Жыл сайын елімізде жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» атты республикалық қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады. Акцияның басты мақсаты – барлық баланың мектепке баруына жағдай жасау, олардың толыққанды білім алуына мүмкіндік туғызу. Бұл тек материалдық көмек қана емес, сонымен бірге балалардың болашағына деген сенімділік пен мотивация сыйлайтын маңызды әлеуметтік жоба.

Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Кәсіподақ ұйымы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отырған 48 балаға  20 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтарды табыс етті. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі 11 балаға да қаржылай (20 мың тг.) көмек көрсетті.

«1- қыркүйек кез келген бала мен бүлдіршіннің өмірі үшін маңызды жайт. Әсіресе, мектеп табалдырығын енді аттаған бала мен ата-ана үшін орны ерекше. Биыл да біз дәстүр бойынша Орталықта қызмет жасайтын мамандардың бірінші сыныпқа баратын балаларына сыйлық жасадық. Игілікті шара мектеп табалдырығын аттағалы отырған әр балаға мерекелік көңіл-күй сыйлап, жаңа қарқын, білімге деген құштарлық пен сүйіспеншілік ұялататыны сөзсіз деп білеміз. Өз атымнан және Орталық ұжымы атынан балалардың  білімге басқан қадамдарымен құттықтаймын! Зейіні мен зерделері ашылсын, озат оқушы, білімді де білікті азамат болсын деп тілейміз! Болашақтары жарқын болсын!», деді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Кәсіподақ ұйымының төрайымы Нұрбибі Жақауова.