жүргізіледі.
Жаңартылған бөлімде ламинарлы ауа айналымы жүйесі, медициналық газдарды автономды беру жұмыс істейді. Бұл жүйе кішкентай науқастарды инфекциялық ауруларды жұқтырудан сақтайды және жаңа туған нәрестелердің тез сауығуына ықпал етеді. Бөлім кішкентай пациенттердің, оның ішінде дене салмағы өте төмен жаңа туған нәрестелердің тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге арналған заманауи жабдықтармен жарақталған. Жедел зертханасы бар. Жаңа ота жасау үстелі, наркозды-тыныс алу жабдығы және ағзаның өмірлік маңызды функцияларын мониторингтеу жүйесі бар ота жасау блогы толығымен қайта жабдықталды. Жаңа келбетке ие болған реанимация бөліміне сонымен қатар жаңа реанимациялық үстелдер, көпфункционалды кювездер, медициналық бұйымдар мен персоналға арналған жаңа жиһаздар қойылды. Барлық қажетті ультрадыбыстық және рентгенологиялық зерттеулер, зертханалық-диагностикалық іс-шаралар тәулік бойы жүзеге асырылады.
Заманауи жабдықталған бөлімге кішкентай пациенттеріміздің ата-аналары дән риза.
«Педиатрия және балалар
хирургиясы ғылыми орталығы»
баспасөз қызметі
8 (727) 269 69 52