Бүгін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында Көктемнің алғашқы мейрамы - 8 наурыз мерекесіне орай салтанатты жиын өтті.
Салтанатты жиынды орталық басшысы Абай Құсайынов ашып, барша әйелдер қауымын көктемнің шуақты да, мерейлі мерекесімен құттықтап, балалар саулығы жолында еңбек етіп жатқан нәзік жандылардың ерен еңбектерін атап өтті.
Орталықтың ер-азаматтары мерекеге орай арнайы шағын концерттік бағдарлама ұсынып, өнерлерін паш етті. Түрлі ойын, ән мен жырдан шашылған мерекелік шара көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шара соңында гүл шоқтары мен әр бөлімге сыйлықтар табысталды.
Шара аясында бірқатар қызметкерлер денсаулық сақтау саласына, кәсіподақ қызметіне сіңірген еңбегі және қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі үшін Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Мемлекетімізді баянды етуге, денсаулық саласын нығайтуға мол үлес қосқан аналарымыздың игілікті ісін бүгінде жас дәрігер, қыз-келіншектер жалғастыруда. Әйелдер қауымы еліміздің денсаулық саласында ғана емес, барлық жүйеде білікті басшы, білімді маман ретінде қызмет атқара жүріп, Қазақстанның көркеюінде өз қолтаңбаларын қалдыруда. Бұл тарапта Педиатрия орталығының 500-ден аса нәзік жанды ақ халатты балалар дәрігерлері ең ауыр да, жауапты қызметтерді абыроймен атқарып келеді.
#8наурыз
#мерекелікшара
#Педиатрияорталығы
#Құттықтау