26-27 қаңтар күндері аралығында Алматыда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының пульмонология бөлімінің 60 жылдығы аясында «Муковисцидозбен ауыратын науқастарды диагностикалаудың, емдеудің және оңалтудың заманауи аспектілері» тақырыбында шеберлік сағаты өтті.

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен ҚР Педиатрлар Одағының ұйымдастыруымен өткен шараға еліміздің әр өңірінен 80-нен аса мамандар: пульмонологтар, педиатрлар, диетологтар, гастроэнтерологтар, физиотерапевт-дәрігерлер, резиденттер, медициналық ЖОО студенттері, сонымен қатар, Қазақстан республикасының барлық аймақтарынан сирек (орфандық) аурулар бойынша өңірлік үйлестірушілері мен әр облыстың Денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері қатысты.

Шараны өткізудегі басты мақсат – ҚР дәрігерлерінің біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу және медициналық қоғамдастықты муковисцидоз мәселелеріне назар аударту.

Муковисцидоз - бұл сыртқы секреция бездерінің, сондай-ақ өмірлік маңызды мүшелер мен жүйелердің: тыныс алу жолдарының, асқазан-ішек жолдарының, ұйқы безінің, бауырдың, сілекей және тер бездерінің және репродуктивті жүйесінің зақымдалуымен сипатталатын мультижүйелі, тұқым қуалайтын, өмірге қауіп төндіретін ауру.

Шеберлік сағатты Ресейдің жетекші дәрігерлері: м.ғ.д., профессор, «Н.П.Бочков атындағы МГҒО» ФМБҒМ-нің генетикалық эпидемиология зертханасының бас ғылыми қызметкері Наталья Каширская,   Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық медициналық балалар денсаулығын зерттеу орталығы» ФМАМ-ның білікті мамандары: м.ғ.д., молекулалық микробиология зертханасының меңгерушісі, микробиолог Анна Лазарева, м.ғ.д., профессор, жоғары санатты пульмонолог дәрігер, пульмонология бөлімінің меңгерушісі Ольга Симонова, м.ғ.к., педиатр, нутрициолог Инна Соколов, м.ғ.д., эндоскопиялық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Максим Лохматов өткізді.

Іс-шараның ашылуында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Директорлар кеңесінің төрайымы Мариям Омарова муковисцидозға арналған шеберлік сағаты біздің еліміздегі күрделі аурулардың бірі саналатын дертті диагностикалау, емдеу және оңалтуды жақсартуда тағы бір қадам жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Бүгінгі шара Орталықтың пульмонология бөлімінің 60 жылдық мерейтойына арналуымен маңызды. Бөлімнің құрылуы мен дамуына академик Камал Сәруарұлы Ормантаев, проф. Омарова Күлән Омарқызы, проф. Байжанова Мунира Майевна және басқа да мамандар үлкен үлес қосты. Пульмонология бөлімінің бірінші меңгерушісі Тен Ольга Денисовна болды. Бөлімде құрылғаннан бері муковисцидозбен ауыратын балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Жылдан-жылға гендік ауруларды анықтау жақсарып келеді. Жаңа емдеу технологияларын енгізудің арқасында науқастардың өмір сүру сапасы жақсарып, өмір сүру ұзақтығы артты. Егер бұрын муковисцидозды балалық шақ кездегі ауру деп саналса, қазіргі таңда бұл дертке шалдыққан балалар ересек жасқа жетіп, өмір жастары ұзаруда», деп атап өтті Мариям Омарова.

 «Жыл сайын ауруханада әртүрлі бронх-өкпе патологиясы бар 600-ден астам балаға көмек көрсетіледі, 200-ден астам телемедициналық кеңестер жүргізіледі. Біздің мамандар еліміздің барлық аймағында шеберлік сабақтар, медициналық, консультативтік, әдістемелік көмек көрсетіп келеді. Емдеу-диагностикалық жұмыстар халықаралық стандарттарға сай жоғары деңгейде жүргізілуде. Пульмонология бөлімі бүгінде жас мамандарды дайындайтын жақсы мектеп болып табылады, ал біздің Орталық республика бойынша балалар пульмонологтарын дайындайтын базаға айналды. Бүгінгі шара осы саланы дамытуға, көркейтуге өз үлесін қосады деп сенемін», деді алғы сөзінде «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ Басқарма төрағасының ғылыми-инновациялық қызметтер жөніндегі орынбасары Лязат Манжуова.

Екі күн бойы өткен шарада ресейлік мамандар қазақтандық дәрігерлерге оқыту семинарымен қатар, практикалық дәрістер өткізіп, гендік ауруларды емдеу бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, муковисцидозды емдеу мен диагностикалау, өкпе асқынулары, физиотерапия мен таргетті терапия, дұрыс тамақтану және муковисцидозға шалдыққан балаларға дұрыс күтім жасау бойынша кеңестерін берді. Шеберлік сағаттың екінші күні мамандар орталықтағы және аймақтардан келген муковисцидозбен ауыратын балаларды қарап (6 бала), әрі қарайғы емдеу іс-шараларын бірге талқылады.

Бүгінгі күні Қазақстанда ресми түрде муковисцидозға шалдыққан 173 науқас тіркелген. Сирек кездесетін орфандық аурулар – бұл мүгедектікке, өмірдің қысқаруына алып келуі мүмкін созылмалы күрделі немесе өмірге қауіпті аурулар. Бүгінгі күні сирек кездесетін аурулардың 7000-нан астам түрі белгілі. Көп жағдайда бұл генетикалық ауру, алайда сирек кездесетін аурулар арасында инфекциялық, аутоиммундық немесе уытты сипаттағы аурудың түрлері де бар. Өкінішке орай, көптеген сирек аурулардың пайда болу себептері белгісіз болып қалуда. Аурудың белгілері туа сала немесе жүре келе білінуі мүмкін. Өйткені, сирек аурулардың көпшілігі басқа аурулардың белгісі түрінді білінеді.

«Педиатрия және балалар

хирургиясы ғылыми орталығы»

баспасөз қызметі

8 (727) 269 69 52