13 қазан күні Алматыда «Жас зерттеуші: заманауи педиатрия және балалар хирургиясы дамуының сын-тегеуріні мен келешегі» атты тақырыпта докторанттар, магистранттар мен резиденттердің халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Дәстүрге айналған конференция биыл алтыншы рет өткізілді.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен «Педиатрлар Одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен оффлайн және онлайн түрінде өткен шараға 300-ден астам жас дәрігерлер қатысты.
Шараны өткізудегі басты мақсат - жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру, жас дәрігерлерге жұмыс тәжірибесімен және алғашқы ғылыми зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісу мүмкіндігін беру, педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы инновациялар бойынша жас ғалымдар арасында тығыз халықаралық қарым-қатынасты орнату, жас мамандарды ғылыммен айналысуға шақыру.
Конференцияның ашылуында ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті директорының орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Әйгерім Оспанова, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетітің проректоры, медицина ғылымдарының кандидаты Светлана Сұлтанғазиева жас ғалымдарға ақ тілектерін арнап, медицина ғылымы мен тәжірибесінің заманауи дамуы жас ғалымдардың ғылыми әлеуетінсіз мүмкін емес екендігін атап өтті.
«Мемлекет жас ұрпақтың білімді болуына, ғылыммен айналысуына, ана мен бала саулығына үлкен көңіл бөлуде. Бүгінгі жастар, жас мамандар жаңа технологияларды дамытуды қолға алуы керек, жасанды интеллектен хабардар болуы керек. Осы шараның өтуіне мұрындық болып отырған Педиатрия орталығының 90 жылдық бай тарихы бар. Жылына 6000-нан аса бала ем алатын орталықта жаңа заманауи емдеу технологиялары, диагностикалау, емдеу тәсілдері, жаңа операциялар енгізілуде. Ғылыми орталықта балалар хирургиясы, урология, онкогематология мектептері қалыптасқан. Оның басында мықты дәрігерлер, корифейлер тұр. Құрметті, жас ғалымдар, Сіздер осы жолды жалғастырып, бастамаларды алып кетулеріңіз керек. Елімізде жылына 4000 бала дүниеге келсе, келесі жылы 20 млн. болатын күн алыс емес. Балалардың саулығы, ел болашағы – Сіздердің қолдарыңызда», деп атап өтті Светлана Сұлтанғазиева.
«Қазіргі уақытта Қазақстан ғылымында, атап айтқанда медицина ғылымында өзгерістер жүріп жатыр. Ғылыми зерттеулерді мемлекеттік қолдаудың, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың және технологиялар трансферінің түрлі құралдарын сынақтан өткізу жүргізілуде, ғылыми кадрларды даярлаудың түрлі бағдарламалары енгізілуде. Ғылымды одан әрі дамыту перспективасында жас ғалымдарға маңызды орын беріледі. Сондықтан ғылыми дағдыларды, ғылыми пікірталасқа қатысу тәжірибесін студенттік сәттен қалыптастыру керек. Біздің жыл сайынғы конференциямыз дәл осы сұрауға жауап береді. Конференция мақсаттарының бірі резиденттер, магистранттар және басқа да жас дәрігерлер арасында ғылыми-зерттеу қызметіне қызығушылықты дамыту, ғылыми-зерттеу тәжірибесін қалыптастыру», дейді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрағасының ғылыми және инновациялық қызметтер жөніндегі орынбасары Лязат Манжуова.
Бірнеше залдарда өткен алаңда балалардағы ауруларды емдеу мен диагностикалаудың заманауи әдістері, балалардағы кейбір аурулардың эпидемиологиясы, педиатриядағы өзекті мәселелер, балалар хирургиясының заманауи мүмкіндіктері мен даму перспективалары, педиатрия және балалар хирургиясын дамытудың ғылыми және практикалық аспектілері, балалар денсаулығын сақтау қызметіне инновациялық технологияларды енгізу, балалардағы туа біткен ақауларды диагностикалау және хирургиялық емдеу мәселелері және тағы да басқа педиатрия және хирургия саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Конференцияда жас ғалымдар ғылыми зерттеулерімен бөлісе отыра, практикадағы ерекше клиникалық жағдайларды ортаға салды. Конференция балалар жасындағы ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алудың негізгі мәселелерін қамтуға мүмкіндік берді. Әр түрлі жоғары оқу орындары мен елдердің жас делегаттары педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Халықаралық деңгейде өткен конференцияда педиатрия және хирургия саласы бойынша 200-ден астам ғылыми жұмыстар, арнайы баяндамалар, мақалалар және постерлік баяндамалар ұсынылды. Ғылыми жобаларды педиатрия және хирургия саласының білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы саралады. Конференция соңында ұсынылған жұмыстар «Үздік баяндама» (педиатрия және балалар хирургиясы саласы бойынша), «Үздік мақала», «Үздік постерлік баяндама» аталымдары бойынша анықталып, арнайы дипломдармен марапатталды.
Үздік баяндамалар мен ғылыми мақалалар «Педиатрия және балалар хирургиясы» ғылыми журналында жарияланатын болады.
«Педиатрия және балалар
хирургиясы ғылыми орталығы»
баспасөз қызметі
8(727) 269 69 52
#Педиатрия
#конференция
#балалархирургиясы
#медицина
#Педиатрияорталығы
#жасғалымдар