16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні еліміздің ең басты ұлық мерекесі. Бұл күн – ата-бабамыздың қазақ елінің егемендігін, халқының азат өмір кешуін армандап кеткен тілегінің орындалған, көгімізде тәуелсіздік туы желбірген күн. Еліміздің егемендігін жариялаған күн. Осы Ұлы мақсат – тәуелсіздік жолында қаншама қазақтың тарлан тұлғалары қасық қаны қалғанша күресіп, жандарын құрбандыққа қиды, барлық білімдері мен күш-қайратын ел егемендігі үшін жұмсады. 1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң Еуразия құрлығының жүрек тұсындағы ежелден ұлы дала атанған ұлан-ғайыр өлкеде жаңа мемлекеттің дүниеге келгенін паш етті. Осы жылдар ішінде Қазақстан еңселі мемлекет болып қалыптасты. Еліміз әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен иық теңестіретін дәрежеге жетті. Көпұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар, қуатты экономикасы мен сенімді саяси жүйесі бар елге айналды.
Бүгін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында киелі де қастерлі мерекеге арналған жиын өтті. ҚР Мемлекеттік әнұранының орындалуымен ашылған салтанатты жиынды орталықтың басшысы Риза Боранбаева ашып, барша қауымды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
Тәуелсіздіктің мән-маңыздылығын атап өткен Р.Боранбаева: «Педиатрия орталығы отандық медицина саласында өзіндік орны бар мекеме. Біздің сонау құрылған уақыттан бергі басты миссиямыз - «Мәңгілік елді» жасаушы жас ұрпақтың денсаулығын қорғау мен нығайту. Жарқын болашақ, елдің ертеңі жас ұрпақтың денсаулығын емдеу мен медициналық көмек көрсетуде үлкен үлес қосып келе жатқан орталықта кәсібіне адал, талмай еңбектенетін, сарқылмас күш-жігерге ие, бүлдіршіндерге мейірімін төгетін нағыз абзал жандар, бала жанашырлары қызмет жасайды. Балалар денсаулығын нығайтуда ұжымның ерен еңбегі зор. Ата-бабаларымыздың алдында тәуелсіздік үшін күрес мақсаты болса, біздің алдымызда оны нығайта түсу, гүлдендіру мен дамыған елге айналдыру міндеті тұр. Осы міндетті абыроймен атқарып, әр ата-анаға бақыт сыйлап, бала денсаулығын қорғауға өз үлесімізді қоса берейік. Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіне ие болып, осындай мерейлі де бақытты шақта еліміздің гүлденіп, көркеюі жолында аянбай еңбек етіп жүрген замандастар, құрметті қауым мерейлі мерекеміз құтты болсын! Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік, ғұмыры ұзақ, мерейі үстем болсын! Баршаңызға береке-бірлік, жасампаз еңбек, толағай табыстар тілеймін!», деді.
Шара барысында балалар денсаулығын нығайту жолында елеулі еңбек сіңіріп, денсаулық сақтау ісін дамытуға айырықша үлес қосып келе жатқан орталықтың бірқатар дәрігерлері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жоғары марапаттарына ие болып, құрметке бөленді. Атап айтқанда, УДЗ және сәулелік диагностика бөлімшесінің УДЗ дәрігері Айгүл Айтбаева мен оперативті андрология қамтылған урология бөлімшесінің мейірбикесі Любовь Чукреева «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, күрделі соматикалық патологиялар және сауықтыру бөлімшесінің дәрігері Олег Мустафин«Еңбек ардагері» төсбелгісімен, №3 балалар онкологиясы бөлімшесінің меңгерушісі Гаухар Нұржанова, пульмонология бөлімшесінің мейірбикесі Замзагул Утебалиева мен УДЗ және сәулелік диагностика бөлімшесінің дәрігері Амангүл Тайнекова ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен, Желдету жүйесін күту жөніндегі инженері Юрий Васютенко, Жансақтау және қарқынды емдеу бөлімшесінің реаниматолог-анестезиолог дәрігері Данияр Құсайынов пен клиникалық-диагностикалық зертханасының санитаркасы Ұлжалғас Әбен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты жиында сонымен қатар, орталықтың 5 қызметкері:функционалдық диагностикалау бөлімінің дәрігері Айжан Нұрханова, клинико-диагностикалау зертханасының дәрігер-зертханашысы Жанаргүл Күлетаева, кір жуу қызметінің меңгерушісі Гүлнар Гулахмедова, қызметтік бөлмелердің тазалаушысы Гүлжанат Билибаева, №3 онкология бөлімінің шаруабикесі Фарида Әкімғожаева “Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігінің (Алматы филиалы) Құрмет грамотасымен марапатталды. Айтулы марапат денсаулық саласымен қатар, кәсіподақ қозғалысына сіңірген еңбегі мен қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқандары үшін берілді.
«Мен - қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деген атпен өткен мерекелік жиын соңы біліктіліктерін жетілдіріп, білімін тәжірибемен ұштастырып жүрген резидент-жас мамандардың ұйымдастыруымен шағын концерттік бағдарламаға ұласты. Онда ұрпағына жарқын болашақ сыйлап кеткен ұлы бабаларымыздың өлеңдері оқылып, рух беретін, ел, туған жерге арналған әндер шырқалды. Жас дәрігерлер сонымен қатар өздері шығарған туындыларын оқып, жырдан шашу шашты.
Қазақ елінің тізгінді өз қолына алғалы көшіміздің түзу, көкжиегіміздің шуақты, бағытымыздың айқын екендігіне бүгінгі тұрақтылық пен татулықтың сарабдал жолы куә. Тәу етер тәуелсіз елдің бет алар бағыты айқындалып, осы уақыт аралығында жаны дархан, көкірегінде оты бар жас ұрпақ өмірге келді. Бүгінгі ұрпақ – бақытты ұрпақ. Халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күнді жас ұрпақ жанымен түсініп, қастерлі мерекенің мәнін түсінсе дейміз. Бұл күн – елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, өткенге деген тағзымды салауат пен болашаққа деген сенімді үміттің мерекесі. Еліміздің көк туы әрдайым биікте желбірей берсін! Әр отбасының гүлі, мәні мен сәні балаларымыз ешқашан ауырмасын! Егемендігіміз баянды, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
{gallery}News_15.12.2017{/gallery}