Қайырымдылық – жүректегі мейірімнің сәулесі, ізгіліктің көрінісі. Яғни, біреуге көмек көрсету, қайырымдылық жасау – адам жанының ізгілігінен, рухани дүниесінің байлығынан, ішкі әлемінің жарықтығынан шығатын игі іс.
Бүгін Алматы қаласындағы №3 Оқушылар үйі «Алтын жүрек» қайырымдылық акциясы аясында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында ем алып жатқан балаларға сыйлықтар табыстады.
Балалардың жүрегіне жылу ұялатып, жүздеріне күлкі сыйлауды мақсат тұтқан акция жүректен жүрекке жетті. Клиникада ем алып жатқан балалар мен олардың ата-аналары қуаныш сыйлаған азаматтарға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды.
«Біздің Оқушылар үйінің «Алтын жүрек» акциясы жыл сайын өткізіліп тұрады. Бүгінгі акцияға №3 Оқушылар үйінің мүшелері, Бостандық ауданының оқушылары, сонымен қатар олардың ата-аналары мен ұстаздары атсалысты. Сыйлықтар арасында кітаптар, үстел ойындары, қолөнер бұйымдары мен сурет салуға қажетті заттар, ойыншықтар, бір сөзбен айтқанда кішкентай пациенттерді қуанта алатын және олардың тезірек сауығып кетуіне көмектесетін барлық нәрсе бар. Әр сыйлыққа біздің шынайы жүрегімізден шыққан тілектер жазылған әсемхаттар салынды! «Қуанса – бала қуансын», демекші, біз клиникада ем алып жатқан балаларды сыйлықтарымызбен қуанта отырып, тезірек құлан-таза айығып шығуларын тілейміз!», дейді шараның ұйымдастырушысы Светлана Леонидовна.
#Педиатрияорталығы
#қайырымдылықакция
#акцияАлтынжүрек
#№3Оқушыларүйі
#Жүректенжүрекке