Бүгін, 20 шілде күні Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми  орталығының бас ғылыми қызметкері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, тұңғыш рет елімізде балалар онкогематология бөлімін ашуға мұрындық болған, еліміздегі онкогематология саласының алғашқы ғылым докторы, білікті балалар онколог/гематологы, отандық педиатрияның корифейі Омарова Күлән Омарқызы мәңгілік сапарына аттанды.   

Ғасыр індетіне айналған онкологиялық ауруды емдеп, талай бүлдіршінге қуаныш сыйлаған профессор Күлән Омарова медицина саласында 58 жылдан астам уақыт қызмет етті. Ардагер дәрігердің Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында қызмет жасағанына биыл 52 жылдан асқан еді. Орталықта 16 жыл бойы Ғылым бойынша директор орынбасары қызметін атқарды. 

 

Күлән Омарова 15 сәуір күні, 1944 жылы дүниеге келген. Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол ауылының тумасы. Алматы мемлекеттік медицина институтын (1967, қазіргі Қазақ ұлттық медицина университеті) бітірген.

Ардагер дәрігер алғашқы еңбек жолын Нарынқол ауданынында педиатр-дәрігер болып бастаған. Әр жылдары ол кіші, аға ғылыми қызметкер, ғылыми хатшы, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. Содан бергі ғұмырын Күлән Омарқызы бала саулығына, еліміздегі балалар денсаулығын нығайтуға арнады. Директордың ғылым жөніндегі орынбасары қызметінде жүріп Күлән Омарқызы педиатрияның басым және өзекті ғылыми бағыттарын дамытуға, жоғары мамандандырылған кадрларды даярлауға және тәрбиелеуге үлкен үлес қосты.

Омарова К.О.  кандидаттық және докторлық диссертациясын Мәскеу қаласындағы  Педиатрия институтында қорғады. Профессор К.О.Омарованың негізгі ғылыми зерттеулері, оның ішінде диссертациялық жұмыстары ауыр да күрделі онкогематологиялық аурулар проблемасына арналған. 

Елімізде осы саланың жалғыз маманы болған Омарова К.О. республикада бірінші болып, бір емес екібірдей онкогематология орталықтарын ашуға мұрындық болды. Күлән Омарқызы бірінші гематология бөлімін 1989 жылы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында ашса, екінші орталық та осы жерде Германияның КЭР-Германия қайырымдылық ұйымының қолдауымен Республикалық балалар онкогематологиялық орталығы ретінде 1993 жылы ашылды. Бұл орталықтар қатерлі дертке шалдыққан қаншама мың балалар мен олардың ата-аналарына үміт отын сыйлады. Бірақ, бұл жетістік бірден және оңай жолмен келе қойған жоқ. Күлән Омарқызы сонымен қатар, 2010 жылы Астана қаласындағы Ана мен бала ұлттық ғылым орталығында 40 орынға арналған тағы бір онкогематология бөлімін ашуға себепкер болды, бөлім қызметін үйлестірді.   

2012 жылы Қазақстанда бірінші рет Күлән Омарқызының бастамасымен онкогематологиялық патологиясы бар балаларды емдеудің жоғары технологиялық әдісі - дің жасушаларын гемопоэздік трансплантациялау енгізілді. Педиатрия орталығында жасалған бұл ота медицинаның ішіндегі  ең жоғарғы технология саналады. 

Күлән Омарқызы 21 жыл бойы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің гематология бойынша штаттан тыс Бас маманы болды. Оның ғылыми жетекшілігімен 23 кандидаттық және 5 докторлық диссертация қорғалды. Күлән Омарқызы тек мінсіз дәрігер маман ғана емес, сондай-ақ мықты шәкірт дайындаған ұстаз бола білді. Ол көптеген жас мамандарды онкогематолог   мамандығына үйретіп, шыңдады. Оның шәкірттері өзінің жолын қуған аса жоғары бағаланған мамандар болып, елдің ықыласына бөленуде. Шәкірттерінің барлығы педиатрия, гематология, онкология салалары бойынша еліміздің әр түпкірінде беделді қызмет атқарады. Бойында әйелге затына тән нәзіктік, мейірімділікпен қатар мықшегедей мінез,  ісіне деген адал беріктігі,  мықты қайрат, ерік-жігері шәкірттерімен қатар барша жас мамандарға үлгі болып қала бермек. 

Бар ғұмырын онкогематология саласын зерттеуге арнаған Күлән Омарқызы 300-ден астам мақаланың, екі монографияның, 30 әдістемелік нұсқаулардың, 20 өнертабыстың авторы. Оның көпжылдық еңбек тәжірибесінің нәтижелері халықаралық және республикалық конференциялар  баяндамаларында  көрініс тапты. Профессор К.О.Омарованың іскерлік байланыстарының арқасында   ТМД елдері онкологиялық орталықтарымен, Жапония, Корея, АҚШ, Чехия, Беларусь, Ресей және т.б. шет елдермен байланыс орнатылды.

