Ғасырға таяу уақыт балалар саулығы жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан Педиатрия орталығына биыл - 90 жыл. Бүгін айтулы датаға орай, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында салтанатты жиын өтті.

Салтанатты шараға Педиатрия орталығында ұзақ жылдар қызмет еткен, балалар саулығына өлшеусіз үлес қосқан 40-қа жуық ардагер-дәрігерлер мен орталық ұжымы қатысты.

Шара Педиатрия және балалар хирургиясы орталығының Директорлар кеңесінің төрағасы Мариям Омарова мен орталық басшысы Абай Құсайыновтың құттықтау алғы сөзімен ашылды.

Педиатрия және балалар хирургиясы орталығының Басқарма төрағасы А.З.Құсайынов алғы сөзінде:«Дені сау ұрпақ – ұлтымыздың келешегі. Бала денсаулығын сақтау — денсаулық сақтау жүйесінің ең маңызды міндет-мақсаттарының бірі. Сол себепті әрбір мемлекет қашанда ана мен бала денсаулығын басты назарға алған. Биыл балалар мен сәбилердің денсаулығын жақсартуды мақсат тұтқан мекеменің құрылғанына - 90 жыл. Ғасырға жуық тарихы бар Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының балалар саулығын нығайту мен сақтауға қосқан үлесі өлшеусіз. Әр жылдары мыңдаған ақ халатты абзал жандар аянбай еңбек етіп, балалар саулығы жолында бар ғұмырларын арнады. Солардың бірі де, бірегейі де өздеріңізсіздер! Осы залда отырған әрқайсыларыңыздың біз үшін орындарыңыз ерек. Педиатрия орталығы өзінің 90 жылдық бай тарихымен ғана емес, есімдері Педиатрия саласында алтын әріппен жазылып қалған Сіздердей ардагерлерімен, мыңдаған шәкірттерімен, мықты дәрігерлерімен мақтан тұтады. Құрметті ардагерлер, ұжым атынан Педиатрия қызметінің бастауында тұрған баршаңызға ұлт саулығына сіңірген мол еңбектеріңізге зор алғысымды білдіремін!», деп, барша ардагерлерді Педиатрия орталығының 90 жылдығына арнайы шығарылған мерейтойлық медальдармен марапаттады.

Өз кезегінде әр ардагер құрметтеп шақырғандары үшін алғыстарын білдіріп, орталық ұжымын мерейтойымен құттықтады. Ақжарма тілектерін жаудырған зейнеттегі ардагер-дәрігерлер, сонымен қатар өз естеліктерімен де бөлісті.

Шара барысында орталықта ұзақ жылдардан бері қызмет жасап келе жатқан, ел болашағы-балалар мен нәрестелерді емдеп, ұлт денсаулығын жақсартуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан қызметкерлер ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жоғары наградаларымен және орталықтың мерейтойлық медальдарымен марапатталды.

#Марапат

#Педиатрияорталығына90жыл

#Құттықтау

#Ардагердәрігерлер

#Ұлықтау

#Жиын