25 қазан ұлттық мереке - Республика күні. Айтулы күн аясында балалар денсаулығын нығайту жолында елеулі еңбек сіңіріп, денсаулық сақтау ісін дамытуға айырықша үлес қосып келе жатқан Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының дәрігерлері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жоғары наградаларымен марапатталды.

Медицина саласының үздіктерін орталық басшысы Абай Құсайынов марапаттап, барша қауымды еліміздің егемендігі туралы Декларация қабылданған Республика күнімен құттықтады және балалар саулығы жолында еңбек етіп жатқан ақ халатты абзал жандардың ерен еңбектерін атап өтті.

«Еңбек ардагері» медалімен 40 жылдан астам ғұмырын балалар саулығына арнап келе жатқан мейірбикелер: Гүлбану Омарова, Гүлнар Ердембекова, Мария Қоразова марапатталып, құрметке бөленді.

Балалар денсаулығын сақтау саласындағы жемісті еңбегі мен денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін берілген Құрмет грамоталарымен: балалар онкогематологы Зухра Хашимова, мейірбике Динара Талипова, шаруашылық бике Сайлаухан Қиықбаева марапатталды.

Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі мен мінсіз адал еңбегі үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Алғыс хатымен: балалар уролог дәрігері Әсел Сағымбаева, эндоскопист дәрігер Магда Курбанова, провизор Мәдина Тұрлығожа марапатталып, ерекше сый-құрметке бөленді.

Сонымен қатар, салтанатты жиын барысында Орталық эпидемиологы Жанна Тынысбекова, балалар хирургы Мөлдір Қалабаева, экономист Динара Сқақова, Сәулелі диагностика бөлімінің меңгерушісі Сүндет Саргелов, №1 онкология бөлімшесінің мейірбикесі Ақкенже Қойшыбаева «AMANAT» партиясының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Ерен еңбектері бағаланып, еңбегі еленген барша марапат иелерін құттықтаймыз!

Еліміздің көк туы әрдайым биікте желбірей берсін! Егемендігіміз баянды болсын! Жарқын болашақ, елдің ертеңі - жас ұрпақтың денсаулығын емдеу мен медициналық көмек көрсетуде қосар үлестеріңіз мол болсын!