Қатерлі ісікке шалдыққан балаларды күту мен емдеуде көрсетілген айырықша еңбегі мен біліктілігі үшін профессор Омарова К.О. балалар онкологтарының халықаралық ұйымының (SIOP) мүшесі болып сайланды.

Профессор Омарова К.О. қатерлі дертке шалдыққан балалар тағдырына алаңдап, Қазақстанның қиын кезеңдерінде балалардағы онкогематологиялық аурулардың күрделі де өзекті мәселелерін шешуге атсалысып, балалар саулығы жолында аянбай тер төкті. 

Күлән Омарқызы өмірінің соңғы күніне дейін клиникалық, ғылыми және педагогикалық қызметін жалғастырып, стационарда және амбулаториялық қабылдауда ауыр науқастарға кеңес беріп, жас дәрігерлермен және ПБХҒО-ның резиденттерімен күн сайын өз тәжірибесімен және білімімен бөлісіп келді. 

Күлән Омарқызы Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын, балалар саулығын сақтау ісіндегі ерен еңбегі және қызметіне адалдығы үшін  1992 жылы «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі», 1999 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген  қызметкері» төс белгісімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен (2001), «Жыл дәрігер-ғалымы» республикалық байқауының жеңімпазы (2002), «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен (2013), «25 жыл» мерекелік медалімен, 2015 жылы «Құрмет» орденімен,  2024 жылы «Ұлттық медицина қауымдастығы» РОО жоғары наградасы Гиппократ орденімен және «Ардагер» медалімен, сонымен қатар көптеген Алғыс хат және Құрмет грамоталарымен марапатталған. Бұл білікті дәрігер еңбегінің жемісті жетістігі еді. 

«Ел алғысына бөленген адам ең бақытты жан. Әрбір абырой-беделі үлкен дәрігердің бақыты да, мұраты да осы емес пе?!!», деген еді Күлән Омарқызы бір сұхбатында. 

Өз мамандығының қыр-сырын жетік игеріп, көптің қошеметіне бөленген, еңбек жолын қатардағы дәрігерден бастап, лауазымды қызметкер дәрежесіне дейін жеткен К.Омарқызы балалар саулығына,  денсаулық сақтау мен балалар онкогематологиясы саласының дамуына, Педиатрия орталығының өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып, зор еңбек сіңірді. Жоғары санатты дәрігер өзінің көп жылдық адал еңбегі, ұстаздық, жоғары іскерлік қасиеттерімен үлкен құрметке ие болды. Бар ғұмырын балаларды емдеуге арнаған дәрігердің еңбек жолы көпке үлгі болып қалары сөзсіз.

Жақсы дәрігерге керек басты қасиеттердің бірі — терең білім болса, екіншісі — үлкен жүрек. Осы екі қасиетті өз бойында дарыта білген және  бар өмірін осы салаға арнаған Күлән Омарқызы қызметіне адал, балаға деген шексіз махабаттың иесі, өз еңбегінің жемісін көре алған дәрігер.  Күлән Омарқызы - бар бүкіл болмысымен дәрігер бола білген жан, онкогематология мамандарын даярлауда өз мектебін қалыптастырып үлгерген білікті дәрігер, талай сырқаттың сауығуына себепші болған, күллі саналы ғұмырын медицина саласына арнаған жан. Медицина саласының «Аңыз адамына» айналған медицина ғылымдарының докторы Күлән Омарқызының  ел ғылымы мен денсаулық сақтау саласына қосқан зор үлесі,  бала өмірін сақтау мен құтқаруға қосқан баға жетпес ерен еңбегі туралы әлі талай кітаптар мен зерттеулер уақыт еншісінде қала бермек деп білеміз.

Халқымызда «Жақсының аты, ғалымның хаты» өлмейді деген қанатты сөз бар. Профессор Күлән Омарқызының артына қалдырған ұстаздық ұлағаты мен мол ғылыми мұралары – осының айқын дәлелі. Оның ғылым жолындағы төккен тері мен атқарған ерен еңбегі, ізденісте болған жас ғалымдар мен мыңдаған шәкірттеріне шашқан шуағы  ешқашан ұмытылмайды. Қазақ медицинасына өлшеусіз үлес қосқан алып тұлғаның есімі медицина тарихында алтын әріптермен жазылары сөзсіз. Күні кеше ғана сексеннің сеңгіріне келген Күлән Омарқызының бүгін ортамызда жоқ екендігі қабырғамызды қайыстырды. 

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми  орталығының басшылығы, ұжымы мен шәкірттері Күлән Омарқызының отбасына, туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Күлән Омарқызының жарқын бейнесі жадымыздан ешқашан өшпек емес.