{gallery}1-06-2019/15-05-2023{/gallery}
Алматыда, 2023 жылғы 11-12 мамырда ҚР балалар онкогематология қызметiнің 30 жылдығына арналған «Балалар онкогематологиялық қызметінің дамуына 30 жыл: жетістіктері мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Онлайн және офлайн түрінде өткен конференция жұмысына Германия, Түркия, Ресей, Беларусия, Өзбекстан, Латвия, Украина, Тәжікстан және т.б. шет елдің жетекші мамандары, Астана және Алматы қалаларындағы екі республикалық ғылыми орталықтың балалар онкологиясы мен гематология саласының мамандары, облыстық онкологтар мен гематологтар, үкіметтік емес ұйымдар мен ата-аналар қауымдастығының өкілдері, барлығы 500-ден астам қатысушы қатысты.
Конференцияның басты мақсаты - балалар жасындағы онкологиялық және гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің бүгінгі өзекті мәселелерін талқылау, халықаралық және өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, балалардағы онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау және емдеу қажеттілігі туралы ескерту мақсатында күш-жігерді біріктіру.
Халықаралық конференция Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудниктің, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ректоры Марат Шорановтың, Валентин Герайн қорының негізін қалаушы, Қазақстандағы балалар онкогематология қызметінің қалыптасуына зор үлес қосқан - Герайн Валентин мырзаның және Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрағасы Абай Құсайыновтың алғы құттықтау сөзімен ашылды.
«Балалардың қатерлі дертпен науқастануы қоғам үшін ауыр әлеуметтік және қаржылық ауыртпалық қана емес, сонымен қатар әр адамның; аналардың, баланың туған-туысы, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің жүрегін сыздататын трагедия. Ұзақ уақыт бойы, бүкіл әлемде және елімізде қатерлі дертке шалдыққан балалардың барлығы дерлік қайтыс болатын. Сондықтан 30 жыл бұрын Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының базасында «КЭР-Германия» қайырымдылық қоғамының белсенді көмегімен Республикалық балалар онкогематологиялық орталығын ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Көп жыл бойы мемлекет тарапынан онкогематологиялық аурулары бар балаларға көмек көрсету мәселелеріне баса назар бөлініп келеді. Онкологиялық және гематологиялық аурулары бар балалар диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес барлық дәрілік заттармен, оның ішінде амбулаториялық кезеңде республикалық бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. Астана қаласындағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында онкология және гематология бөлімшелері ашылды. Гемопоэздік дің жасушаларын транспланттау технологиялары сәтті енгізілді, ҚР-да балалар онкологиялық және гематологиялық көмегін жетілдіру бойынша жол карталары әзірленіп, іске асырылды. Биыл онкологиялық аурулармен күрес бойынша кешенді іс-шаралар жоспары әзірленді. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі ерте диагностика, мамандандырылған емдеуді жетілдіру, жоғары технологиялық қызметтер спектрін кеңейту, кадрлық әлеуетті жетілдіру және ғылымды дамыту жөніндегі іс-шараларды іске асыруды көздеп отыр», – деді Денсаулық сақтау вице-министрі В.Дудник.
«Қазақстанда онкогематологиялық қызметтің 30 жылдығына арналған конференция балалар онкологтары мен гематологтарының ғана емес, Қазақстанның барлық педиатриялық қоғамдастығы үшін маңызды оқиға. Республикалық балалар онкогематологиялық орталығының ашылуымен елімізде балалар онкогематологиялық қызметінің жаңа деңгейі басталды. Осы тарихи 30 жыл ішінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, диагностиканың заманауи әдістері жолға қойылды, бағдарламалық химиотерапия және трансплантациялау технологиялары, әртүрлі онкогематологиялық аурулары бар пациенттерді оңалту және психологиялық қолдау шаралары енгізілді. Профессор Күлян Омарованың жетекшілігімен балалар онкологтары мен гематологтарының отандық ғылыми мектебі құрылды, онда жүздеген онкогематолог мамандары даярланды. Қазіргі кезде олар еліміздің барлық өңірінде және шетелде де жұмыс істейді. Бүгінде қатерлі дертке шалдыққан балалар мектепте, университетте оқуын аяқтауға мүмкіндік алды, маман иесі, табысты адам болды. Біздің алғашқы емделушілеріміз қазіргі таңда ата-ана атанып, толыққанды қоғамымыздың мүшелері болып отыр. Оның бірқатары бүгінгі шараға арнайы келіп отыр», – деп атап өтті «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ Басқарма төрағасы А.Құсайынов.
