ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында болып, медициналық ұйымның жұмысымен танысты.
Министр бастаған делегация қатарында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Шоранов, «KAZ Minerals Management» компаниясының Басқарма төрайымы Айжан Балабатырова болды.
90 жылдық тарихы бар Педиатрия орталығында жылына жаңа туған нәрестеден бастап 18 жасқа дейінгі Қазақстанның әр өңірлерінен 7000-нан астам бала тәулік бойы және күндізгі стационар жағдайында мамандандырылған және жоғары деңгейде қажетті медициналық көмек алады.
Заманмен бірге дамыған Орталық бүгінгі таңда үш блоктан: педиатриялық, хирургиялық және балалар онкологиясы және гематологиясы орталығынан тұрады. Сонымен қатар 4 жан сақтау бөлімшесі, трансфузиология және аферез бөлімдері, ең үздік заманауи зертханалар бар. Мұнда ұйымдастырушылық-әдістемелік, білім беру және ғылыми қызмет те жүзеге асырылады. Орталық Қазақстандағы педиатрия қызметінің негізгі үйлестірушісі болып табылады.
Кездесуде Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрағасы Абай Құсайынов клиниканың қызметімен таныстырып, жетістіктерімен және даму жоспарымен бөлісті.
Орталықта 16 түрлі жоғары технологиялық қызмет көрсетіледі. Жаңа әдістер қатарында лапароскопиялық Геллер кардиомиотомиясы, аортаның қос доғасын жою, сол жақ қарынша шығу жолының стенозын түзету, аорталық клапанды протездеу, лазерлі литотрипсия және уретра тарылуын лазермен емдеу тәсілдері бар.
2025 жылы Орталықта еліміздің барлық өңірінен 7360 бала ем алды. Оның ішінде 2300-ден астамы жаңа туған нәрестелер. 2025 жылы республикалық Орталықта 2300-ден астам хирургиялық операциялар жасалды. Нақтырақ айтсақ, қатерлі ісікке 418 операция, жүрек пен қан тамырлары ауруларына 401 операция, урологиялық сырқаттарға 700-ге жуық ота болды. Сонымен қатар, 150-ден астам жаңа туған нәрестеге ашық жүрекке операция жасалды.
Ақмарал Шәріпбайқызы алдымен операциялық ангиография мен сәулелік диагностика бөлімінің (КТ, МРТ) жұмысымен танысты. ПБХҒО-ның сәулелік диагностика бөлімінде балаларға жылына 45000-нан астам зерттеу жүргізіледі. Оның ішінде КТ зерттеу – 5000, МРТ зерттеу – 3500.
Заманауи операциялар жасалатын ангиографиялық ота залында қан тамырлары мальформацияларына, веноздық, лимфа және артериовеноздық және т.б. қан тамырлары дамуының ауытқулары, СИАХТ сынды минималды инвазивті араласу принциптеріне негізделген бірегей оталар жасалады.
Министр бастаған делегация одан кейін трансфузиология бөлімшесінің, ГДЖТ, Орталық зертханасының жұмысымен танысты. Клиникалық-диагностикалық зертхана құрамына - цитология, иммунология, гистология және иммуногистохимия зертханалары, цитогенетикалық зертхана, гемостаз зертханасы, бактериологиялық зертхана кіреді. Орталықтың зертханалық қызметі орталық пациенттерінің жағдайын кешенді диагностикалау мен бақылауды қамтамасыз етеді және елдің басқа медициналық ұйымдары үшін көптеген зерттеулер жүргізеді. Заманауи ПТР және ағынды цитофлуометрия әдістері ауруды ерте анықтап, ем нәтижесін бақылауға мүмкіндік береді.
Гемопоэздік дің жасушалар аферезі кабинетінде министр дің жасушаларын алу, дайындау және трансплантациялау процесімен танысты. Орталықта гемопоэздік дің жасушаларды трансплантациялау сияқты жоғары технологиялық әдіс 2012 жылдан бері белсенді дамып келеді. 2025 жылы 58 трансплантация жасалды, оның ішінде 18 аутологиялық, 8 гаплоиденттік, 31 аллогендік трансплантация, оның ішінде туыстық емес донорлардан 12 трансплантация жасалды.
Содан кейін, кардиохирургия бөлімі мен кардиохирургиялық науқастарға арналған жан сақтау және қарқынды емдеу бөлімшесі сияқты клиникалық бөлімдерін аралап көріп, жұмыстарымен танысты.
ПБХҒО-ның кардиохирургия бөлімі 2012 жылдан бастап жұмыс істейді. Жыл сайын бөлімде туа біткен жүрек ақаулары және шеткі қан тамырларының туа біткен ақаулары (артериовенозды, венозды, лимфавенозды, лимфа мальформациялары) бар 600-ден аса балаға ота жасалады. Кардиохирургияның жан сақтау және анестезиология бөлімшелері ТЖА және туа біткен ангиодисплазиясы бар балаларға жоғары мамандандырылған көмек көрсетеді.
Кездесуде әртүрлі мәселелер, соның ішінде Қазақстанның педиатриялық қызметінің және Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының проблемалары мен даму перспективалары, атап айтқанда клиниканың материалдық-техникалық мүмкіндіктері, ғылым, медицина қызметкерлерінің проблемалары және балаларға медициналық көмек көрсету кезінде туындайтын негізгі мәселелер талқыланды. Біздің Орталықтың өңірге ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсету орталығы ретіндегі рөлі, нәрестелер өлімі, туа біткен ақауларды диагностикалау және емдеу мәселелері қозғалды.
Кездесу соңында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова балалар дәрігерлері мен барша қызметкерлерге балалар саулығы жолында аянбай қызмет атқарып жүрген еңбектері үшін алғысын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.
#кездесу
#министр
#Педиатрияорталығы
#баласаулығы


