Бүгін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қатерлі дертке шалдыққан балалар үшін «Бар мейіріміміз балаларға!» атты мерекелік шара өтті.
Айтулы мерекеге арналған шараны Педиатрия орталығының Бас дәрігер міндетін атқарушы Гүлбану Бердиярова ашып, барша қауымды келе жатқан Балалар күнімен құттықтады.
«Қымбатты балалар, құрметті ата-аналар, әріптестер және біздің қадірлі қонақтарымыз! Сіздерді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығымызда Халықаралық балаларды қорғау күнін бірге атап өтіп жатқанымызға өте қуаныштымыз! Біз - медицина қызметкерлері күн сайын біздің кішкентай емделушілеріміздің денсаулығы мен күлкісі үшін күресеміз. Бүгін сіздерді осы жерде көңілді, жүздеріңізден бақыт есіп тұрғанын көру — орталықтың бүкіл ұжымы үшін ең үлкен мәртебе және марапат. Айналайын, балалар! Сендер — осы қара шаңырақтың ең басты адамдарысыңдар. Сендердің көрсеткен ерік-жігерлерің мен қайсарлықтарыңнан кейде біз, үлкендер үшін де үлгі. Сендерге тезірек сауығып кетуді, мықты денсаулық, сарқылмас қуат пен үлкен табыстар тілейміз. Әрбір күндерің қуаныш пен шаттыққа толы болсын!
Бүгінгі мерекенің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан жандарға ерекше алғыс білдіргіміз келеді. Мұндай ауқымды іс-шараны ұйымдастыру — үлкен ортақ еңбектің нәтижесі. Құрметті біздің демеушілеріміз бен серіктестеріміз! Сіздерге ізгі жүректеріңіз бен жомарттықтарыңыз үшін рақмет. Сіздердің қолдауларыңыз балалардың тезірек сауығуына қажетті жылылық пен қамқорлық атмосферасын құруға көмектеседі. Балалық шақты қорғауға қосқан үлестеріңіз үшін Орталық атынан үлкен алғысымызды білдіреміз. Қауіпсіз, дені сау және бақытты балалық шақ қалыптастыру — біздің ортақ мақсатымыз. Мереке құтты болсын! Баршаңызға ашық аспан, бақ-береке және сәбилердің бақытты күлкісін тілеймін!», деп атап өтті Гүлбану Сансызбайқызы.
Жаздың алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін Балалар мерекесімен сонымен қатар, №3 Балалар онкологиясы және гематологиясы бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Булабаева, шараның өтуіне мұрындық болған жаны ізгі жандар: басты демеушілер - Шапағат Нұрпеисова, «Assylay» қайырымдылық қорының басшысы Айнұр Қылышбекова, Мақпал Айтжан құттықтап, ақжарма тілектерін білдірді.
Мерекелік шарада балалар түрлі ойындар ойнап, аниматорлармен би биледі. Саз балшықтардан бұйымдар жасап, қыш өнерімен танысты. Сонымен қатар, «Әлем балалар көзімен» байқауына қатысып, сурет салды. Балдырғандар аквагрим суретшілеріне өздері ұнататын мөлтек фильм кейіпкерлерінің бейнесін салдырды. Балалар үшін сондай-ақ лего ойындарынан шеберлік дәрістер, сабын шоуы, аниматорлармен фотосессиялар ұйымдастырылды.
Педиатрия орталығында ем алып жатқан балаларды қолдауға «Саурбек Рузуддинов» атындағы стоматологиялық колледжінің 1 курс студенттері де келіп, өнер көрсетіп, би шашуларымен балаларға мерекелік көңіл-күй мен қуаныш сыйлады.
Мерекелік шара соңында демеушілер тарапынан барша балаға сыйлықтар таратылды.
Педиатрия орталығында ем алып жатқан барлық балаға зор денсаулық, мол бақыт, бақытты балалық шақ, қуаныш пен шаттыққа толы жарқын өмір тілейміз! Балалар мерекесі құтты болсын!
Ауыр дертке шалдыққан балаларға мереке, қуаныш сыйлап, аты жаман ауруды жеңуге деген сенім ұялатуға ұмтылған шараның психологиялық көмегі зор деп білеміз.
Бұл тарапта мерекелік шараға атсалысқан барша демеушілерге, емхана клоуны Самат Рамазановқа және Педиатрия орталығының барлық тәрбиешілеріне зор алғысымызды білдіреміз! Биыл балалар үшін мереке «Assylay», «Help Today», «Амила» қайырымдылық қорларының, «IVI» компаниясының және т.б. көптеген ұйымдардың демеушілігінің арқасында ұйымдастырылды.
#Педиатрияорталығы
#ХалықаралықБалалардыҚорғаукүні
#Балаларкүні
#мереке


