Бүгін, 2 наурыз күні Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері клиника ұжымымен кездесті.
Конституцияның жаңа жобасын талдауға арналған талқылауға «AMANAT» партиясы Бостандық аудандық филиалының төрағасы – Сәбен Тынышқали, ҚР Халық әртісі – Алтынбек Қоразбаев, қоғам қайраткері – Роза Кәрібжанова, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінің ғылым және корпоративтік даму жөніндегі проректоры – Ержан Көлдеев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің деканы – Уалихан Ахатов, Педиатрия орталығының Басқарма төрағасы – Абай Құсайынов қатысты. Кездесу барысында медицина қызметкерлері спикерлермен еркін форматта пікір алмасып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Тараптар алдағы өзгерістердің маңыздылығы мен қоғамдағы рөлін талқылады.
Жиында Ата Заң жобасының азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған негізгі ережелері түсіндірілді.
Қоғам қайраткері Роза Кәрібжанова кездесуде жобаға енгізілген жаңашыл нормалар мемлекеттік басқару ісінің неғұрлым серпінді әрі заманауи моделіне көшуге, цифрландыруды күшейтуге, адам капиталын, денсаулық саласын, білімді, ғылымды және инновацияларды дамытуға бағытталғанын атап өтсе, ҚР Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев Ата Заң жобасы қоғамның өзекті сұранысын айқындап, азаматтардың тұрмысын жақсартуға және мемлекеттің орнықты дамуына бағдарланғанын айтты.
«AMANAT» партиясы Бостандық аудандық филиалының төрағасы Сәбен Тынышқали:
- «Қазақ халқы ежелден заң мен тәртіпке ерекше мән берген. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» – соның айқын дәлелі. Сол дәуірлердің өзінде-ақ әділдік, жауапкершілік, ел бірлігі басты қағида болған. Бүгінгі Конституция – сол тарихи сабақтастықтың заманауи жалғасы.
Ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы әділ қоғам құруды басты мақсат етеді. Онда адам және оның құқықтары – мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде нақты айқындалады. Бұл – ата-бабамыз аманат еткен әділдік ұстанымының қазіргі құқықтық көрінісі, жай ғана декларация емес, ел дамуының стратегиялық бағдары», деп атап өтіп, Жаңа заңда енгізілген басымдықтарға тоқталды.
Жиында негізгі назар жаңа Конституцияда бекітілген мемлекеттің әлеуметтік сипатына, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, еңбек кепілдіктері мен әлеуметтік қорғау мәселелеріне аударылды.
Кездесу соңында Коалиция өкілдері дәрігерлердің сұрақтарына жауап беріп, 15 наурыз күні өтетін референдумға бір кісідей қатысуға шақырды.
#референдум
#Конституция
#Педиатрияорталығы