Форум алаңында балалардың қатерлі ісігін, қан ауруларын емдеу саласындағы өзекті тақырыптардың кең ауқымы, балалық шақтағы онкологиялық және гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудегі заманауи тәсілдер, балалар онкологиясы мен гематологиясындағы хирургияның заманауи мүмкіндіктері, онкогематологиялық қызметті ұйымдастыру және т.б. балалар онкологиясы мен гематологиясы саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Онкогематологиялық қызметтің қалыптасу жылдарында Педиатрия орталығы көптеген алыс және жақын шетелдік орталықтармен ынтымақтастық байланыста қызмет жасап, соның нәтижесінде ісіктер мен қан ауруларының күрделі түрлеріне шалдыққан науқастарды диагностикалау мен емдеуде консультациялық-практикалық көмектер көрсетілді, жас мамандар шетелдік орталықтарда біліктіліктерін арттырды. Сондай-ақ, шеберлік сыныптарға қатысуға мүмкіндік алды. Конференция барысында 30 жылдан бері клиникаға қолдау білдірген шетелдік әріптестердің еңбектері де атап өтіліп, оның бірқатарына Алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ, Қазақстандағы балалар онкогематологиялық қызметінің негізін қалаушылар, отандық педиатрияның көрнекті тұлғалары: академик Ормантаев Камал Сәруарұлы, профессор Омарова Кулян Омарқызы және профессор Машкеев Әукен Қиясұлы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Конференцияның салтанатты ашылуының әсерлі сәті қатерлі дертті жеңген - ЖЕҢІМПАЗ пациенттеріміздің «ЖЕҢІС» жолы баяндалатын «Бір дерт - әртүрлі тағдыр» атты фильмнің көрсетілімі мен «аты жаман ауруды» жеңген орталық пациенттерінің қоюындағы қойылым болды. Балалар 2016 жылдан бері «Шығармашылық қанатында» атты арт-терапиялық студиясына қатысады.
Конференция барысында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы Д.Рогачев атындағы балалар гематологиясы, онкологиясы мен иммунологиясы ұлттық медициналық ғылыми орталығымен екі жақты әріптестік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум негізінде екі ел арасында медициналық көмек көрсетуді арттыру, онкология және гематология қызметін дамыту, медицина қызметкерлері мен дәрігерлердің біліктіліктерін арттыру және т.б. салалар бойынша екі жақты әріптестік бағытындағы жұмыстар атқарылады.
Дүниежүзіндегі онкологтар мен гематологтардың алдына қойған ең маңызды міндеттердің бірі — онкологиялық ауруларға шалдыққан балалардың өмір сүру жасын арттыру және осы аурулардың көпшілігін бүгінде емдеуге болатынын көпшілікке жеткізу.
«Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ республика бойынша балалардың онкогематологиялық қызметін үйлестіретін көпсалалы клиника болып табылады. Жыл сайын Орталықта онкологиялық және қан ауруларына шалдыққан 3000-нан астам бала тиімді әрі жоғары технологиялық ем алады. Инновациялық диагностикалық әдістерді, заманауи емдеу бағдарламаларын және гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялауды қолдану қатерлі ісіктердің барлық дерлік нозологияларында балалардың жалпы өмір сүру деңгейін арттырды.
Бүгінгі таңда Педиатрия орталығында балалардағы барлық қатерлі ісіктерді емдеу жүзеге асырылуда, көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы жақсарды, мемлекет қызметті қаржыландыруды толық көлемде жүзеге асырады. 2012 жылы балаларға гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау (ГДЖТ) енгізілді, бүгінде трансплантацияның барлық түрлері жүргізіледі. Осы уақытқа дейін 177 ГДЖТ жасалынды.
«Қазақстанда бала обырын емдеудің әрі қарайғы жетістігі дер кезінде ерте анықтауға, біздің мамандардың бірлескен халықаралық білім беру және ғылыми жобалар мен емдік технологияларды жетілдіруге, оның ішінде гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялауға белсенді қатысуына байланысты. Дәрігерлеріміздің жоғары кәсіпқойлығы, әрбір науқас балаға деген ерекше күтім және ғылыми жетістіктерді іс жүзінде қолданудың үйлесуі Қазақстанның балалар онкологиялық қызметін жаңа деңгейге шығарады!», дейді мамандар.
Шараның ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы және «Қазақстан Педиатрлар Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі.
ПБХҒО баспасөз қызметі
8(727) 269 69 52