Көрмеде денсаулық сақтау саласындағы соңғы жетістіктер, аурулардың алдын алу, тиімді емдеу әдістері, сондай-ақ әлемдік медицинадағы соңғы технологиялар мен заманауи қызметтер ұсынылды.

Оған әлемнің 17 елінен: Түркия, Польша, Греция, Германия, Израиль, Үндістан, Финляндия, Таиланд және басқа елдердің медициналық мекемелері мен денсаулықты оңалту орталықтарының өкілдері қатысты.

Көрме «United Expo» компаниясының демеушілігімен Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан және Беларусь Республикасының жетекші қауымдастықтары мен денсаулық сақтау министрліктерінің қолдауымен өтті. Екі күнге созылған көрме медициналық туризм саласындағы білім мен тәжірибе алмасу алаңына айналды.

«Бұл бірегей іс-шара бүкіл әлем бойынша денсаулығын жақсартуға және жақсырақ медициналық шешімдерді табуға ұмтылатындар үшін мол білім, инновация және мүмкіндік береді», - дейді «United Medical Tourism Expo» көрмесінің ұйымдастырушылары.

Көрмеге Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы да қатысып, Орталық баннер мен бейнероликтер арқылы өз қызметін таныстырды.

Іс-шараның ресми ашылуына Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының дәрігерлері де қатысты. Басқарма төрағасының ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі орынбасары, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс Бас балалар онкологы және гематологы Ләзат Манжуова «Қазақстандағы балалар онкологиясы мен гематологиясының даму болашағы» тақырыбында баяндама жасады. Ал, Орталықтың Хирургиялық блок басшысы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс Бас балалар хирургі Константин Хаиров еліміздегі балалар хирургиясындағы инновациялық технологиялармен таныстырды.

United Medical Tourism Expo – медициналық және сауықтыру туризміндегі әлемдік көшбасшыларды біріктіретін басты салалық іс-шара.

Шараның мақсаты – денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерді халыққа жеткізу. Іс-шара заманауи денсаулық сақтау саласындағы соңғы жетістіктерді, аурулардың алдын алуды, тиімді емдеуді, соңғы технологияларды және әртүрлі елдердің ауруханалары мен зертханаларында, сондай-ақ жаһандық медицина секторында қолжетімді соңғы қызметтерді көрсетеді.