Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының сәби денсаулығын, бала амандығын басты назарға алып отырғанына биыл - 90 жыл. 6-7 қазан күндері Алматыда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының 90 жылдығына арналған «Қазақстан педиатриясы: өткені мен бүгіні және болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
Мерейтойлық шараға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі А.Ғинаят, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ректоры М.Е.Шоранов, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрағасы А.З.Құсайынов, Д.Рогачёв атындағы ұлттық медициналық зерттеу орталығының Бас директоры Г.А. Новичкова, Беларусь Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор, онкогематолог О.В.Алейникова, сонымен қатар Қазақстанның барлық аймақтарынан және Беларусь, Ресей, Таджикистан, Өзбекстан, Ұлыбритания, Германия, Украина, Чехия елдерінің өкілдері, балалар дәрігерлері, ғылыми институттардың жетекші мамандары мен басшылары, сондай-ақ медициналық ЖОО профессорлары қатысады.
Конференцияның басты мақсаты - балалар денсаулығын сақтау мен нығайту, балаларға сапалы медициналы қызмет көрсетуді ұйымдастыру, балаларды емдеу мен диагностикалаудағы өзекті меселелерін талқылау, еліміздегі балалар денсаулығы қызметін жақсарту.
Іс-шараның ұйымдастырушылары: ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы және Қазақстан Педиатрлар Одағы.
Алқалы басқосуда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының өткені мен бүгіні, жетістігі мен дамуы сөз болып, еліміздегі педиатриялық қызметтің бағыт-бағдары сараланады.
Екі күнге созылатын халықаралық конференция «Педиатрия және неонатологияның өзекті мәселелері», «Балалар хирургиясы: бағыттары мен заманауи әдістері», «Орфандық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи мәселелері», «Онкологиялық және гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи технологиялары», «Патологоанатомиялық диагностиканың өзекті мәселелері», «Балаларға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудағы мейіргерлер рөлі» атты секциялық жұмыс тақырыптары аясында өтеді.
Біздің анықтама: Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының негізі 1932 жылы 28 қарашада Ана мен бала денсаулығын қорғау ғылыми зерттеу институты ретінде қаланды. Бүгінде орталық білікті де тәжірибелі мамандары, қуатты материалдық базасы бар, жаңа заман талаптарына сай медициналық технологияларды қолданатын жетекші ғылыми-зерттеу және клиникалық мекемеге айналып отыр. Педиатрия орталығында 700-ден астам қызметкер балалар саулығы жолында аянбай қызмет етуде.
Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығы Қазақстан Республикасындағы педиатрия қызметінің басты үйлестірушісі болып табылады. Клиникада жылына жаңа туған нәрестеден бастап 18 жасқа дейінгі Қазақстанның барлық өңірлерінен 6000-нан астам бала тәулік бойы және күндізгі стационар жағдайында мамандандырылған және жоғары деңгейде қажетті медициналық көмек алады. Орталықта туа біткен даму ақауын, қан ауруларын, қатерлі ісікті, жүрек, несеп-жол, тыныс алу және ас қорыту органдарының ауруларын, тұқым қуалайтын синдромдарды, біріншілікті иммунтапшылығын және басқа да балалар жасындағы күрделі ауруларды әлемдік стандарт бойынша емдейтін хирургия, неонатология, онкология және гематология, урология, пульмонология, жалпы педиатрия, балалар кардиохирургиясы сынды 25-тен астам бөлімдер бар.
Педиатрия орталығы емдеу мекемесі ғана емес, ҚазҰМУ-дың көптеген клиникалық кафедралары, дипломнан кейінгі даярлық жəне дəрігерлердің мамандығын жетілдіру курстары үшін клиникалық жəне тәжірбиелі кадрларды дайындау оқу базасы болып табылады. «Педиатрия», «Балалар хирургиясы», «Балалар онкологиясы және гематологиясы» салалары бойынша тәжірбиелі мамандар дайындау жұмыстары қолға алынған. Дәрігерлер мен ғылыми қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында орталық жылдар бойы қарқынды жұмыс жасап келеді.
Ғасырға таяу уақыт кішкентай балақайлардың денсаулық күзетінде тұрып, өмір мен өлім арасындағы кішкентай «жүректерді» сақтап, талай ананың алғысын, әкенің батасын алған орталық 90 жыл бойы ұлт мүддесі, балалар саулығы жолында аянбай еңбек етуде. Орталық балалардың денсаулығын қорғауда қол жеткізген жетістіктері үшін Халықтар Достығы орденімен және «Сапа үшін Еуропалық Гран При» халықаралық байқауының «Медицина саласының көшбасшысы» Бас жүлдесімен марапатталған.
Өтетін күні: 6-7 қазан, 2022 жыл;
Басталу уақыты: 09.00-де;
Өтетін орны: Алматы қ-сы, М.Ганди көшесі 10, Тұңғыш Президент қоры. Мәжіліс залы.
«Педиатрия және балалар
хирургиясы ғылыми орталығы»
баспасөз қызметі
8(727) 269 69 52
8 707 815 18 33 Нәзира Елеухан