Бүгін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында 12 мамыр - Халықаралық Мейіргерлер күніне орай «Мейірімділік — өмір шырағы» атты салтанатты жиын өтті.
12 мамыр — тек күнтізбедегі айтулы күн емес, бұл — өзгенің жанына шуақ сыйлап, өміріне үміт ұялататын жандардың төл мерекесі. Бұл күн бүкіл әлемде медицина саласында еңбек ететін мейірбикелердің еңбегін құрметтеу үшін аталып өтеді. Педиатрия орталығында қазіргі таңда 300-ден астам медбикелер мен мейірағалар балалар саулығы жолында аянбай қызмет етуде.
Шараның ашылу салтанатында барша мейіргерлерді кәсіби мерекелерімен Орталық басшысы Абай Құсайынов, Бас дәрігер Гүлмира Алтынбаева, Басқарма төрағасының ғылыми және инновациялық қызметтер жөніндегі орынбасары Лязат Манжуова және Бас мейірбике Эльза Майкоржунова құттықтап, ақ жарма тілектерін білдіріп, ауыр да жауапты қызметтеріне алғыстарын айтты.
- «Мейірбике — дәрігердің сенімді серігі, науқастың қамқоршысы. Мейірбикенің жұмысы — бұл тек емшара жасау емес, бұл — үлкен жауапкершілік пен жанашырлық. Сіздердің адал еңбектеріңіз, шексіз мейірімдеріңіз бен жоғары жауапкершіліктеріңіз — денсаулық сақтау саласының басты тірегі. Бүгін ерен еңбегімен дараланған мейіргерлерді құрметтейтін күн. Әрбір науқасқа жан жылуын сыйлап, қамқорлық танытып жүрген еңбектеріңіз зор құрметке лайық. Мейірім мен жанашырлықтың символы болып жүрген барша мейірбикелерге алғысымыз шексіз!» , деп атап өтті Орталық басшысы Абай Құсайынов.
Әнмен өрілген мерекелік шара барасында ерен еңбегімен дараланған 30-дан аса мейіргер түрлі аталымдар бойынша марапатталды. Сонымен қатар, бірқатар мейіргерлер «Aqniet» кәсіподақ ұйымы атынан «Құрмет» грамоталары мен «Алғыс» хаттармен марапатталды.
Кеш ажарын ашқан «Қарасаз» дуетіне және мерекелік шараға қолдау көрсеткен Кәсіподақ ұйымына зор алғысымызды білдіреміз!
Бар мейірімі мен жан жылуын сыйлап, науқас жандардың тез жазылуына ықпал етіп жүрген барша МЕЙІРГЕРЛЕРДІ кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз!
Ерен еңбектеріңіздің жемісін көріп, ұлт саулығы жолында аянбай қызмет етіп етіп, алғысқа бөлене беріңіздер!
#Педиатрияорталығы
#Мейіргерлеркүні
#баласаулығы
#педиатрия


